17 Октябрь
13:28
Астана: 13 °C
Алматы: 21 °C
USD/KZT: 333.03
EUR/KZT: 392.61
RUB/KZT: 5.82
CNY/KZT: 50.54
Әлем жаңалықтары
15 маусым 15:27
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Бүлік қайталанбауының кепілі не: қатаң жазалау ма, сананы тазалау ма?!


Дәл қазір қоғамда күйіп тұрған екі мәселе бар. Біріншісі, жерді сату мен жалға беру мәселесі. Ол әзірге комиссияның отырысына байланысты саябырсып тұр. Иә, жер дауы бұрын да болған, бүгін де бар, ертең де бола бермек. Өйткені, жер дегенде қазақтың шығарға жаны басқа.

Екіншісі, Ақтөбедегі террористік акт. Жантүршігерлік жағдайдың орын алғанына он күн енді ғана толды. Әлбетте, бейбіт заманда азаматтардың қаны төгілген 5 маусым нешеме жылдар өтсе де, ел тарихында қаралы күн болып қала бермек. Бір анығы, лаңкестік әрекет баланың ойыны емес. Әлемді алаңдатқан түрлі террористік топтардың алдында өркениетті елдердің өзі шарасыздық танытуда. Әйтпесе, олар Франция және басқа да Еуропа мемлекеттерінде ойран салар ма еді. Сол ібіліс іргемізге де келіп қалғанын Ақтөбе оқиғасы ескертті. Ал, онда ойран салғандар сонау кәрі құрлықтан немесе АҚШ-тан мұхит асып келген жоқ.

Нешеме күннен бері атып өлтірілгені бар, ұсталғаны бар, содырлардың суреттері мен аты-жөндерін жариялап жатқан жоқ па. Содан бәрі де өз еліміздің азаматтары екенін, дені қазақтың қара­домалақтары екенін аңғардық. Демек, атам қазақ айтып кеткендей, жау алыстан келген жоқ, өз ішімізден шықты. Артында кімдер тұрғаны белгісіз бүгінгі терроризмнің немесе экстремизмнің дейміз бе, ең қорқыныштысы да осы. Алыстан арбайды, жақыныңды жат қылып өзіңе қарсы қарумен айдап салады. Бұл ғаламтордың құдыреті емес, оның мүмкіндігін пайдаланып отырғандардың идеологиясының күштілігі. Сыртқы жаудан ішкі жаудың қауіптілігі сонда, оның қай уақытта, қай жерден шыға келетіні белгісіз. Ақтөбе ойраны соның кезекті дәлелі.
Сондықтан болар, «қанды жексенбінің» құрбандарын қалың ел апта бойы аза тұтып, оққа ұшқан батырларының аруағына құрмет көрсетіп, артында қалған отбасыларына қол ұшын созуда. Облыс әкімдігі қара жамылған отбасыларға 5 млн теңгеден беруге шешім етті. Тағдырын оққа байлаған полицейлерге республика бо­йынша әріптестері бір күндік жалақысын аударуда. Өңір әкімі лаңкестерді ұстауға атсалысқан тәртіп сақшылары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерін арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Тіпті, марапаттау сәтінде ерлік көрсеткендерді мемлекеттік наградаға ұсыну туралы басшыларына өтініш жасағанын да жасырмады. Содырлар әскери бөлімге басып кіргенде, оларға тойтарыс беремін деп өмірін құрбан еткен батысқазақстандық әскери қызметші Берікжан Қалиевтің отбасына туған өңірінің әкімі Алтай Көлгінов үш бөлмелі пәтер кілтін табыстады. Жұбайын мектепке жұмысқа орналастырып, балаларын мектеп пен балабақшаға жайғастыруға да әкімдік қол ұшын созыпты. Мұның бәрінің ар жағында Елбасының ешбір отбасы қараусыз қалмасын деген тапсырмасы жатыр. Иә, бұл шаралардың ешқайсысы қайғы жұтқан отбасылардың марқұм болған жақынын қайта тірілтпейтіні анық, бірақ, асыраушысынан айырылған отбасыларға жәрдем болары сөзсіз.
Мемлекеттің тұрақтылығы мен ел тыныштығына төнген қауіптің бетін өз өмірлерін бәске тіге отырып қайтарғандардың артында қалғандарға қайтарымсыз көмек көрсету өз алдына бөлек шаруа. Енді сойқан салған содырлар жайлы бірер сөз. Кешелі бүгін арнайы органдар Ақтөбедегі терактіге қатысқандардың ең соңғысы ұсталғанын хабарлады. Негізі олардың ұсталғанынан көзі жойылғанының саны көп. Операция барысында жер жастандырылған бүлікшілердің денесі туыстарына берілмейді және жерленген жеріне аты-жөндері де жазылмайды. Бұған 2013 жылғы Үкімет қаулысымен тыйым салынған.
Қош, сонымен, «болары болып, бояуы сіңді» делік. Бірақ, бұл бүлікшілердің бірінші рет бой көтеруі емес­тігін ескерсек, онда тағы қайталанбасына кім кепіл?! Ал, қайталанбасы үшін не істеу керек, мұның себебі қайсы (салдары белгілі), жазасы қандай болғаны жөн деген секілді сауалдар сананы сан-саққа жүгіртіп жатыр. Әуелгісі Парламент 5 жылдан бері өзгермеген террористік актіге барғандарға қолданылатын заңдық жазалау нормаларын қайта қарамақ. Мұны алғашқылардың бірі болып мәжілісмен Мәулен Әшімбаев жеткізген еді. Бекболат Тілеухан да әріптесіне болысып, «дінді жамылып мұндай қанқұйлы әрекеттерге баратындарға қатаң шара керектігін» қадап айтты.
Нақты Ақтөбеде тапа-тал түсте қару алып қырғын салғандарға келсек, жергілікті теологтар олардың салафизм ағымының арбауында кеткеніне сендіріп бағуда. Осы себепті аталмыш ағымға заң жүзінде тыйым салу керек деген ұсыныстарын да жеткізді. Олардың діни мазмұндағы түрлі жазбаларға толы ғаламтор парақшаларын оқып, зерттегеннен кейін осындай байламға келген. Имамдардың сөзіне сүйенсек, әлгілер «жиһадта көз жұмғандарды жұмақта хор қыздары күтіп тұр» дегенге иланса керек. Салафизмді айтқандағымыз, елімізде 15 мыңдай адам өздерін салафитпіз десе, тағы 500-дей өкілі түрмеде отыр. Белгісізі қаншама.
Елге ортақ қайғыда бір-бірімізді кінәлау қаншалықты шындыққа жеткізетінін айту қиын. Алайда, сол өзара айыптаулар басталып та кетті. Бірі мұны құқық қорғау органдарының алдын ала алмағанынан, болжамағанынан көрсе, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзі басқарып тұрған өңірдегі діни ахуалдың ушығуына байланысты имамдарға шүйлікті. Әкімге салсақ, «бүлік шығарғандар мешітке келіп тұрады, молдалар бәрін таниды, бірақ жасырады немесе қорқады, одан қалса сауатсыз». Дегенмен, имамдарға араша түскендер де табылды. «Ақтөбедегі жағдай барлығымыздың жанымызға батып отыр. Бүлікшілердің әрекетіне имамдарды кінәлау – орынсыз. Қай тұрғыдан алып қарасақ та имамдар қорғансыз. Бұл бағыттағы жұмысқа Діни басқармамен қоса, ең бірінші, құқық қорғау органдары да жауапты. Дін қызметкерлері жат ағыммен ағартушылық бағытта үздіксіз жұмыс жасап келеді», – деген болатын Дін істері комитеті Дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығы Исламды зерттеу бөлімінің басшысы Мұхан Исахан. Бұл реттегі тоқтауға болатын ортақ ойды «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамед айта алған сынды. Оған сенсек, Ақтөбеде сойқанның орын алуына «уағызымыздың жетпегені, тәрбиеміз бен айтар сөзіміздің өтпегені себеп болуы да мүмкін». Мұның бәрі кімнен не кінә кетті деген мәселеге орай жорамалдар.
Ал, жазалауға келсек, сенатор Серік Ақылбай өлім жазасына 13 жыл бұрын жарияланған мораторийді алып тастап, жазықсыз жандардың өмірін қиып, «террорист» атанғандарға аталмыш шараны қолдану қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ, ол араб елдерінде оқып келгендердің мешітте жұмыс істеуіне қарсы. Себеп біреу, шетелден саналары уланып келгенімен қоймай, елді де тура жолдан тайдырады. Иә, өзгені аямағандарды мемлекеттің де (Елбасы меңзегендей) аямағаны дұрыс шығар.
Тек бір жағдайды ескерсе, кеше ақтөбелік Данияр Уайсов есімді тұрғын операция кезінде қаза тапқандардың тізімінде өзінің аты-жөні жүргенін мәлімдеп, оны таратқан ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдардан өзінен кешірім сұрауын талап еткен болатын. Артынша, Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті тізімде ондай қателік болмағанын жеткізіп, ақталды. Айтпағымыз, өлім жазасы қолданысқа қайта енген жағдайда да тиісті органдар бейбіт тұрғындардың «террористер тізіміне» еніп кетпеуін қадағаласа екен. Қалай болғанда да, жазалауды күшейтеміз деп жүріп тура жолдан адасқандардың санасын тазалауды ұмыт қылмасақ игі.

Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ,
«Заң газеті»
нравится:    755
Теги: Қоғам, Главная,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии

  • Асылзат2016-06-16 14:59:35
    бұл мәселені шешу кезінде мемлекет пен қоғамның қолындағы барлық мүмкіндіктерді кешенді түрде қолдануымыз керек.
  • Саян2016-06-16 18:02:06
    Меніңше екеуі де қажет.Қатаң жазалаусыз терроризмді жоя алмаймыз. Ал сананы тазалауға келгенде бұл жерде Құранмен дәлелдей алатын, адасқандардың көздерін ашатын сауатты имамдар керек.