21 Август
19:51
Астана: 25 °C
Алматы: 24 °C
USD/KZT: 332.80
EUR/KZT: 390.57
RUB/KZT: 5.60
CNY/KZT: 49.88
Экономика
22 сәуір 09:08
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

«Бизнестің жол картасы – 2020»: кәсіпкерліктің дамуына даңғыл жол аша ма?
«Шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасының негізгі тірегі екені белгілі. Соңғы жылдары осы саланы қолдау үшін мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының көлемі де еселеп өсуде. Елбасы биылғы Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұзақ мерзімді бағдарлама қабылданып, қаржыландыру ісін жүйелендіруді тапсырды. Әлемдік қаражат тапшылығы тұсында ел кәсіпкерлерін қысылтаяң сәттен шығаруды көздейтін мұндай шаралар болашақта өз жемісін берері анық. Осы орайда, газетіміздің дәстүрлі «дөңгелек үстеліне» шақырылған Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов, экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов, «Ерке-Нұр» компаниясының президенті Фарида Мерхамитқызы және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасы төрағасының қоғамдық байланыстар жөніндегі кеңесшісі Бексұлтан Құрманқұлов «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына не береді?» деген тақырыпта өз ойларын ортаға салды.



Жолдау жолдарынан
«Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын.
Оны «Бизнестің жол картасы – 2020» деп атауды ұсынамын. Бұл бағдарламаның мақсаты өңірлерде кәсіпкерліктің, бәрінен бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу болады».
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауынан
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасынан не күтуге болады?
Тимур Назханов:
– Елбасының биылғы Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Осы ретте кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру мәселесін айтсақ болады. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келген адам алғашқыда несие алуға әрекет жасайтыны белгілі. Болашақ кәсіпкердің кепілге қоятын мүлкі жоқ болса, тіпті қиын. Жолдауда айтылғандай енді кәсіпті бастау үшін несие алған адамдарға мемлекет кепіл болатын болды. Меніңше, бұл кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау. Әрине, мемлекет кәсіпкерлерге жүз пайыз кепіл болмайтыны түсінікті. Дегенмен, еліміздегі екінші деңгейлі банктер сырттан займдар тартқанда мемлекет кепіл болды. Нәтижесінде банк саласы қарқынды дамыды. Осындай жағдайды шағын және орта кәсіпкерлерге де жасайтын кез жетті. Мемлекеттің кепіл болуы халықаралық іс-тәжірибеде бар. Айталық, мұндай тәжірибені Германиядан кездестіруге болады. Банк кәсіпкерлердің бизнес жоспарымен танысып, оған қаржы салудың тәуекелі зор екенін білгеннен кейін, кәсіпкерлер мемлекеттің көмегіне жүгіне алады. Жолдауда айтылған тағы бір көңілге қонымды мәселе, еліміздің барлық аймақтарында кәсіпкерлерге кеңес беретін орталықтар ашу ісін атап айтуға болады. Өкінішке орай, мұндай орталықтар елімізде тек Алматы мен Астанада ғана бар. Мұндай іспен жекелеген компаниялардың айналысатыны белгілі. Олар өз қызметі үшін ақы сұрайды. Соңғы уақыттары «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қоры «Кеңесші» жобасының шеңберінде кәсіпкерлерге кеңес бере бастады. Меніңше, мұндай игі бастамаға облыстағы кәсіпкерлікті қолдау департаменттері қолдау көрсетуі керек. Бұл бағыттағы жұмысты өрістету үшін жаңадан мекеме құрып, шығынға батудың қажеті жоқ. Мемлекет кәсіпкерлік қауымдастықтарға арнайы гранттар тағайындап, кәсіпкерлерге тегін ақыл-кеңес беру ісін ұйымдастыруына болады. Өйткені қауымдастықтардың бай тәжірибесі бар.
Фарида Мерхамитқызы:
– 2010 жылдан бастап қолға алынатын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асатыны елімізде шағын және орта бизнес өкілдеріне үлкен серпіліс алып келеді деген ойдамын. Ондағы шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу мәселелері орынды көтерілген. Дәл қазіргі кезде мемлекет қолдауына зәру болып отырған саланың бірі – жеңіл өнеркәсіп. Соның ішінде тігін және тоқыма өндірісі. Ел экономикасының табысты болуы бәсекеге қабілетті дайын өнім шығаратын кәсіпорынның бар болуына тікелей байланысты. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп, тігін өнеркәсібі – басты саланың бірі болуы керек. Біз өнімдерімізді алдыменен ішкі айналымда жандандырып, содан кейін ғана ұлттық ерекшелігіміз бар затты «Қазақстанда жасалған» деген белгімен экспортқа шығарсақ қана шетелге өзімізді таныстыра аламыз.
Сондықтан бизнесті дамыту жөніндегі өңірлік корпорациялар қарқынды жұмыс істесе, оны Үкімет өз деңгейінде қадағалап отырса, бұл сала қарқын алар еді.
Рахман Алшанов:
– Бізде шағын кәсіпкерліктің ішінде сауда орындары, кафе, қонақ үйлер қызметі біршама жақсы дамыды. Бұл дамыған мемлекеттерде де бар үрдіс. Оларда да бірінші осы қызмет көрсету саласы алға шыққан. Өйткені, әлемнің көптеген елдерінде шағын және орта бизнес – үлкен табыс көзі. Біріншіден шағын кәсіпкерліктен пайда тез түсетін болса, екіншіден бұл салада бәсеке жоғары. Бірақ, оларда инновация, яғни жаңалық басты орында. Бізге де осы қажет. Әйтпесе, қашанғы базар, сауда үйі секілді дүниелерді аша береміз? Оның да шегі бар шығар. Сондықтан, нақты өнім дайындайтын салаға мойын бұратын кез жетті. Мысал үшін, Германияда машина шығару өндірісіне 80 мыңдай бөлшек керек екен. Оны дайындайтын шағын кәсіпорындар. Бұл алып өндірістердің жұмысын алға бастыратын да шағын және орта бизнес деген сөз. Елбасының Жолдауында айтылған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы мен индустриялды-инновациялық бағдарламалар осы саланы дамытудың негізгі жолдары деп айтуға болады.
Бексұлтан Құрманқұлов:
– «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат Қоры» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қ. Келімбетов 9 ақпан күнгі үкімет отырысында 2010 жылы Қор дағдарысқа қарсы бағдарламаны негізгі бес бағыт бойынша жүзеге асыратынын мәлім етті. Оның екінші бағыты елдегі кәсіпкерлікке қолдау көрсету. Елбасы Жолдауына орай Қор биыл «Бизнестің жол картасы – 2020», «Инвестор – 2020», «Лизинг – 2020» және «Экспортер – 2020» бағдарламаларына белсенді атсалыспақ. Осының ішінде екінші дәрежелі банктердегі орта және шағын бизнестің несиелерін кепілдендіру, орта және шағын кәсіптің лизингтік мәмілелерін қаржыландырудың жеңілдетілген бағдарламасы қарастырылып отыр. Кез келген шағын және орта бизнес иесі банктен несие алу кезінде кепілге зат қоятыны анық. Алайда, қазіргі кезде елімізде жылжымайтын мүлік бағасы арзандап кеткені белгілі. Осыған байланысты банктер ол заттарды бағалауды да төмендеткендіктен, несие аларда қиыншылықтар туындап отыр. Кәсіпкердің сұрап отырған несие сомасын кепілге қойған дүниесі қамтамасыз етпей қалды. Сол себепті де, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерден алатын несиелерінің 50 пайызына дейін кепілдік беруді көздеп отыр. Қазір оның негізгі механизмдері талқылану үстінде. Мемлекет тарапынан берілген кепіл ақшамен пара-пар. Сондықтан, банктерге де бұл тұрғыда қауіп жоқ.
– Кәсіпкерлікті дамытуда жасалып жатқан шаралардың нәтижесін қалай бағалар едіңіздер?
Тимур Назханов:
– Жыл басында Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнесті ашуды жеңілдететін заң жобасына қол қойғаны белгілі. Меніңше, бұл жағдай еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал етеді. Бұған дейін кәсіпкерлікпен айналысуға қажетті құжаттар 15 күнде дайындалса, енді 7 күнде дайындалатын болды. Ескі заң бойынша кәсіп ашуға талаптанған адамның капиталдық жарнасы мың доллардың көлемінде болуы тиіс еді. Ал жаңа заң бойынша жарна мөлшері 100 теңге мөлшерінде белгіленді. Сондай-ақ, құжаттарды нотариалдық рәсімдеуден өткізу талабы да алынып тасталғанын айта кетуіміз керек. Мұның өзі кәсіпті жаңа бастаған адамдар үшін біршама жеңілдік туғызып отыр. Өйткені бұрын әрбір құжатты ноториалдық рәсімдеуден өткізу үшін біраз қаржы жұмсауға тура келетін.
Фарида Мерхамитқызы:
– Осы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясындағы «несиелер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау» ісінің жүзеге асырылуы маңызды. Осы тұста Үкімет те шағын және орта бизнесті арзан несиемен қамтамасыз ету жайын қолға алды. Бұл сауда-саттық саласында жүрген кәсіпкерлер үшін – өте тиімді шара. Дәл қазір қарым-қабілеті бар, әйтсе де қолындағы қаржысы мардымсыз шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкерлеріміз банктерден арзан пайызбен несие алатын болса және ол несиенің көрсеткіші болашақта да төмендей түссе, осы бағыттағы барлық салаға үлкен көмек болар еді. Сондықтан мұндай бастаманы қолдау керек.
– Елімізде инновациялық кәсіпорындарды ашуға қандай мүмкіндіктер бар?
Фарида Мерхамитқызы:
– Дамыған елдердің тәжірибелері көрсетіп отырғандай, шағын және орта бизнесті қалыптастыру мен дамыту экономиканы нығайту үшін қолайлы алғышарттар жасайды. Алайда, алдымыздан көптеген қиындықтар кездеседі. Дәл қазіргі таңда киім тігу жұмысымен айналысып жүрген орталықтардың саны көбейіп келеді. Солардың көбі шығарып жатқан бұйымдарының, яғни киімдерінің негізін ұлттық киімдердің жобасымен тігеміз дейді. Ал солардың шығарып жатқан өнімдерін саралап, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс дейтін бір орталық жоқ. Біздің сарапшыларымыз – сатып алушылар ғана. Көрші мемлекеттерде өтіп жататын көрме, жәрмеңке, фестивальдарға да әркім өзі ізденіп, өз қаражатымен ғана бара алады. Шетел тұрмақ өзіміздің отандық киім тігушілер бір-бірімізбен араласып, тәжірибе алмасып отырмаймыз. Міне, осындай ұшы-қиыры жоқ жұмыспен айналысатын бір орталық керек сияқты. Әйтпесе, әркім өз қазанында қайнап жатыр. «Ерке-Нұр» компаниясы қазақтың ұлттық киімдерінің жүздеген түрлерін дүниеге әкелді. Алайда отандық өнімді өндіру, оның ішінде ұлттық брендті қалыптастыру үшін үкіметтен қолдау керек. Қаржылық көмекпен қоса, отандық тауарды сатып алушының қолына жеткізу, бәсекеге қабілетті тауар өндіруге үкімет жағынан да үлкен қолдау керек екенін айтқым келеді.
Тимур Назханов:
– Бұл бағыттағы жұмыстар шағын және орта бизнестің кең қанат жаюына ықпал ететіні сөзсіз. Бағдарлама шеңберінде өнеркәсіп орындары ашылып, кәсіптік мамандықтарға деген сұраныс арта түсетіні анық. Осыдан үш-төрт жыл бұрын құрылыс саласы қарқынды дамығанда, кәсіптік мамандардың тапшылығы анық байқалғаны есімізде. Мұндай ауқымды жобаларды іске асырғанда қажетті мамандармен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша көңіл бөлген жөн. Жалпы маман жетіспеушілігі өндіріске қатысты ғана емес, сонымен бірге бұл мәселемен шағын және орта бизнес те бетпе-бет келіп отыр. Өзге елдердің іс-тәжірибесіне көз жүгіртсек, мамандарды дайындау мәселесін мемлекет пен кәсіпкерлер бірлесіп шешіп жатқанын көреміз. Мәселен, Германияның Кәсіпкерлерді қолдау палатасы кәсіпкерлер мен мемлекетті ортақ іске жұмылдырып, елдегі әлеуметтік жағдайды оң бағытта шешіп келеді. Бізде мемлекет кәсіптік маман дайындау ісі шағын және орта бизнес өкілдерінің шаруасы деп қарап келгені жасырын емес. Шындығында маман дайындап, елдегі жұмыссыздықтың алдын алу – мемлекеттің басты шаруасы. Соңғы уақыттары билік осыны түсініп, «Жол картасы» аясында кәсіптік білім беретін орталықтар ашты.
