19 Август
22:49
Астана: 15 °C
Алматы: 17 °C
USD/KZT: 332.80
EUR/KZT: 390.57
RUB/KZT: 5.60
CNY/KZT: 49.88
Мәдениет
30 мамыр 10:50
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Иманжүсіптің өз қолымен жасаған ері-тұрманы мен жүгені мұражайда сақтаулы


Қазақтың белгілі әншісі Иманжүсіп Құтпанұлының өз қолымен баласы Нұр­ханға жасаған ертоқымы, аты­ның жүгені, жабуы бар, Ақмола облысы Аршалы ауданы Жібек Жолы ауылындағы мұражайда тұр, деп жазады «Астана ақшамы» газеті.
Сағымы теңіздей толқыған сайын далада кімдер ғұмыр кешпеді?! Аузымен құс тістеген шешендер де, азулы билер де, айбарлы батырлар да өмір сүрді. Солардың бірегейі - Иманжүсіп Құтпанұлы. Кеудесін ешкімге бастырмаған, басынан сөз асыр­маған даңқты ер туралы аңыз әлі күнге жырдай айтылады.  
Тектінің тұяғы
Даланың көкбөрісі атанған Иманжүсіп атамыз текті тұқым­нан тараған. Оның ұлы атасы Тұрғанбай датқа Сіргебайұлы Түркістанды билеген. Қоқан хандығының қорлығына көнбей күресіп, бір шайқас үстінде қаза табады. Одан кейін датқа әулеті қуғынға түседі. Тұрғанбай датқаның әйелі Мәлике анамыз бір жасар ұлы Баймырза мен Тұрғанбайдың бес жасар інісі Басықараны алып, Қаратаудың Өгізмүйіс деген жерін паналайды. Екі баламен алысқа ұзай алмай, ұлы Баймырзаны тасалау жерге жасырып, қайнысы Басықараны ертіп, Арқаға бет алады.
Айдалада жасырылған, мойнында аманат белгісі бар шиеттей жас баланы Қыр мен Сырдың арасына қатынап жүрген керуеншілер ішіндегі Дайрабай есімді кісі тауып алып, бауырына басады. Есімін Құтпан қояды. Ақмола дуанына Ыбырай Жайықбайұлы аға сұлтан болып сайланған тұста Құтпан Қараөткелге қоныс аударып, Күйгенжар деген жерді мекендейді.
Құтпан да (негізгі есімі Баймырза) - қазақтың соңғы ханы Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің ерен батырларының бірі болған.
Иманжүсіп - бір кіндіктен үш ағайынды. Ағалары Ақшабай мен Шоңай көшелі, дәулетті кісілер болған. Алып адам бала жасынан ерке, бірбеткей, тентектеу болып өседі. Ат жалын тартып мінгеннен-ақ батыр тұлғалы жігіттің аты шығып, сайын даланың серкесіне айналады. Патшалық Ресей мен елдегі кейбір қандастардың қысымына шыдамай алағай-бұлағай күн­дерді де бастан кешеді. Жалған жаламен қуғындалады. 1905-1912 жылдары Өскеменге, 1914 жылы Жетісуға жер аударылады. Шұбарағаш, Ойжайлау, Лепсі, Қапалда тұрып, бірнеше рет жауапқа тартылады. Ақыры, 1913 жылы ата-бабасының кіндік қаны тамған Шиеліге табан тірейді.
 Арқаның асқақ жыршысы
Иманжүсіп атамыз жасынан өлең-жырға, шешендік сөзге құмар болып өседі. Серілік салтты ұстанады. Әуелетіп ән салады. Құйқылжытып домбыра тартады. Ит жүгіртіп, құс салады. Жауырыны жерге тимеген палуан атанады. Дәлірек айтқанда, бір басына сан түрлі өнер қонған елдің рухты азаматы болады. Саңлақ сарбаз бала кезінен Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди әндерін айтып ер жетеді. Естай, Жарылғапберділермен дос болған. Арқаның тағы бір әйгілі әншісі Жаяу Мұса Иман­жүсіппен жақын сыйласқан.
Жалпы, Иманжүсіптің шығар­малары өр рухты, еркін, сазды келеді. Заңғар ғалым Қаныш Сәтпаев та оның әндерін жо­ғары бағалаған. «Бұғалы мен Тағалы», «Сарымойын», «Ішім өлген, дүние-ай, құр сыртым сау», «Әкем Құтпан болғанда, ағам Шонай», «Қысырақтың үйірі жирен ала», «Мен қа­лайша жалғанда тұрақтайын» секілді туындыларын ел әлі күнге ұйып тыңдайды. Белгілі өнер зерттеушісі А.Затаевич оның шығармаларын нотаға түсірген. «Қазақ халқының 1 000 әні» атты жинағына енгізген. Оның әні Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсына (Бекежан ариясына) пайдаланылған.
Осы жерде танымал жазушы Зейтін Ақышев Иманжүсіп жайлы «Шынардың шыбығы» деп аталатын роман жазған. Көрнекті қаламгер Оразбек Сәрсенбай ағамыз да дауылпаз тұлғаның өмірі мен өнері туралы көбірек қалам тербеді.
Өлімі де жұмбақ ер
Қайда барса да қуғыннан көз ашпаған ардақты атамызды Кеңес үкіметі де қырына алады. Ақыры, 1930 жылы Мойынқұм көтерілісіне қатысты деп тұтқынға қамайды. Содан 1931 жылдың 2 наурызында ату жа­засына кеседі. Ол кезде Иман­жүсіп атамыз 68 жаста ғана. Барлық саналы өмірі ат үстінен түспей, елі мен жері үшін өр
басын ешкімге имеген қайсар тұлға осылай көз жұмады.
Көрнекті қайраткердің есімі ел тәуелсіздік алғаннан кейін көмбе астында жатқан сом алтындай жарқырап шыға келді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары басында толық ақ­талады. Атасының өмірін терең зерттеп жүрген немересі Рау­шан Көшенованың еңбегі ерекше.
2012 жылы ол Тараз қаласынан атасының сүйегі жатқан жерді табады. Ол ертеректе шахтаның орны болған екен. Сол жерге ату жазасына кесілген адамдарды көмген.
Раушан Көшенова да - білікті ғалым, философия ғылым­да­рының докторы. Атасы туралы үлкен кітап жазған. Бірнеше мақалалары жарық көрген. Иманжүсіп­танудың негізін салушылардың бірі десек артық айтқандық болмайды.
Бүгінгі таңда Ақмола облысы Аршалы ауданы Жібек Жолы ауылында Иманжүсіп Құтпан­ұлы атындағы орта мектеп бар. Аталған білім ордасына оған батырдың есімі 2002 жылы берілген. Аталған оқу ордасында дарабоз тұлға атында шағын мұражай жұмыс істейді. Оған Раушан Нұрханқызы жетек­шілік етеді.
- Әкем маған: «Бірінші, атам­ның сүйегі жатқан жерін анықта, екінші, суретін тауып ал» деп аманат жүктеп еді. Екеуі де орындалды. Атам ақталғаннан бері соны елге таныту, мұраларын жинақтап кітап шығару жұмыстарымен айналысып келемін. Мектеп мұражайы да ашылды. Мұнда атам­ның көптеген дүниелері бар. Өз қолымен баласы Нұр­ханға жасаған ертоқымы, аты­ның жүгені, жабуы бар. Ол кісі жайында жазылған қан­шама деректер жинақталды. Туған-туыстарының суреттері сақталды. Егер қаржы табылып жатса, осы музейді одан әрі көркейтіп, ел аяғы үзілмейтін орталыққа айналдырсам деймін. Біздің әулетіміз де қуғыннан көз ашпады. Әкем атамнан он жасында жетім қалады. Одан кейін бас сауғалап Өзбекстанға өтеді. Сол жақтан елге 1946 жылы оралады. Содан әкесінің туыс­тарын іздейді. Әйтеуір, оларды іздеп табады. Әкесінің жазықсыз екенін айтып, жоғарыға хат жазады. Соның барлығы менде сақтаулы. Иманжүсіптің қызы Күләнда әжеміз жасы 102-ге келіп, дүниеден озды. Солардың естеліктерін жазып алдым. Қан­шама көрнекті тұлғалардың кө­мегін көрдім. Идея көп. Соның барлығына қаржы қолбайлау болып тұр. Ауылдық іргеде біз­дің әулеттің зираты бар. Соны әкімдік қоршап береміз деп отыр. Енді айта берсе атқарылмақ жұ­­мыс көп. Соның барлығы да - атам үшін жасалып жатқан тағы­лымды іс, - дейді тектінің тұяғы.
Айтпақшы, алдағы 30 мамырда даланың даңқты дарабозына арналған «Конгресс-холл» сарайында «Уа, ағайын, мен бо­ламын қазақтың Иманжүсібі» атты әдеби-сазды кеш өтеді.

                                                                                                                                                                       Аманжол Есенжол 


нравится:    796
Теги: Театрлар, мұражайлар, көрмелер,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии