19 Декабрь
04:04
Астана: -20 °C
Алматы: -9 °C
USD/KZT: 335.33
EUR/KZT: 395.49
RUB/KZT: 5.70
CNY/KZT: 50.75
Әлем жаңалықтары
5 мамыр 16:09
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

​ЕР ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ: Майдангер Сиғуат Мамырбеков туралы естелік (ФОТО)

Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ халқы Кеңес Одағының басқа ұлттарымен бірге Отанын басқыншылықтан қорғап қалды. Қазақтың қайсар ұлдары Брест қамалынан бастап Берлинге дейінгі аралықта қанқұйлы соғыстың бел ортасынан көрінді. Біздің аталарымыз Сталинград түбіндегі, Днепр өткелінде, Мәскеу мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерлік көрсетті. Украинаны, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етіп, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Осылай жан беріп, жан алысқан шайқастарда майдангер Сиғуат Мамырбеков та болды.
Мамырбеков Сиғуат 1921 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданына қарасты Теректі-Бұлақ ауылында дүниеге келген. Жасынан білімге құмар ол ерте хат танып, білім алып, оң мен солын тани бастағанда әскер қатарына шақырту алды.
1941 жылы соғыс басталғанда ол алғашқылардың бірі болып соғысқа аттанды. С. Мамырбеков соғыстың алдыңғы шебінде Ленинград үшін шайқаста ерекше көзге түсті. Елді фашистердің басқыншылығынан азат етуде, Сталинград түбіндегі, Мәскеу мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерлік  көрсетті. 
Ол соғыста қатардағы жауынгерден бастап байланыс батальонының телефонист-радист қызметтері деңгейлерінен өтті. Өзінің ісін өте тиянақты атқарған атамыз 1945 жылы жеңісті Берлин қаласында қарсы алды.
Сиғуат Мамырбеков «Ерлігі үшін»,  «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «ҰОС Жеңісіне 20 жыл», «ҰОС Жеңісіне 30 жыл» т.б. көптеген медальдар және ордендермен марапатталған.
Елге жеңіспен оралған соң туған аулында зайыбы Қайникамалмен отау құрып, одан 6 қыз және 2 ұл сүйіп тәрбиелеп өсірді. Атамыз Сиғуат пен апамыз Қайникамал екеуі 50 жыл тату-тәтті отасып, алтын тойларын туған-туыстарының, бала-шағасының, немерелерінің арасында ерекше атап өткен болатын.
 Соғыстан кейін мектепте мұғалім қызметін, кейін түрлі салада жемісті еңбек етті. Сиғуат Мамырбековтің көзін көрген қариялардың айтуына қарағанда, ол өте сабырлы және қайсар, бір сөзді, еңбекқор адам болған екен.
«Ерлік пен отаншылдықты, азаматтық пен еңбек сүйгіштік қасиеттерді бәрінен жоғары қоятын және оны кейінгі ұрпақтарына үлгі ететін атам 78 жасында дүниеден озды. Мен ес білмеген кезде атам о дүниелік болып кеткен. Алайда оның ерліктері мен еңбек жолын біліп  өстім. Отбасымызда қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын 9 мамыр Жеңіс күні атамыздың зиратына барып аруағына құран бағыштаймыз. Оның ғибратты өмірі туралы апамыз да бізге жиі әңгімелеп айтып береді. Сондықтан да біз үшін  батыр атамның өткен ерлік жолы - ұрпақтары үшін жазылмаған батырлық дастаны іспетті», - дейді Сиғуат Мамырбековтің немересі Ақбөкен Мамырбекова.
Бүгінде Сиғуат Мамырбековтің ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салаларда еңбек етіп өсіп-өнуде. Батыр атамыздан тараған ұл мен қыз Сиғуат әулетінің шамшырағын өшірмей келеді. Атамыздың ұрпақтары мен туған-туыстары оның батырлық пен қайсарлыққа толы ерлік жолын әрқашан мақтан тұтады. Ер есімі ел есінде мәңгі сақталады!
нравится:    750
Теги: Қоғам,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии