18 Август
18:43
Астана: 21 °C
Алматы: 25 °C
USD/KZT: 332.68
EUR/KZT: 389.40
RUB/KZT: 5.60
CNY/KZT: 49.85
Әлем жаңалықтары
4 сәуір 13:37
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Қазақ халқында етікшілік өнер ежелден жақсы дамыған



Қазақ халқы аяқ киімді өте ертеден-ақ қажетіне қарай тігіп, пайдалана білген. Етікшілік өнердің дамып, өркендеуіне байланысты етікші шеберлер аяқ киім түрлерін олардың жасалған материалына, тұтынушысының жасы мен жынысына, әлеуметтік жағдайына байланысты түрлендіріп отырды. Аяқ киімнің өңделуі мен әшекейленуі жоғарыда аталған талаптарға байланысты  қыстық, жаздық, еркектер мен әйелдерге, балаларға, жұмысқа, салтанатты шараларға, қарттарға, жастарға арналған түрлерге бөлінді.
Археологиялық қазбалар кезінде біздің заманымыздан бұрынғы V ғасырларда таулы Алтай өңірін мекендеген тайпалардың былғарыдан, жүннен тігілген аяқ киімдері табылған. Мұндағы әйелдер аяқ киімінің қонышы иірілген жіппен өрнектеліп, жұқа жез немесе алтынмен апталған. Бұдан біз етікшілік өнердің біздің жерімізде ұзақ дәстүрге ие екенін білеміз.
 Бұрындары отбасы мүшелеріне аяқ киім тіккізгісі келген адамдар етікшіні өз үйлерінде бірнеше ай бойы қондырып ұстаған. Аяқ киім тігуге қажетті көн, былғары, қайыс, ұлтан, сірі, тоз, тарамыс сияқты заттарды аяқ киім тіккізушінің өзі табатын болған. Тек, ағаш шеге жасайтын кепкен қайың кесіндісін, ұсақ темір шегелерді, үлкенді-кішілі қалып түрлерін етікші әрдайым өзімен бірге алып жүрген. Аяқ киім тігумен тері, қайыс өңдеумен  маманданған адамдар айналысқан. Олардың атадан балаға беріліп отыратын өзіндік технологиясы, яғни тәсілдер жүйесі болды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ даласына сырттан келетін былғарының тарауына байланысты, саптама етік пен жеңіл етіктерді қалың қара былғарыдан тігу өріс алды. Сонымен бірге, орыс үлгісімен қисық табан жеңіл етік тігу де біртіндеп орын ала бастағандығы белгілі. Әйелдерге арналған жеңіл етікті қара, қызыл, жасыл түсті жұқа былғарыдан сәндеп тігеді. Олардың өкшесі биік келеді, қонышы түсті жібек барқыттармен көркемделеді, сонымен бірге сәнді кестеленеді.
Ер адамдарға арналған кебісті көннен немесе қалың былғарыдан түзу табан етіп тігеді. Бұлардың өкшесі биік болмайды. Әдетте, ер кісілердің етіктері мен кебістерінің өкшесіне темірден нәл қағады. Әйелдерге арналған кебістер түрлі түсті жұқа былғарыдан тігіліп биік өкше қағылады, әр түрлі жібек жіптермен кестеленіп көркемделеді. Әрине, мұндай әсем кебістерді ұзатылатын қыздарға арнап жасататын болған. (kk.wikipedia.org)
Кебісті әдетте, ерлер де, әйелдер де мәсімен киеді. Мәсіні көннен, қалың былғарыдан, ал әйелдерге арналатын мәсілерді сатылып алынатын түрлі түсті жұқа хромдардан тігеді. Дәстүрлі қазақы ортада аяқ киімдердің мынадай негізгі түрі таралған: етік, кебіс, мәсі, салтама, байлақ, шоқай және т.б. Кебіс пен мәсінің сан алуан ыңғайлы да, әдемі түрлері тігілген. Кебіс көбінесе малдың сауыр терісінен тігіліп, қалыпқа қатырылады.  (Шойбеков Р.Н. Етікшілік өнеріне байланысты кейбір атаулар)
Етік- былғарыдан тігілетін қонышты аяқ киім. Ертеректе қазақ етікшілері етіктің саптама, сақтиян, былғары, құрым, көк, қайқыбас, шоңқайма,тасұлтан, түзу табан етік, т.б. түрлерін тіккен. Етік адамның жас, жыныс ерекшеліктері мен жыл мезгілдеріне қарай түрліше тігіледі. Ерлердің жаздық етігі жұқа былғарыдан, ал қыстық етігі қалың былғарыдан қонышы ұзын етіліп (саптама етік), ал әйелдердің етігі жеңіл, жұқа былғарыдан өкшесі биік етіліп тігіледі. Әйел етігінің өкше сірісі, қонышы мен басы түрлі түсті жібек жіптермен кестеленіп немесе түсті былғарымен оюлап, әшекейленген. Етік тігу үшін былғары мен ұлтаннан басқа қайың, тоз, ағаш шеге, тарамыс, мықты жіп пайдаланылатын. Ертеректе қазақ етіктері түзу табан етіп тігіліп, оң аяқ пен сол аяққа бірдей киіле беретін. Етікті оң мен сол аяққа бейімдеп, қисық табан етіп тігу кейін пайда болған.
