19 Август
22:42
Астана: 15 °C
Алматы: 17 °C
USD/KZT: 332.80
EUR/KZT: 390.57
RUB/KZT: 5.60
CNY/KZT: 49.88
Әлем жаңалықтары
14 шілде 10:19
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Балалы болған… балалар


Жыл сайын елімізде балиғатқа толмаған 3 мың ұл мен қыз некеге тұрады

…Оның өзі әлі бала. Бойжетіп те үлгер­меген. Әлі жасөспірім. Бірақ, соған қара­мастан, бұл «баланың» баласы бар.

Осы жерде мәселенің басын бірден ашып алайықшы. Жас деген ұғымға өзін жас сезінетіндердің барлығын жатқыза беруге болмайды. Жасөспірім деп неше жастағы­лар­ды айтамыз? ЮНФПА (Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның Халық саны саласындағы қоры – әйел­дер мен жастарға жыныстық және ре­про­дуктивтік денсаулығын сақтап, дені сау бала­ны дүниеге әкелу үшін олардың мүмкін­дік­терін кеңейтуге бағытталған БҰҰ-ның жетекші агенттігі) стандарттары бойынша жасы 12-19 аралығындағы қыз бала болсын, ер бала болсын жеткіншек.

Ал енді жылына 3 мыңға жуық жеткіншек неке­ге тұрады деген мәліметті қайдан алып отыр­­мыз деген сауалға жауап бермес бұрын, осы та­­қы­­рып­қа жетелеген салдарға тоқтала кетелік.

Жуырда ғана жоғарыдағы ЮНФПА журналистер арасында жас­өспірім қыздардың ре­продук­тивті денсаулығы жөнінде семинар өткізіп, оған бір күнімізді арнаған едік. Бізді бұл жиынға осыған дейін «Егемен Қазақ­станда» жарияланған «Бэби капут» немесе жануар­ларға арналған дәрі ішіп жатыры шірі­гендер» сынды және қыз баланың бақытына қатысты мақалалар жетелеп алып келген.

Сонымен, көкейкесті тақырып төңі­регінде нақты баяндамалар мен тұсау­кесерлер, зерттеулер мен сарап­тама­ларға қаныға отырып, БАҚ өкілдеріне қатты әсер еткен бір оқиғадан аттап өте алмайтынымыз анық еді. Семинар бағдарламасы бойынша жабық шілтердің ар жағында балиғатқа жетпей жүкті болған жеткіншекпен тілдесу де жоспарланған-ды.

Дәл семинар болатын күні біздің құпия кейіпкеріміз журналистермен кездесуден бас тартады да, семинарды ұйымдастырушылар аяқ астынан басқа жұмбақ қыз іздеуге мәжбүр болады. Іздейтін орын біреу. Алматыда «Ана үйі» деп аталатын қоғамдық қор бар. Ол жерде өмірдің түрлі сынағына душар болған өндірдей қыздар дүниеге түрлі жағдайда сәбиін әкелгенше әлеуметтік қамқорлықты, психо­лог­тардың көмегін пайдаланады. Осылай­ша, аяқ астынан табылған кейіпкермен семи­нар соңына қарай екі бөлмеде дауыс күшейт­кіш арқылы сөйлесудің сәті түсті. Қыз қазақтілді болғандықтан сұхбат жүргізу рөлі бізге бұйырды. Бұл өмірдегі ең ауыр әңгіменің бірі болатын. Бұл жағ­дай сұхбатқа келуден бас тартқан жүкті жасөс­пірімнің де жағдайынан сорақы екен.

Оның жасы 16-ға да толмаған. Мектепте оқиды. Ауылдың қарапайым баласы. Анасы жоқ, әкесі, туысқан әпкесі бар. Біз оған «Ая» деп ат қойдық.

Сонымен, Аяның айтуынша, ол да өз қатар­ластарымен ойсыз-қамсыз өсіп келе жатады. Бірақ, өзінен бірнеше жас қана «үлкен жігіт» көз тігіп жүреді. Бұл түйсігі бір нәрсені сезгендей қашқақтайды. Шақырған жеріне барудан бас тартады. Сосын ол болмаған соң, жалғыз кездесуге келгісі келмесе, құрбы қыздарымен қоса қыдыруға үгіттейді. Бір қызығы, бірге қыдыр­мақ болған достардың біреуі де келіскен жерге келмеген… Осылайша, ең ал­ғашқы кездесу де өтеді. Бастапқыда жігіт оғаш қы­лық көр­­сет­пегендіктен кейінгі кездесуге Ая ой­лан­бай-ақ барады. Бұл оның зорлық пен қор­лыққа ұшыраған алғашқы күні екен. Жігіт біреуге болған оқиғаны айтсаң, абыройсыз екеніңді жұртқа жаям, тағысын-тағылармен қорқытып, бірнеше ай жоқ болып кетеді.

Араға айлар салып қайта хабарласып, ең бол­маса сөйлесейік, тиіспеймін деген уәде­мен Ая кездесуге келеді. Ол жерде оны жігіті бірнеше достарымен күтіп тұрған еді…

Аяның қазір аяғы ауыр, ішінде төрт айлық баласы бар. 16-ға толмай дүниеге әкелетін баласының әкесі кім? Мұнан былайғы өмірі қандай болмақ? Ол неге бірінші рет зорлыққа ұшырағанда жанашыр бір адамнан көмек сұрамады? Ол неге өз намысын қорғау үшін де ұялды? Неге біздің жеткіншек қыздар өзін-өзі қорғап үйренбеген? Неге біз балаларды осындай зорлық-зомбылыққа душар болмауға баулымадық? Жүректі шымырлатқан сауал өте көп. Ақиқатында бұл сұхбат біз жоспарлағаннан да күрделі болатын.

Қарап отырсақ, кәмелетке жетпей жүкті бо­­­лып қалған, бойжетпей жатып түсік жасат­қан оқи­ғаларға қатысты түрлі статистика жа­­рия­­­­­ла­нып жатады. Алайда, оның дәлдігіне еш­кім ке­піл­дік бере алмайды. Оның ішінде жабу­­­лы қазан жабулы күйінде қалып жатқан жағ­­­­даят­­­тар­дың бар екендігін ескерсек, бұл көр­­сет­­­кіш­­тердің ешқайсысы да маңызды емес.

Ең бастысы – біз балаларымызды, ұрпа­ғы­мызды осындай қасіреттерден қорғап, әлім­жет­тік пен зорлыққа қарсы тұру ұят емес, өз құқығын білмеу қорлық екендігіне үйре­ту. Бұл жалғыз бізді алаңдататын жағдай емес. Мәсе­лен, жыл сайын 11 шілде күні бүкіл әлем Дүние­­жүзі­лік ха­лық саны күнін атап өтеді. Биыл бұл күн «Жасөс­пірім қыздардың дамуы­­на үлес қосу» тақырыбына арналғаны да бекер емес.

Өйткені, қазір әлемнің қай түкпірінде бол­масын, жасөспірім қыздар жасөспірім жігіт­терге қарағанда аса күрделі мәселе­лерге тап болуда. Көптеген елдерде жыныс­тық жетілу кезеңіне әлі жетпеген қызға отбасы және қоғам тұрмыс құруға, бала көтеріп, оны босану­ға дайын адам ретінде қарайды. Деген­мен, жасөспірім қыздың ағзасы бала тууға әлі дайын болмағандықтан, баланы босан­ғаннан кейін қатты жүдеп-жадайтыны белгілі. Бұл жерде дүние есігін шыр етіп аш­қан шарананың тәрбиесі туралы әңгіме тіпті бөлек. Осының нәтижесінде дұрыс білі­мі, денсаулығы жоқ, өз өмірін басқару үшін мүм­кіндігі шектеулі мұндай қыздар өз әлеуетін, армандарын іске асыра алмайтыны аян.

Осынау өзекті жайттарға қатысты ЮНФПА-ның Қазақстандағы атқарушы өкілі Райымбек Сейсемалиев: «БҰҰ-ның Халық саны саласындағы қоры мемлекеттік және сая­си шешімдерді қабылдайтын тұлғалардың, қоғамдық қайраткерлердің, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының назарын жаһандық деңгейде жасөспірім қыздардың мәселесіне аудартып, әсіресе, денсаулық сақтау және білім беру жүйелері арқылы жеткіншектердің дамуына салынатын үлесті арттыру үшін бүкіл қорларды жұмылдыруға шақырады», – дейді.

Ал енді ресми статистика деректеріне сәйкес, 15-19 жастағы жасөспірім қыздар арасындағы босану жиілігі 2014 жылы осы жас тобына жататын 1000 қызға шаққанда 34,72-ні құрап, 2011 жылдан бері ол тұрақты түрде артып келеді (29,4). Қазақстанда осы көрсеткіш Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдерге қарағанда алты есе жоғары. Аталған елдерде бұл көрсеткіш 1000 жасөспірім қызға шаққанда 4-тен 6-ға дейінгі аралықта. Жыл сайын 15-18 жас аралығындағы 1 мың қыздың ішіндегі 4-5 қыз түсік жасатады.

Әлемдегі жағдайға келсек, 10-24 жас аралығындағы 86 миллион әйел 18 жасқа дейін некеге тұрған немесе «жігітімен» бірге тұрады. Жыл сайын дамушы елдерде 15-19 жас аралығындағы 20 мың қыз бала босанады. Бағалау бойынша 15-19 жас аралығындағы қыздар арасындағы қауіпті түсік жасату көрсеткіші 3,2 миллионды құрайды. 15-19 жас аралығындағы қыздар арасындағы өлім-жітімнің басты себебі – өз-өзіне қол жұмсау. 15-19 жас аралығындағы қыздар арасындағы өлім-жітімнің екінші басты себебіне жүктілік және босану кезіндегі аурудың асқынуы жатады.

ЮНФПА бағдарламаларының үйлестіру­шісі Ғазиза Молдақұлова ханымның айтуынша, Қазақстанда жасөспірімдердің ре­про­­дук­тивтік денсаулығын сақтау күрделі мә­се­леге айналып отыр. ЮНФПА-ның техни­ка­­лық көмегі арқасында өткізілген зерттеу нәти­же­лері көрсетіп отырғандай, жастардың 13,6 па­йызы жыныстық қатынасқа бірінші рет 15 жас­қа дейін түседі, 15-19 жас аралығындағы жас­өс­пірімдердің жартысына жуығы тұрақты түрде жыныстық байланыста болады. Осы мә­се­ленің белең алуы, оның үстіне жыныстық және репродуктивтік денсаулықты қорғау, қалау­сыз жүктілікті және жыныстық жолмен тара­латын аурулардың алдын алу мәселесіне қатыс­ты сауатсыздықтың нәтижесінде бұл түсік жасату­дың артуына, жыныстық жолмен жұғатын аурулардың таралуына және ре­про­дуктивтік денсаулықтың бұзылуына әкеп соғуда.

Әділет министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын кәмелетке толмаған тұлғалармен құрылатын неке саны 3 мыңға дейін жететін көрінеді. Жағдайды зерттей келгенде, ерте жаста мәжбүрлікпен үйлендіру, әсіресе, Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде тұрақты түрде өсіп келеді. Ал АХАЖ органдарына тіркелмеген ерте жастағы неке көрсеткіші қандай екенін білу мүмкін болмай отыр.

«Шығармашылық бастаманы көтеріп жүрген әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігі­нің басқарма төрайымы Әсия Хайрулина балиғатқа толмаған қыздарды зорлықпен некеге немесе жыныстық қатынасқа тартуға бай­ланысты барлық жағдайлар міндетті түр­де тіркеуге алынып, әрқайсысына қатысты әкім­­шілік, қылмыстық шаралар қабылдануы тиіс­тігін БАҚ арқылы қайта-қайта көтеріп жүр.

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова, бұрын директор болып қызмет жасаған­дық­тан, жасөспірімдер арасындағы жүк­тілік мәселесі­мен етене таныс екендігін, сондай-ақ, бұл мектеп жасындағы қыздарға қатысты болған кезде, әсіресе, күрделі мәселеге айнала­тын­дығын атап өткен еді. Ата-аналар мен мем­лекет жастардың репродуктивтік денсау­лығын сақтауға жауапты. Оларға жыныс­тық қатынас туралы дұрыс білім беру, репро­дуктивтік денсаулықты қорғау саласында сапалы қызметтерді көрсету қажет.

Осы мәселеге қатысты Қазақстан бас­­па­сөз клубында өткен брифингте Қызыл­­орда облысындағы «Y-Peer» (Жас құр­дастар) жас еріктілер қозғалысының бел­сендісі Динара Сұлтан өз тәжірибесімен бөліскен болатын. Ол Қызылорда қаласын­дағы колледж және мектептерінде өткізі­летін тренингтерде та­быс­қа жетудің кілті, көшбасшылық сапаны дамыту, өз құр­дас­тарымен дұрыс қатынас жасау және ре­п­родуктивтік денсаулықты сақтау туралы ақпарат берілетіндіктен, мұндай тренинг­терге жастар үлкен қызығушылық таны­татындығымен бөліскен болатын.

«Біздің құрдастарымыз үлкендерден сұрауға қорқатындықтан немесе ұялатын­дықтан, өздерін толғандыратын көкейіндегі сұрақтарын бізге қоя алады. Біздің жас еріктілер қозғалысы Қазақстанның әрбір қаласында қызмет етуі керек деп есептеймін», – дейді Динара.

Не десек те, баласын әжетханада туып, сәбиін көшеге қалдырып кететін келең­сіз­діктер көбейіп тұрған заманда бұл тақырып­қа тағы да оралуымызға тура келеді.


Дереккөзі: «Егемен Қазақстан»
нравится:    962
Теги: Қоғам,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии