|    |  
26 сәуір 2019
22:47
қаз
Аяқ киім қажамас үшін
04 қаңтар 2019, 09:53 12


Жаңа аяқ киім алғанда міндетті түрде аяқты қажайтыны бәріміздің жүйкемізді тоздырады. Себебі ол әлі жұмсарып, кеңімеген, дұрыстап орнықпаған. Ал егер қажаудың алдын алсаңыз, көп қиналмайтыныңызға сенім мол. Осы кедергілерден арылудың бірнеше жолы бар. Өзіңізге пайдалы деп танығаныңызды жасап көріңіз.

Аяқ киіміңізді кеңейтіңіз:

Былғарыдан жасалған аяқ киімді ішінен дымқыл шұлық киіп, кеңейтуге болады. Сыртқа кимес бұрын осылай үйде біраз жүре тұрыңыз. Осы әдісті бірнеше рет қайталауыңызға болады.

Қалың шұлықты спиртпен дымқылдап, шұлығыңыз кепкенге дейін киіп жүріңіз. Алдыңғы әдістен спирттің артықшылығы – тез кебуінде. Демек, аяқ киім де тезірек кеңейеді. Есте сақтаңыз, спирт аяқ киімнің түсін өзгертіп жіберуі мүмкін. Ал жұмсақ тері - күдеріден жасалған аяқ киімдер үшін спирттің орнына сыраны пайдаланған дұрыс.

Беріктігі жоғары полиэтиленді пакетті суға толтырып алып, жақсылап жабамыз да, аяқ киімнің қатты қысатын жерлеріне мықтап кіргізіп, тоңазытқышқа қоямыз. Қатқан кезде судың көлемі ұлғаяды. Мұз болып қатқан соң пакетті алуға асықпаңыз. Ішіндегі суды қайта ерітіп басқа ыдысқа құйып алу оңайырақ болады. Бұл әдісті тек табиғи былғарыдан жасалған аяқ киімдерге жасау ұсынылады.

Былғарыны жұмсартыңыз:

Сүлгіні дымқылдап алыңыз да, аяқ киіміңіздің қорабын орап, түнге қалдырып қойыңыз. Қорап ішінде дымқыл атмосфера пайда болып, аяқ киіміңіз жұмсарады. Осындай жолмен ең қатты деген теріні де жұмсарту оңайға түседі.

Аяқ киімнің ең қатты жері – артқы тұсы. Осы жерді жаймен кішкене балғамен ұрып жұмcартсаңыз, өте күшті әсер береді. Былғарыны зақымдап алмас үшін шүберекпен жауып ұрыңыз.

Басқа да тәсілдерді қолданып көріңіз:

Аяқ киімді киер алдында ішкі бетіне кастор майын жағыңыз, бұл аяғыңыздың терісіне де өте пайдалы.

Аяқ киім күтіміне арналған өнімдер шығаратын компаниялардың арнайы аяқ киім тез орнығу үшін ұсынатын спрейі болады. Спрейді нұсқаулыққа сәйкес қолданып көріңіз.

Асығыс жағдайларда балалар кремін (кез келген майлы крем де жарайды) аяғыңызға жағып алыңыз.

Туфлиіңіздің қажайтын тұстарына балауыз немесе сабын жағып қойсаңыз, жүруге ыңғайлы болады. Бұл әдісті қайталап отыру керек.

Жоғарыдағы әдістерді орындауға уақытыңыз жетпесе, аяқ киімді киер алдында қажайтын жерге пластырь жабыстырып алыңыз.

Дереккөзі: "ПТ" топтамасынан 


Жаңалықтар