Саптама етік - қазақтың ұлттық аяқ киімдерінің бір түрі, оның кең қоншы тізені жауып тұрады. Тақым жағы сәл ойықтау келіп, аяқты бүгіп-жазуға кедергі жасамайды. Ол қысты күні киілетін болғандықтан ішіне киізден астар салып, сапалы былғарыдан, ертеректе жылқының немесе өгіздің терісінен ағаш кергішпен өкшесін аласа етіп тігетін болған.
Көн  етік - иге салып, түгін түсірген іріқара терісінен тігілген етік. Бұрынғы уақыттарда егін суарушылар, аңшылар тау-тасты, бұталы жерлерді аралағанда киетін аяқ киім. Көн етіктің шегрен етік сияқты өкшесі болмайды. Басы мен қонышы сыздықталып бекітілмей, тұтас пішіледі. Көн етікті кей жерлерде «шоқай» деп те атайды.
Кебіс - мәсінің сыртынан киюге арналып, былғарыдан тігілген, қонышсыз аяқ киім. Оның басын жұмсақ қара былғарыдан, табанын қатты ұлтаннан биік өкшелі етіп тігеді, оюлап әшекейлейді. Оның шолақ қонышты, жай табан, және кең ауыз деп аталатын түрлері бар.
Мәсі -ерлер мен әйелдердің киетін жеңіл аяқ киімі. Мәсіні жұқа ұлтан салып, жұмсақ былғарыдан, жұмсақ ешкі терісінен немесе құрымнан тігеді. сыртынан кебіс киеді. (Қазақтың қолөнер мәдениеті. Сұлтанқан Сағатжан)
Халқымыздың аяқ киімге байланыстыра айтатын ырым-тиымдары да бар. Қазақ aяқ киімнің табанына қарамайды. Өйткені оның бармайтын жері, баспайтын тауы «қалмағандықтан» былғанышты болады дейді. Оны көрген адамның көзі ұшынады-мыс. Ал аяқ киімінің табанына жазатайым көзі түссе, табанға үш мәрте түкіру керек. Яғни көзім ұшынбасын, аяғым ақсамасын деп ырымдағаны. Аяқ киімді төңкеріп қоймайды. Төңкеріліп қалса, қайтадан оңдап қояды. Шешкеннен кейін шашып тастамай, қатарлап қояды. Аяқ киім төңкеріліп қалса иесі қайғыға ұшырайды, шашылып жатса жолы кесіледі деп санаған. Аяқ киімді сол аяқтан бастап кимейді. Қазақта басқа кісілерге қаратып аяқ киім шешпейді. Әйелдер аяқ киімді тасаланып киеді немесе шешеді. Иен түзде, жаугершіліктен босып-көшкенде немесе түрлі жағдайларға байланысты түнде ұйықтаған кезде басына жастанатын ештеңе болмаса аяқ киімді жастануға рұқсат етілген. Ол туралы қазақта «етік жолға бастайды, шалбар сорға бастайды» деп етікті жастануға болады дейді. Ал шалбарды жастануға мүлдем тыйым салынады. Аяқ киімнің табанына салынатын ұлтарақты маңдайынан тіліп қояды. Мұны ұлтарақтың жолын ашу дейді.
                                                                                                                                                                 Бақытжол Кәкеш
 
нравится:    787
Теги: Қоғам,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии