|    |  
14 қараша 2019
08:26
қаз
Қарақат Әбілдина отбасылық бағдарламаның тізгінін ұстамақ
25 қыркүйек 2017, 12:31 58
Қарақат Әбілдина әншілік пен тележүргізушілікті қатар алып жүрген әнші. Әншіге «Бенефис-шоудан» кейін тағы бір бағдарламаның тізгінін ұстау туралы ұсыныс түсіпті. Жаңа жоба «Ана мен бала» деп аталады. Отбасы, ана мен бала тақырыптары қозғалмақ. Бағдарлама қалың көрерменге қазан айында жол тартады. Бұл жаңалығымен Қарақаттың өзі желідегі парақшасында бөлісті.



«Осыдан үш жыл бұрын тәуекелге бел буып, «Бенефис-шоу» бағдарламасын жүргізуге келісім берген едік. Тележүргізуші болуды ешқашан мақсат тұтпасақ та, бұйрық деген жібермейді екен. Шүкір, бағдарлама сәтті болған сияқты. Осы күнге дейін көрерменнен жылы пікір естіп келеміз. Дәл осы жоба арқылы тележүргізушіліктің қыр-сырын меңгеріп, біраз тәжірибе алғанымыз рас.
 
Таяуда «Хабар» арнасы тағы бір үлкен жобаны жүргізуге ұсыныс жасады. Шыны керек «Бенефис-шоудан» басқа да бағдарлама жүргіземін деген ой болған емес. Бірақ, бұл жобаның тақырыбы жаныма жақын болған соң, ұсынысты қабылдаған жөн болар деп ойладым.  Жалпы қазіргі аналық рөлім мен бағдарламаның тақырыбы үндестік тауып жатқандықтан шығар, ойлана келе, келісім бердік.
 
Сонымен, бұйырса, жуырда «Ана мен бала» атты жаңа жоба жарық көрмек. Бұл бағдарламада ана мен балаға қатысты барлық мәселелер қамтылмақ: денсаулық, күтім, тәрбие. Әсіресе, ұлттық тәрбие мәселесіне ерекше ден қоймақпыз. Отандық телеарналарда отбасы, ер мен әйел мәселелеріне байланысты көптеген хабарлар болғанымен, нақты осы тақырыпты қамтитын өз алдына жеке жоба болмаған сияқты.
 
Менің анам 16 құрсақ көтеріп, барлық уақытын да, барлық ғұмырын да ұрпағына арнап, бақытын да сол балаларынан тапқан адам. Біз де енді перзентімізге дұрыс тәрбиеге беруге тырысып келеміз. Соның ішінде ұлттық тәрбиені тереңінен бойларына сіңіріп ұлттық дәстүрмен сусындап өссе деп тілейміз. Еліміздегі ата-аналарды жақсы түсінеміз, біз де барлық ата-аналар сияқты түрлі жағдайларға кезігеміз, бала тәрбиесіндегі күрмеуі қиын мәселелерді шешудің түрлі жолдарын қарастырамыз. Ал ананың денсаулығы, бала тәрбиесі мен күтімі қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан «Ана мен бала» жобасына атсалысуға бел будым.

Әрине дәл осы жобаны жүргізуге мен лайықпын деген сөз емес, аз-маз тәжірибем арқылы білгеніммен бөлісіп, білмегенімді осы жоба арқылы үйренсем деген ниет бар. Отбасындағы әкенің рөлінің маңыздылығын ескеріп Қыдырдың да осы бағдарламаға атсалысатынын айта кеткім келеді. Ендеше қазан айынан бастап, «Хабар» телеарнасының эфирі арқылы қайта жүздесеміз. Бағдарлама патша көңілді көрерменнің көңілінен шығар деп үміттенемін»-дейді әнші.
 
Дереккөз: Reactor
 


Жаңалықтар