Рахман Алшанов:
–Бізде жоғарғы оқу орындары дайындаған қаншама жобалар бар. Бірақ, оған қаржы бөлінбегендіктен құр қағаз жүзінде қалып қояды. Көптеген мемлекеттерде бұл жүйе жолға қойылған. Оларда студенттер 1 курстан бастап нақты бір жобаны зерттеп, оқу бітіргенде қорғап шығады да, өздері жұмыс берушіге айналады. Мәселен, Америкадағы Массачусет технологиялық университетінің жанынан қорғалған шағын кәсіпорындар жыл сайын 280 млрд. доллар пайда түсіріп отырады. Таяуда сол Американың Солтүстік Каролина деген штатында болып келдім. Сондағы оқу орындарында студенттер түрлі-түрлі жаңалықтарды ашып, шағын кәсіпорындар құруда. Оқу орындарында, ғылыми – зерттеу институттарында қаншама жобалар бар. Алайда оған тапсырыс жоқ. Елімізде шешілмей тұрған күрделі мәселелерді жеңілдету үшін оқу орындарындағы ғалымдардың, жастардың потенциалын пайдалануға әбден болады. Мәселен, ұялы телефонды жасауға қажетті материалдың барлығы бізде бар. Біз осы байлықты пайдалана алмай шикізат күйінде шетелге сатып отырмыз. Ал, олар одан өнім жасап, мың есе бағамен өзімізге сатады.
Бексұлтан Құрманқұлов:
– Бұл тұрғыда мемлекет кәсіпкерлердің алған несиелерінің 50 пайызына дейін субсидия беру ісін қолға алып отыр. Егер шағын және орта бизнес өкілдері бұрын несиесін 18 немесе 20 пайыздық ставкамен алса, мемлекеттік субсидия оның ставкасын екі есеге арзандатуға мүмкіндік бермек. Инновациялық жобаларға келетін болсақ, техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру мақсатымен лизингтік операцияларды қаржыландыруды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Бүгінде лизингтік компаниялар таңдап алынды. Кәсіпкерлердің жеңілдетілген пайызбен құрал-жабдық сатып алуына, өндіріс пен технологияларын жаңғыртуына арналған бұл бағдарламаға 2 млрд. теңге бөлінген. Бұдан бөлек, биылғы жылы Азия даму банкінен 75 млрд. теңге көлемінде ұзақ мерзімдік несие тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл қаржының барлығы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жұмсалады. «Даму» қорының бағдарламаларындағы негізгі басымдық аймақтық тұрғыда әлеуметтік және экономикалық маңызға ие кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын жеңілдікпен қаржыландыру, өңдеуші салаға қолдау, әйелдер кәсіпкерлігін жеңілдікпен несиелеу, шағын несиелік ұйымдарды дамыту тәрізді салаларға беріліп отыр. Мысалы, «Даму өндіріс» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлердің 18 млрд. теңгеден асатын 160-тан аса жобасы 8 пайыздық ставкамен қайта қаржыландырылды.
Рахман Алшанов:
– Осы уақытқа дейін мемлекеттен үлкен ақша бөлінді. Біздің министрліктердің ұзынсонар жобаның тізбегі бар да, нақты не туралы мәлімет жоқ. Бәрі құпия. Асығыс жасалады да, жүзеге аспай қалса сұраусыз жабулы қазан жабулы күйінде қала салады. Бір министр тастап кеткен ісін екіншісі жалғастырып әкетпей, өз жобасын әкеледі. Сол жұмыстарды неге халық қадағалап отырмасқа? Бізде көбінесе алдын ала зерттеп алмай науқаншылыққа ұрынамыз. Бір кездері әр өңірде елдің көбі жаппай наубайхана ашты. Оның не қажеті бар. Соны қадағалайтын орган жоқ. Қытайдың өзінде тұтыну жағынан біраз проблемасы бар. Алып мұхиттай көршіміздің үлкен нарығын пайдалана алмай отырмыз. Соларға не жетіспей жатыр? Зерттеу керек қой. Бидай мен ұн шығаруда соңғы 3 жыл бойы бірінші орындамыз. Иленген теріден 5 орынға көтерілдік. Қарбыз шығарудан да 5 орында тұрмыз. Бұл үлкен жетістік. Біз өте бай елміз. Әлемнің көптеген елдеріне мұндай байлық бұйырмаған. Сондықтан біздің елімізде кедей болмауы тиіс.
– Елбасы Жолдауында өңірлердегі кәсіпкерлікті дамыту үшін құрылған Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларын басқаруды жергілікті әкімдіктерге беру керектігін айтты. Жалпы, бұл корпорациялардың алдағы міндеті қандай болу керек деп ойлайсыздар?
Бексұлтан Құрманқұлов:
– Қазіргі күні әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары жергілікті әкімдіктерге беріліп, функциялары айқындалып жатыр. Олар аймақтық тұрғыда кәсіпкерлікті дамытатын корпорацияларға айналмақшы. Шынын айту керек, осы уақытқа дейін олардың қызметі жергілікті әкімшіліктермен үйлесе қойған жоқ. Шаруашылық жүргізу құқы бар қазыналық кәсіпорын санатынан аса алмады. Ендігі жерде олардың міндеті айқындалса, әр аймақтың географиялық ерекшелігіне, экономикалық мүмкіндігіне қарай кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосар мекемеге айналуы мүмкін.
Фарида Мерхамитқызы:
– Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың жергілікті биліктің қарамағына өткені өте тиімді. Өйткені сол өңірдегі экономиканың қарқынды дамуына серпін беру, экономиканы өрге сүйрейтін өсу нүктесін дөп басу, бизнес және инновациялық ортаға қолайлы жағдай туғызу мәселелері жергілікті билікке тайға таңба басқандай белгілі. Сондықтан шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын мекемелерге жергілікті билікпен жұмыс жасаған барлық жағынан тиімді. Бұған дейінгі жолдауларда да елдің бір жыл ішіндегі және таяу кезеңдегі атқаратын негізгі іс-шаралары, қабылданатын заңдары баса көрсетіліп келді. Бұл жолы да елдің алдағы он жылға көздеген межелі міндеттері айқындап берілді.
Тимур Назханов:
– Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар 2007 жылы құрылған болатын. Содан бері корпорациялар ауыз толтырып айтатындай іс тындырған жоқ. Жалпы корпорациялар құрылған кезден бастап олардың жұмысын жүйелеген заң болған жоқ. Сондықтан олардың жұмысы тығырыққа тірелді. Корпорациялар ең алғаш Индустрия және сауда министрлігінің құрамында болса, кейіннен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына өтті. Ал биылдан бастап, олар облыс әкімдерінің қолына қарайтын болды. Ал, корпорациялардың жұмысын реттейтін заң әлі қабылданған жоқ. Осылайша ӘКК заңсыз жұмыс істеп келеді. 2007 жылдан бері мемлекет оларға қыруар қаржы бөлгені белгілі. Заң болмағандықтан, корпорациялар бөлінген қаржыны депозитке салып, қызметкерлерінің еңбекақысына төлепті деген әңгімені құлағым шалып қалды. Сондықтан ӘКК-нің жұмыс жоспарын, заңдық жүйесін қалыптастырмайынша олардан нәтиже күтуге болмайды. Сондай-ақ, олардың жұмысын Үкімет пен кәсіпкерлік қауымдастықтар өзі бақылауы керек деп ойлаймын.
Рахман Алшанов:
– Меніңше, бұл корпорациялар өндірісте үнемдеу технологиясын әкелуі тиіс деп ойлаймын. Біздегі жылу электр орталықтары мен су электр орталықтарының технологиясының көбісі ескірген. Сол сияқты жол, тұрғын үй құрылысын дамытуда үнемді енгізу қажет. Негізінен, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың о бастағы мақсаты адамның әлеуметтік тұрмысын жақсарту үшін құрылған-ды. Енді олар қолдарындағы қаражатты орынды жұмсауы керек. Бізде дотацияда отырған өңірлерде үлкен жұмыстар қажет. Олар қашанғы дотацияда отыра бермек? Әкімдері неге өндірісті облыстарға, үкіметке алақан жайып отырмақ? Міне, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жергілікті биліктің шешетін мәселесі. Елімізге шоколодты 160 млн. долларға сырттан әкелеміз. «Рахат» компаниясы 3 ауысыммен істесе де өнімі түгел жетпеуде. Кондитерлік өнімдерге қосатын қымыз, шұбат, сүт өнімдері түгел өзімізде бар ғой. Осының нақты проблемалары зерттелмеген. Қазіргі күні елімізге сырттан жыл сайын 30 млрд. долларға тауар әкелеміз. Менің есебім бойынша соның 10 млрд. долларының тауарын өзімізде жасауға болады екен. Қарапайым шегенің өзін 170 млн. долларға сырттан сатып алып отырмыз. Соны өзіміз жасауға мүмкіндігіміз жетеді. Бірақ, құнттамаймыз, соңына түсіп зерттеуге құлықсызбыз.
 
 
Дереккөзі: damu.kz
 
нравится:    1140
Теги: Бизнес,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии