16 Декабрь
20:54
Астана: -19 °C
Алматы: -8 °C
USD/KZT: 335.33
EUR/KZT: 395.49
RUB/KZT: 5.70
CNY/KZT: 50.75
Спорт
25 қазан 16:48
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Бүгін – даңқты боксшы Серік Қонақбаевтың туған күні
 


Бүгін – қазақтың мақтанышына айналған даңқты боксшы, Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері, бокстан КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, АІВА вице-президенті, Азия бокс конфедерациясының президенті Серік Қонақбаевтың туған күні.

Қонақбаев Серік Керімбекұлы 1959 жылы 25 қазан күні Павлодар қаласында дүниеге келген. Әкесі - Қонақбаев Керімбек (1934-1977) - техника ғылымының кандидаты. Шешесі - Қонақбаева Балтуған Темірғалиқызы (1934-1996) мұғалім болған. 

Былғары қолғап шебері 1981 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын, 1984 жылы қазіргі Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясын бітіріп, маман иесі болған. 1999 жылы Халықаралық Х.А.Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің заңгер-құқықтанушы мамандығын бітірген. 


 
Спорттағы жетістіктері
 
14 жасынан бастап бокспен айналыса бастаған. Өзінің айтуынша, шаршы алаңдағы ең алғаш жеңісіне ол Шу қаласында өткен кішігірім жарыстардың бірінде қол жеткізген екен. Боксшыны Олимпиада шыңына дейін жетелеп келген әйгілі бапкер Константин Цхаймен де осы сайыстан кейін жолы түйісіпті.
 
Серік Қонақбаев бірнеше үлкен биік шыңдарды бағындырды. Атап айтқанда, ол:
- КСРО халықтар спартакиадасының және КСРО чемпионатының күміс жүлдегері (Мәскеу, 1979);
- екі мәрте Еуропа чемпионы (ГФР, Кельн, 1979; Финляндия, Тампере, 1981);
- әлем кубогінің иегері (Канада, Монреаль, 1981; АҚШ,Нью-Йорк, 1979);
- Мәскеуде өткен 22-ші Олимпиада ойындарының күміс жүлде иегері (1980);
- әлемнiң ең үздiк боксшысы (1981);
- КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1981);
- Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (ГФР, Мюнхен, 1982);
- КСРО чемпионы (1980,1984);
- 2 мәрте Я.Полус атындағы «Алтын белбеу» жүлдесін жеңіп алған, КСРО-АҚШ құрама командалары арасындағы ойындарда 6 рет жеңімпаз атанған;
- 1978 жылы Болгарияда, 1979 жылы Югославияда, 1982 жылы Финляндияда өткен Халықаралық турнирлердің жеңімпазы.
 
Қазақ боксының дамуына үлкен ықпал еткен Серік Керімбекұлы 1981-87 жылдары бапкерлік жұмыстар атқарып, коммерциялық «Қазақстан» спорт клубының (1990), ҚР Кәсіпқой бокс федерациясының (1992-1994), ҚР Президенті жанындағы ұлттық спорт қорының президенті (1994-1996) болды. 

1995 жылдың наурызында Бейжің қаласында ПАБ - Пан-Азиялық бокс қауымдастығы құрылды, оның ішінде 9 елдің қатарында Қазақстанның кәсіпқой бокс қауымдастығы да болды. Қонақбаев ПАБ чемпионатын өткізетін комиссия төрағасы, атқару комитетінің мүшесі болды.
 
1995 жылдан Шымкент қаласында Қонақбаев жүлдесіне Халықаралық турнир өтеді.
 



Еңбек жолы
 
1981 ж. - Алматы облыстық ауылшаруашылығы басқармасында аға инспектор;
1981-1983 жж. - Алматы қаласындағы мал шаруашылығы кешенінің құрылысы жөніндегі бірлескен дирекцияның инженері;
1981-1984 ж. - Бокстан КСРО құрамасының нұсқаушысы;
1983-1984 ж. - Қазақ мемлекеттік университетінің тағылымгер-зерттеушісі;
1984 ж. - Алматы үлкен каналының республикалық комсомол-жастардың екпінді құрылысының басшысы;
1984-1985 жж. - ҚЛКЖО орталық комитетінің нұсқаушысы;
1986 ж. - Алматы облыстық комитет комсомолының хатшысы, Алматы қалалық комитет комсомолының бірінші хатшысы;
1986-1992 жж. - бокстан Қазақстан құрама командасының мемлекеттік жаттықтырушысы, «Қазақстан» спорттық-коммерциялық клубының президенті;
1993-1996 жж. - «Найзағай» АҚ президенті;
1994-1996 жж. - Қазақстан Президенті жанындағы ұлттық спорт қорының президенті;
 1996-1997 жж. - Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы;
1997-1998 жж. - Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің орынбасары;
1998-1999 жж. - «Өнім» АҚ бас менеджері;
1999-2004 жж. - Қазақстан Республикасы Парламентінің ІІ шақырылымындағы Мәжіліс депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі;
2004-2007 жж. - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ІІІ шақырылымдағы депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экология жне табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комиететтің хатшысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің  «Отбасы» тұрғын халқы және даму жөніндегі депутаттар тобының мүшесі;
2007-2012 жж. - Қазақстан Республикасы парламенті Мәжілісінің IV шақырылымының депутаты, экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасы бокс федерациясының вице-президенті.
2014 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.


Мемлекеттік наградалары мен құрметті атақтары
 
- «Парасат» ордені (2009);
- «Құрмет» ордені (2004);
- «Еңбектегі қайраткерлігі үшін» медалі (1980);
- «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы (1993);
- «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001);
- «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006) т.б. марапаттардың иесі.
Қазақ спорт және туризм академиясының құрметті профессоры.
 
 



Серік Қонақбаев туралы қызықты деректер
 
Серік Қонақбаев – егіздің сыңары. Оның егізі – Ерік Қонақбаев. Бір сұхбатында Серік ағамыз егізі туралы: «Содан не керек, анам Павлодарға кетеді де, сол жақта сыңарым Ерік екеуіміз 25 қазан күні дүниеге келіппіз», - деп атап өткен. 
                                                                                           ***
Серік Қонақбаев бокспен небәрі 10 жыл ғана шұғылданған, яғни бокстағы мансабын 14 жасынан бастап, 24 жасында бокс қолғабын шегеге ілген. Осы он жыл ішінде қазақ боксының аңызына айналған былғары қолғап шеберінің есімі қазақ бокс тарихында алтын әріппен жазылған.
                                                                                            ***
Бокстан Еуропа чемпионатында жеңіске жеткен ең алғашқы қазақ боскшысы: 1979 жылы ГФР-дың «Кельн» қаласында өткен Еуропа чемпионатында Серік Қонақбаев қазақ боксшылары арасынан тұңғыш рет Еуропа біріншілігін ұтты. 
                                                                                            ***
Алты бірдей Олимпиада чемпиондарын баптаған, ХХ ғасырда әлем боксын мойындатқан майталман поляк жаттықтырушысы Феликс Штамм Серік Қонақбаевтың шаршы алаңдағы өнеріне қарап: «Мына баладан бокс генийі шығады»,-деп бағасын берген екен. 

Ал, қзақ жылдар бойы Кеңес одағының бокс федерациясын басқарған атақты ғарышкер, Кеңес одағының батыры Павел Попович: «Қонақбаевтың шаршы алаңдағы қимылын бейнелі сөзбен ғарыштық биіктіктер қатарына жатқызуға болады. Оның рингке шыққан сәті еліміздің спорттық өміріндегі маңызды оқиға саналатын. Мен Серікті туған ұлымдай мақтан тұтамын», – деп жазды. 

                                                                                              ***
1981 жылы Дүниежүзі боксының майталман мамандары Серік Қонақбаевты әлемнің үздік әуесқой боксшысы деп мойындап, «Әлемнің ең үздiк боксшысы» атағын берген.
                                                                                              ***
1980 жылы Мәскеуде өткен 22-ші жазғы Олимпиада ойындарындағы Серік Қонақбаевтың ақтық сындағы кездесуін бокссүйер қауым бүгінге дейін сөз етіп жүр. Серік ағамыз бұл сында Италия боксшысы Оливамен жұдырық түйістіріп, төрешілердің жеңісті қарсыласына бергені есімізде. Кейбір мамандар бұл жекпе-жекке саясат араласты дегенді де сол кезде айтып қалған. Өйткені, Мәскеу Олимпиадасына Италиядан жалғыз-ақ спортшы қатысқан болатын. Ол – осы Олива. Италияның КСРО-ға спортшыларын жібермеуінің бір-ақ себебі бар еді, бірі капиталистік, екіншісі социалистік ел болғандықтан.
                                                                                              ***
Серік Қонақбаевтың Олимпиада ойындарында алтын алу мүмкіндігі болған. Бірақ...
Мәселеге толығымен тоқталып өтетін болсақ, 1984 жылы КСРО құрамасы сапында төрт қазақ боксшысы: Серік Қонақбаев, Кәрімжан Әбдірахманов, Серік Нұрқазов және Асылбек Қыйлымов чемпион атанды. Бұл жолғы төрт қазақ боксшысы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы Олимпиада ойындарына қатысуы керек еді. Өкінішке орай, КСРО спортшылары саяси себептерге байланысты төрт жылда бір рет өтетін Олимпиада ойындарынан тыс қалды. Олай болмағанда, Серік Қонақбаевтың Мәскеу төріндегі күмісін алтынға айырбастайтындай мүмкіндігі бар еді.  
 
                                                                                             ***
Серік Қонақбаев «ХХ ғасырдың пираттары» және «Мадам Вонгтың құпиясы» атты көркем фильмдерге түсіп, рөлдерді сомдаған. 


Бокс. Патрицио Олива - Серік Қонақбаев. Олимпиада-1980. 63,5 кг салмақ дәрежесі. Финал / Youtube



Серік Қонақбаев. Бой с самим собой /​Доска почетных/ - 1 канал Евразия / Youtube


Интернет материалдары негізінде дайындаған
Айдар ЖАНАЙ
 
нравится:    152
Теги: Біздің мақтанышымыз, Главная,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии