Stan.kz.
Мәдениет
30 сәуір 10:14
Гүлнұр Оразымбетова «Абай жолының» авторын шатастырған оқушыларды түзетпеді деп айыптағандарға жауап берді
Әнші, тележүргізуші Гүлнұр Оразымбетова «Таңшолпан» бағдарламасының түсірілімі кезінде «Абай жолының» авторын шатастырып, «Маржан Жұмабаев» деген оқушыларды неліктен түзетпегенін түсіндіріп, өзін айыптағандарға жауап берді, деп хабарлайды  Stan.kz.



Оразымбетованың айтуынша, өзін айыптап, аталған видеоны жариялап жіберген адамдар видеоны толық көрсетпеген. Оқушылар жаңылысқаннан кейін тележүргізуші Данияр Есен оларды түзетіп, «Абай жолының» авторы Мұхтар Әуезов екенін айтқан.

«Кешеден бері әлеуметтік желілерде шу болып жатқан жағдайға байланысты өз нұсқамызды ұсынғанды жөн көрдік. Жазба авторының не үшін видеоның толық нұсқасын көрермендерден, оқырмандардан жасырып қалғанын түсіне алмадық.

Баланың қателескен жауабынан кейін жүргізуші Данияр Есеннің 15 секундтан соң: «Расында да, көптеген кітаптар бар. Оның ішінде Әуезовтің «Абай жолы» кітабы қазақтың тарихынан сыр шертетін үлкен бір туынды десек те болады» – деп қатені түзеткенін неге жазба авторы видеода толық көрсетпеген?», – деп жазды Оразымбетова Instagram парақшасында.

Сондай-ақ, Гүлнұр Оразымбетованың түсіндіруінше, олар оқушылардың психологиялық жағдайын ойлағандықтан, бірден сөздеріне араласып, түзетуді жөн көрмеген.

«Неге сол уақытта іле-шала түзетпедіңіздер?» – деген сұраққа жауабымыз: баланың психологиялық жағдайын ойладық. Оның үстіне зияткерлік сайыста топ жарған оқушының қатесін бетіне баспай, өз замандастарының арасында ұятқа қалдырмай, ақырын жұқалап жеткізуді мақсат қойдық. Және 15 секундтан соң солай жеткіздік те.

Негізі қазіргі журналистикада бір сөзді қиып алып, одан сенсация жасау сәнге айналып бара жатыр.

Сөзімізді қорыта айтқанда, видеоның толық нұсқасын көріп шыққан дұрыс болады. Оқырмандарымызға айтарымыз, қандай да бір комментарий жазбас бұрын, қандай да бір шешім қабылдамас бұрын ақпаратты зерттеп, оның нақтылығына, рас-өтірігіне көз жеткізіп алған абзал», – дейді Гүлнұр Оразымбетова.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қазақстан ұлттық арнасынан берілетін “Таңшолпан” бағдарламасының жүргізушілері Гүлнұр Оразымбетова мен Данияр Есен тікелей эфирде ұятқа қалған еді. Олардың “Абай жолының” авторы Маржан Әуезов деген оқушыларды түзетпегені жазылды.

Дереккөзі: stan.kz

Комментарии




Яндекс.Метрика