|    |  
11 желтоқсан 2018
07:25
қаз
​Аз әріпті 9 әңгіме
06 желтоқсан, 09:18 46


Бұл әңгімелердің қай-қайсысынан да толықметражды фильмге сценарий жазуға болады. Сиырқұйымшақтанбаған мелодрама, комедия, тіпті болмаса философиялық тәмсіл де жасалады. Деталь қосып, кейіпкерлерін дамытып, романның көлеміне жеткізуге де жарайды. Әйткенмен, олай етіп қажет емес. Қысқалық-талант.

1. Джейн Орвис. «Терезе»
Ританы желкесіне пышақ тығып, артынан айдап өлтіріп кеткелі, Картер тек терезе алдында отырады. 
Теледидар қарамайды, кітап оқымайды, ешкіммен хат-хабар алыспайды. Бар білері-перденің арғы жағынан көрінетін өмірге телміру. 
Тамақты кім әкелетіп, есеп-қисаптарды кім жүргізіп, кімнің төлейтініне түкіргені бар, бөлмесінен шықпайды. 
Көлбеңдеп жүгіріп жүрген спортшылар, жыл маусымдарының ауысымы, ызғыған автокөліктер, Ританың аруағы-көз алдынан кетпейтін бар өмірі осы ғана.
Ол өзі отырған бөлмеде терезенің жоқ екендігін, қабырғаларға айналдыра киіз жапсырылғанын түсінген емес.

2. Лариса Керкеленд. «Сөз салу»
Жұлдыздары жымың қаққан түн. Ең ұрымтал сәт. Балауыз шамдарының жарығымен нұрланған дастархан. Кешкі ас. Ұядай ғана итальяндық ресторан. Коко Шанель ұсынған кіп-кішкене қара көйлек. Қолаң шаш, күлімдеген көз, күміс күлкі. Екі жылдан бері біргеміз. Ғажап уақыт! Нағыз махаббат, адал дос, басқа ештеңе де емес. Шампан! Сыңар аяқ, жалғыз тіземмен тізерлеп, қолым мен жүрегімді қатар ұсындым. Адамдар қарап жатыр ма? Қарай берсін! Мың құбылған бриллиант көзі бар жүзік. Езуге үйірілген, әп-әдемі жымию. 
Қалайша, ЖОҚ?!

3. Чарльз Эрнайт. «Әруақ»
Болары болғаннан кейін, қайғылы хабарды әйеліме айтпақ болып, үйге асықтым. Алайда ол мені тыңдау тұрмақ, тіпті байқамады да. Пысқырып та қарамады. Дәл жанымнан қаға-соға өте шығып, ас үйден сусын құйып ішті. Теледидарды қосты.
Дәл сол аралықта телефон шырылдады. Орнынан тұрып, жақындап кеп, тұтқаны алды.
Сол мезетте түрінің өзгеріп сала бергенін көріп тұрдым. Дауыс сала, бақырып жылады.

4. Эндрю Э. Хант. «Ризалық»
Иығына жабулы жүн көрпені аз уақыт бұрын қайырымдылық қоры берген болатын. Бүгін ғана қоқыс жәшігінен тауып алған бәтеңке де аяғына құйып қойғандай, еш тарлық етпеді. 
Осынау суық қараңғылықтағы көшенің жылтылдаған оттары жанына жылу бергендей.
Бақтағы орындықтың арқалығы да қара жұмыстан әбден қатайған кәрі арқасына еш бөтендік етпей, майдай жағып барады. 
«Жаратқан ием, осының үшін мың да бір шүкір»,-деп шүкіршілік еткен ол, «өмір-ғажап ғой» деп ойлады.

5. Брайан Ньюэлл. «Әзәзілге не керек?»
Ібілістің өз жандарынан ілбіп басып, алыстап бара жатқанына қарап тұрған екі бала сол орындарынан жылжи алмады. Оның тірі жанды арбап алатын көздерінен қалған ұшқын-екеуін де әрі-сәрі күйге түсіріп, көз алдарын тұмандатып кеткен-ді.
-Тыңдаш, ол сенен не сұрады?
-Менің жанымды. Сенен ше?
-Телефон-автоматқа салатын тиын сұрады. Біреуге хабарласуы керек екен.
-Қарның аш па? кеттік. Тамақтанайық!
-Иә, ашпын. Бірақ, менде ақша қалмады.
-Ештеңе етпейді. Менде ақша жетеді.

6. Алан Е. Майер. «Қырсық»
Бүкіл денемді сырқыратып бара жатқан ауырудан ояндым. Көзімді ашсам, төсегімнің жанында медбике тұр екен. 
-Фуджима мырза, сіздің жолыңыз болды. Екі күн бұрын болған Хиросимадағы бомбылаудан аман қалдыңыз. Қазір емханада жатырсыз, енді сізге еш қауіп жоқ,- деді.
Еңсемді көтертпеген әлсіздіктен тілім бұратыла:
-Мен қайдамын?,-деп сұрадым.
-Нагасакиде,-деп жауап берді, ол. 

7. Джей Рип. «Тағдыр»
Ашу мен шаттық шатасып, шиеленісіп кеткен өмірізді реттеу керек болды. Бір ғана жол бар. Бәрін басынан қайта бастау. Тиын лақтырып, жеребе тастамақ болдық. Бүк болса, үйленеміз. Шік түссе, мәңгіге айырылысамыз. 
Жоғарыға шертілген тиын сылдыр етіп жерге түскеннен кейін, шыр айналып барып, жата қалды. БҮК.
Ырза емес кейіпте тиынға үңілдік.
Содан кейін екеуміз де бір дауыстан: «Қайта бір рет лақтырсақ бола ма?» дедік.

8. Август Салеми. «Заманауи медицина»
Шамдардың көз шағылыстырар жарқылы, құлақ тұндырар шақыр-шұқыр, жан шырқыратар ауыру, тән шыдатпас қақсау… одан кейін еліктіріп, бой жылытқан тұп-тұнық көгілдір түске боялған әлем. Джон өзін соншалық бақытты, сергек, еркін сезініп, сәуле шашқан шұғылаға қарай бағыт алған-ды… 
Сәлден кейін сыздау мен қара түнек қайта басталды. Ісіп кеткен қабақтарын ауырсына көтеріп, жаны қинала көзін ашты. Денесін ақ дәкемен орап, қай-қайдағы түтікшелерді тыққылап, гипстеп тастапты. Екі аяғы жоқ сияқты. Әйелі жылап тұр.
— Сені аман алып қалды, қымбаттым!

9. Роберт Томпкинс. «Ақиқатты іздеу»
Осы бір өркениеттен оңашаланып, шалғайда қалып қойған ауылдан ол өзінің іздегенін тапты. Әбден тозған үйшікте Ақиқат отыр екен.
Осыншалық қартайып, бетінен әрі кеткен мұндай ұсқынсыз әйелді бұрын соңды көрген емес.
-Сіз Ақиқатсыз ба?
Кіржиген кәрі қақпас аса бір маңғаздықпен басын изеді.
-Айтыңызшы, сонау сырттағы әлемге не дейін? Қандай хабар жеткізейін?
Кемпір болса алдында жанып жатқан отқа бір түкірді де, жауап берді:
-Оларға менің жап-жас әрі өте сұлу екендігімді айт.


Жаңалықтар