|    |  
21 наурыз 2019
02:30
қаз
Емізікті дұрыс таңдай аласыз ба?
04 наурыз 2019, 12:16 42


Балаға қандай емізік алу қажет және қай уақыттан бастап бере бастаған жөн деген сауал талайларды қызықтыратыны сөзсіз. Перзентханадан аузында емізігі бар жаңа туылған сәбилерді кездестіруге болады. Бұл дұрыс деп ойлайсыз ба?!! Әрине, жоқ!!! Өмірге енді ғана шыр етіп келген бала бірінші емізікті емес, анасының омырауын емуді үйренуі тиіс. Дәрігерлер ананың ақ сүтін ему мен емізікті ему арасында үлкен айырмашылық бар екенін айта келіп, тым құрығанда екі аптадан соң ғана емізікке үйрету керек деген кеңес береді. Осы уақыт аралығында бала сору үрдісіне машықтанып үлгереді. 

Ескерту: Емізікті көп әрі ұзақ сорған баланың жақтары дұрыс қалыптаспай, аузынан сілекей ағып жүретін халге жетеді. 
Жаңа туылған сәбиге емізікті көбіне келесі жағдайларда беруге кеңес беріледі: 

Жиі мазасызданып, ұйықтауы қиынға соққанда; 

Іші кепкен жағдайда. Емізік газдың сыртқа тез шығуына септігін тигізеді; 

Қолын аузына сала беретін болса; 

Омырауды жиі еміп, одан ұзақ уақыт ажырағысы келмес 

Дәріханада болсын, дүкенде болсын емізіктің түр-түрі сатылады, солардың ішінен балаға қажеттісін таңдап алу қиынға соғады. Сонымен қандай емізікті таңдаған жөн? 

Көбіне емізікті негізгі екі материалдан жасайды, олар: латекс және силикон. 

Латекс (каучук) – бұл түсі сары табиғи материал 

Әдетте латекстен жасалған емізіктер әлсіз әрі уақытынан ерте туылған сәбилерге беріледі. Латексті емізіктің ауыз-қуыста жылынатын қасиетінің арқасында ананың омырауына ұқсас келеді. Алайда, мұндай емізіктерге шаң-тозаң үйір келеді, оны жуудың өзі қиынға соғады. Өте жұмсақ болуына байланысты емізікте микроскопиялық жарықшалар тез пайда болады. Латексті емізіктерді күннің тікелей түсуінен сақтау керек. Сары түсті емізіктің қоңыр түске айналуы, оның жарамсыздығын білдіреді. Жалпы латексті емізіктерді 4-6 аптада бір рет ауыстырып тұруды ұмытпаған жөн. 

Силикон – түссіз синтетикалық материал. 

Силиконды емізіктердің ең жағымды тарапы – балалардың бойында аллергия туғызбайды. Латексті емізікке қарағанда силиконды емізік пішінін жақсы сақтайды, иістерді сіңіріп алмайды және тазалауға ыңғайлы. Мұндай емізіктерді уақытында туылған, сору рефлексі жақсы дамыған сәбилерге беруге кеңес беріледі. Алайда, силиконды емізіктердің уақыты өткен сайын қатайып, уатыла бастайтынына байланысты тісі шыққан балаларға беруге тыйым салынады. Бала емізікті тістеп, жұтып қоюы мүмкін. 

Емізіктерді қолдану ережелері: 

- Бір баланың емізігін екіншіге бермеу; 

- Сырылған, жырылған немесе тесік пайда болса қолданбау; 

- 6-8 апта аралығында ауыстыру; 

- Сабынды жылы суда жуу; 

- 2-3 минут суда қайнату; 

- Тазалықта болуын қамтамасыз ету; 

- Киімге немесе мойынға асып қоятын арнайы емізік бауларын қолдану; 

- Емізіктерді сақтайтын арнайы контейнерді пайдалану. 

Емізіктерді сатып алмас бұрын қай жасқа арналғандығын біліп алған абзал. Емізіктің орауышында I маркасы көрсетілсе - 0 мен 6 ай, ІІ – 6 айдан бір жас аралығы, ІІІ – 1 жастан 1,5 жасқа дейінгі балаларға арналғандығын білдіреді.

Дереккөз: Reactor


Жаңалықтар