Мәдениет
7 сәуір 16:26
Бүгін Джеки Чан 64 жасқа толды


Джеки Чан (ағыл. Jackie Chan; т. 7 сәуір 1954, Гонконг, Қытай) - атақты қытай және американдық әртіс, каскадёр, кинорежиссёр, продюсер, сценариші, трюктер мен шайқас көріністерін қойушы, әнші, филантроп, ЮНИСЕФ елшісі.

Джеки Чан 1954 жылы 7 сәуірде Гонконг қаласында кедей отбасында дүниеге келген. Оның шын есімі Конг-Санг Чан, Гонконгтан шыққан деген мағынаны білдіреді. Ата-анасы тақыр кедей болғандықтан, болашақ әртіс бала күнінде аштықты талай бас-тан кешкен. Кейін ата-анасына жұмыс табылып, Австралияға қоныс аударғанда, 6 жасар Джеки отанында қалып, Қытай жабық драмалық академиясына оқуға қабылданады. Ол кезде академия оқушылардың ата-анасымен шарт жасасып, егер бала әлдеқалай жарақат алып немесе қайтыс болып кеткен жағдайда оқу орны жауап бермейтінін мәлімдейді екен. Сөйтіп, тағдыр тәлкегіне қалған ол академиядағы нағыз қатаң тәртіптің тезіне түсіп, таңғы 5-тен тұрып, 16-17 сағат бойына созылатын тынымсыз жаттығулардың шыңдалуынан өтеді.

1971 жылы академияны бітіріп, кинодағы жолын каскадерліктен бастаған қайтпас қайсар Джеки Чан актерлік өмірде де небір аса қауіпті трюктерді өзі орындап, басын талай қатерге тіккен. Екі омыртқасын, мұрнын, аяғы мен қолын да талай сындырып, кеңірдегін жаралап, көзінен де айырылып қала жаздаған. Тіпті бас сүйегін де сындырып, өлімнен қалғанын жұрт біле бермейді. Сонымен қатар Джеки Чан әнші, көптеген киноларындағы әндерді өзі орындаған, 80 жылдардан бастап қазіргі күнге дейін 20 альбомды әндер жинағын шығарған. Бірақ, қалың жұрт Джеки Чанды әнші ретінде емес, әртіс ретінде таниды. 100-ден астам фильмдерде басты рөлдерді сомдаған. Ең алғашқы түскен киносы «Мәңгілік махаббат», «Жас жолбарыс». Осы актерлік өнердің, ерен еңбектің арқасында Джеки Чан әлемдегі ең бай адаматанып және көптеген табыстарға қол жеткізіп отыр. Ол мұқтаж адамдарға көмек беруден аянбайды, ЮНИСЕФ және Гонконг қаласындағы балалар үйіне 4,14 млн доллар өткізген.

Джеки Чан туралы аңызға бергісіз қызықтар

Талантты адамдардың құлағы, көзі, ақыл-ой түйсігі өзінен бірнеше жыл бұрын туады деген рас ау. Джекиді анасы 12 айдан кейін толғатыпты деген сөз бар. Тіпті, ішін жарып алған көрінеді. Туылғанда 5 келі, 400 грамм шыққаны да содан.

Джеки Чанның шын есімі – Чан Кон Сан. Әкесі қытай жансызы болғандықтан, бүкіл әулетінің атын ауыстырған көрінеді.

Джеки Чанды туылған заматта ата-анасы әлдебір асыраушыларға өткізіп (дұрысы отбасына қауіп төнген соң сатып жібере жаздаған) жібермек болған. Осы туралы актер «Егер мені сатып жібергенде, Ұлыбританияда өсіп жетілер едім, тілім ағылшынша шығып, қытай тілін мүлдем білмес те едім» дейді.

Бала күндегі оған жұрттың қойған аты – "Үлкен мұрын" болған. Бір кездері осылай атағаны үшін мұғалімінің тұмсығын бұзып, сол оқиғадан кейін ешкім оны "Үлкен мұрын" деп келеке етпейтін болған.

Джеки Чанның ұлты қытай болғанмен, ол сауатты жазып, кітапқа қатты қызықпайды екен. Оның сөрелерінде де кітаптар мүлдем жоқтың қасы.

Джеки Чан Гиннестің рекордтар кітабына төрт мәрте енген. Азияда мұндай жетістікке жеткен әзірге ешкім жоқ.

Осы уақытқа дейін Джеки Чан 117 фильмге түсіп үлгеріпті. Қаншама жарақат алып, денесінің зақымданған жерлері өте көп. Тіпті, кино түсірілімі барысында оны қорғайтын да, алмастыратын да адам жоқ екен. Қысқасы теңдессіз актер. 

Джеки Чан жаттығуға күніне 3 сағатын арнайды екен. 8 шақырым жүгіреді. Балық еті мен көкеністі жегенді ұнатады, етті мейлінше жемеуге тырысады екен. Себебі, ет жеген күннің ертесіне тағы 20 минут артық жүгіруіне тура келеді.

Оның киноға түсудегі арнайы талаптары бар екен. Үнемі қаһарман рөлін ойнауы керек, сондай-ақ оның көмегіне мұқтаж бала, әйел, қарт адамдар болуы қажет екен. Қаһарман болғанына қарамастан табиғатынан қашпай, шағын денелі, күлкілі болғанды жөн санайды.

1985 жылы түсірілген «Бір полицейдің бастан кешкені» атты фильмнің түсіріліміне шақырылған каскадерлер жарақат алып, одан кейін мүлдем Джеки Чанмен жұмыс істемейміз деп ұйғарыпты. Қазір Джекимен жұмыс істейтін небәрі 16 каскадер бар.

Джеки өте жанкешті адам. Әлдебір трюктерді жасар алдында жүрегінде қорқыныш ұяласа да, режиссер «Мотор!» деп белгі берген кезде барлығын да ұмытып кетеді екен. Егер трюк сәтті шықса, қуанғаннан ән айтып, би билейді екен.

Джеки күніне небәрі 4-5 сағат қана ұйықтайды.




 

Комментарии




Яндекс.Метрика