Әлем жаңалықтары
27 шілде 10:34
Бүгін қазақтың қос ғарышкерінің туған күні


Бүгін қазақтан шыққан қос ғарышкердің туған күні. 

Бұл жай ғана сәйкестік емес. Осы жылдың басында Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде "Тұлғатану" қоғамдық жобасы аясында қазақтың Тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровпен кездесу ұйымдастырған студенттер қос ғарышкердің өмірінде бірнеше қызықты сәйкестіктер бар екенін жариялаған болатын. Сол мақаланы қаз-қалпында қайта ұсынғанды жөн көрдік.

"Біз көз жеткізген көптеген ғажайып сәйкестіктер.

Өздеріңіз білетіндей 2015 жылдың қыркүйек айында қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов аспан әлемін бағындырды. Ал Тоқтар ағамыз оған ақ батасын беріп аттандырған еді. Мұқият бақылып қарасақ, қос батырымыздың арасында көптеген ұқсастықтар бар екен. Назарларыңызға қазақтың қос ғарышкері жайлы сол фактілерді ұсынайық.

Олардың екеуі де бір айда, бір күнде дүниеге келген екен. Туған күндері - 27 шілде. Тоқтар Әубәкіров 1946 жылдың, Айдын Айымбетов 1972 жылдың жазында дүние есігін ашқан. Жұлдызнама белгілері - аң патшасы - арыстан. Айтпақшы, астрология ғылымында бір күнде туған адамдарды "Жұлдызды егіздер" деп атайды. Ғалымдар олардың өмірлерінде, мінездерінде ұқсастықтар болатынын да жоққа шығармайды.

Негізгі кейіпкерлерімізге қайта оралайық. Қос ғарышкер арасындағы екінші ұқсастық: Тоқтар Оңғарбайұлы да, Айдын Ақанұлы да бір оқу орнының - "Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесінің" түлектері. Тоқтар Әубәкіров 1969 жылы, ал Айдын Айымбетов 1993 жылы оқуды аяқтаған. Арасы - 24 жыл. Тоқтар Әубәкіров ғарышқа 1991 жылы ұшса, Айдын Айымбетов 2015 жылы көкке көтерілді. Арасы - 24 жыл. Бұл - олардың өміріндегі үшінші сәйкестік. Қызық емес пе?!

Төртінші сәйкестік: Тұңғыш ғарышкер 2 қазан күні, ал Айдын ағамыз 2 қыркүйек күні ғарыш сапарына аттанды. Күнтізбеге қарасаңыз екеуі де аптаның сәтті сәрсенбісіне тура келеді екен.

Соңғы және ең қызық сәйкестік: Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшқандағы командирі - Александ Волков болатын. Ал Айдын Айымбетовтың командирі Александр Волковтың ұлы - Сергей Волков!

Мұның барлығын жай кездейсоқ сәйкестік дерсіз, дегенмен мықты тұлғалар арасында біз түсіне бермейтін құпия ұқсастықтар болатыны шындыққа жанасатын сияқты. Осы фактілердің барлығын Тоқтар Әубәкіровпен өткен кездесу барысында өзіне айтып бергенімізде, ол кісі таң-тамаша қалған. Содан кейін біз "Осыншама ұқсастық болатындай Айдын Айымбетов екеуіңіздің араңызда қандай байланыс бар?" деп сұрағанымызда, ол кісі: "Айдын - менің балам!" - деп әзілдеген еді.

Расында қазақтың батырлары өз ізбасарларына осылай қамқорлық жасап, қолдап жүргені өте жарасымды емес пе?!" - деп аяқталады Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті, "Тұлғатану" қоғамдық жобасының жетекшісі Абай Сейфуллаұлының мақаласы.




Ал енді ресми деректерге кезек берейік. 


Осыдан 70 жыл бұрын (1946) Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы, авиация генерал-майоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров дүниеге келді.
Ол Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін, 1979 жылы Мәскеу авиация институтын бітірген. 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындаған. 1989 жылы 1-ші болып авиатасушы крейсердің алаңқайшысына «МиГ-29г» реактивті ұшағын шеберлікпен дәл қондырған. Сондай-ақ ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізген.
1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынып, 1991 жылы сәуірдің 2-сінде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы қазанның 2-сінде Байқоңырдан «СоюзТМ-13» кемесімен ұшқан. 
Ғарышқа Александр Александрович Волковпен және австриялық ғарышкер Франц Фибекпен бірге «Союз ТМ-13» ғарыш кемесінің ғарышкер-зерттеушісі ретінде ғарышқа аттанды. Қазақстан мен Австрияға ғарышқа жол ашқан бұл тарихи оқиғаны Қазақ КСР-ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Австрия Республикасының канцлері Франц Враницкий бақылады.
Осы күні Нұрсұлтан Назарбаев Байқоңыр ғарыш айлағында республиканың Ұлттық ғарыш агенттігі құрылатындығы туралы мәлім етті.
Ғарышта ол өзге серіктестерімін бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынған. Сонымен қатар Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды, аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да ойдағыдай өткен. Ол Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери партриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты.
1992-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық Аэроғарыштық агенттігінің бас директоры, Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары.
1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.
1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, кеңесшісі. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары.
2002-2003 жылдары - «Испат-Қармет» ААҚ-ының корпоративтік істер жөніндегі орынбасары. 2004-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық іс, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.
«Парасат» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен «Құрмет белгісі», Ленин, Қазан революциясы, «Алтын крест» ордендерімен марапатталған.

***


44 жыл бұрын (1972) «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ ғарыш жүйелерін құру мен пайдалану жөніндегі вице-президенті, қазақ ғарышкері, әлемнің 545-ші ғарышкері, Қазақстан Халық Батыры, Қазақстан ӘӘК генерал-майоры АЙЫМБЕТОВ Айдын Ақанұлы дүниеге келді.

Талдықорған облысында туған. Армавир жоғары әскери авиациялық училищесін бітірді, ұшқыш-инженер (1993), Ю.А. Гагарин атындағы ғарышкерлерді дайындау орталығы, жалпығарыштық дайындықтан өткен (2003).

Еңбек өтілі: ҚР ӘӘК қызметі, жоюшы ұшқыш (1993-1995); «СУ-27» (1995-2003) ұшақтарында авиациялық эскадриль авиациялық буынының командирі, ҚР ҰҒА төрағасының кеңесшісі (2009-2016).

Қазіргі лауазымында 2016 жылғы қаңтардан бастап қызмет етеді.

Айдын Аимбетов 2015 жылдың 2-нен 12-ші қыркүйек айында «Союз ТМА-18М» 2 көлік басқару кемесінің (ТБК) бортинженері ретінде «Халықаралық ғарыштық станцияға» (ХҒС) ғарыштық ұшуды іске асырды. ХҒС ЭП-18 экспедициясының мүшесі болды. Жерге «Союз ТМА-16М» ТБК оралды. Ұшу мерзімі аралығы 9 тәулік 20 сағат 13 минут 51 секундты құрады.



БАҚ және интернет желісі материалдары негізінде дайындаған: Айдар Жанай
 

Комментарии




Яндекс.Метрика