18 Ноябрь
21:43
Астана: -1 °C
Алматы: 2 °C
USD/KZT: 332.21
EUR/KZT: 391.74
RUB/KZT: 5.57
CNY/KZT: 50.08
Туризм
5 қаңтар 13:40
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨРІКТІ ЖЕРЛЕРІ: Ақсу-Жабағылы қорығы (ФОТО)

Қазақстанның көрікті жерлері жайлы материалдар сериясын одан әрі жалғастырамыз. Бүгінгіә әңгімеміз - Ақсу-Жабағылы қорығы жайында болмақ.«Парижде болдым - Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым - Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым - олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым - оны да түсімде көрмедім ... Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін», деп жазады көрнекті суреткер, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза. Қазақ әдебиетінің бүгінгі үлкен ақсақалы Шераға Ақсу-Жабағылының сұлу табиғатын өзінің шығармаларында кестелеп, оған үнемі оралып отырған, қаламдас інілеріне жер жаннатының жай-күйіне үнемін азар аударып, оны қорғауға, мәпелеуге кеңес беріп отырады.
Сол Ақсу-Жабағылы қорығы Талас Алатауының (Батыс Тянь-Шань) солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан Қазақстандағы тұңғыш қорық. 1926 жылы 14 шілдеде көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың ұсынуымен және қажыр-қайрат салуымен құрылған екен. Сонымен қатар, қорық құрамына екі палеонтологиялық бөлім кіреді. Бірі Қарабастауда жер көлемі 126 га., екіншісі - «Әулие», жер көлемі 100 га. Екеуі де Бәйдібек ауданында, қорықтың негізгі аймағынан 120 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Бүгінде қорықтың аумағы 131 934 гектар алқапты алып жатыр. Оңтүстіктің алтын алқасы - Ақсу Жабағылы қорығы ЮНЕСКО-ның дүнежүзілік қорықтары тізіміне енген.



Қорық бірнеше биіктік белдеуде жатыр. Тау өңірінде бидайық, түрлі шөптер, боз жусан, жоғарысында селдір арша орманы, субальпі және альпі шалғыны өседі. Одан жоғарысын мұздықтар мен мәңгі қар жапқан. Ақсу - Жабағылы қорығының жерін Ақсу өзенінің аңғары (тереңдігі 500 м-дей) жарып өтеді. Өсімдіктер дүниесі әралуан. Онда мүктің 61, қынаның 58, жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1400 (дәрі-дәрмектік өсімдіктерден: қылша, сасыр, иманжапырақ, түйежапырақ, сарыағаш, шәйқурай, талас уқорғасыны), техникалық өсімдіктен: арша, рауғаш, итқұмық, таран, жеміс-жидектерден: жабайы алма, шетен, шие, қарақат, бүлдірген, жем-шөптік өсімдіктен жоңышқа, кекіребас, бедебас, түлкіқұйрық, көде, сондай-ақ эндемик өсімдіктерден майысқыш қияқ, талас қайыңы, ақшыл сары жоңышқа, қаратамыр, томағашөп, қандыгүл, реликті өсімдіктерден: жалған масақша, Минквиц кендіршесі, Қаратау сетені түрлері бар. Қорықтыңжануарлар әлемі де өте бай: сүтқоректілердің 42 (арқар, таутеке, елік, марал, барыс, Тянь-Шань қоңыр аюы, борсық, сусар, т.б.); құстардың 238 (гималай ұлары, кекілік, сақалтай, бүркіт, қара құтан, бозторғай, сарыторғай, ителгі, шымшық, т.б.); бауырымен жорғалаушылардың 9 (алай жалаңкөзі, сарыбауыр кесіртке, қалқантұмсықты қара шұбар жылан, сұржылан т.б.), қосмекенділердің 2 (жасыл құрбақа және көлбақа) және балықтың 2 түрі тіршілік етеді. Омыртқасыз жәндіктердің де алуан түрлері осы өңірде қоныстанған. Ақсу - Жабағылы қорығы - табиғаттың нағыз ғылыми лабораториясы, онда ғылыми-зерттеу жұмыстары үзбей жүргізіледі.


Қорық теңіз деңгейінен 1000 м-ден 4280 м аралығындағы биіктікте Тянь-Шань тауларында орналасқан. Негізгі биік аймақтары өзінің таңқаларлық бейнелерімен жартылай шөлейттер ылғалды жазықтармен алмасып аршалы ормандарына өтеді. Ылғалды даладағы бай жазықтар аршалармен астасып жатқан жіңішке бұталардың өсуіне қолайлы жағдай туғызған. Көздің жауын алатын қарлы шыңдардың бөктерінде түрлі түсті альпі гүлдері жайқалып өскен. Ақсу-Жабағылы сирек кездесетін, тек осы аймақтарға ғана тән өсімдіктер мен жануарлардың отаны. Бұл жерден тау қойын, ешкісін, маралдарды және еліктерді, сілеусіндер мен қар қабыландарын, қасқырлар мен түлкілерді, аюлар мен тағыландарды, ақкүмістерді таба аласыз. Осы жерлерде сарышұнақтарды да көруге болады.
Құстар әлемі өте бай. Жоғары аспанда мұртты грифтер, грифондар, жыланбүркіт пен алтын қырандар қалықтайды. Тасты жартастардың арасынан тау кекіліктерінің ұяларын, қар арасынан тылсым қар әтештерін кездестіресіз. Жапырақты орман көлеңкесінде от жалыны тәріздес шыбын ұстағыш қараңдайды. Тоқылдақтың ысқырған дауысы сыбызғының әнін еске салады. Күн сәулесі ойнаған жазық далаларында көбелектер ойнайды, арасынан сирек кездесетін Аполло көбелектерін де көруге болады. Өсімдіктер әлемі таңқаларлық. Кішкентай тас ағашы өзінің тамыр жаюымен белгілі. Амарантус Грандифолия өсімдігі бағалы майға толы. Грейг қызғалдақтары тау алаңқайларында қызыл жалындай жарқырайды. Қызғылтым флокулаларға Қоқанд Моринасының жеңіл гүлдері жиналады.
Қорық ландшафтысы көркем және тылсым. Жазықтар мен алаңқайлар биік шыңды тауларға алмасып, жартасты шатқалдармен қиылысады. Өзендері терең шатқалдарға құйылып, сарқырамалар түзейді. Түпсіз көгілдір мұздай тау көлдерінде аспан айнадай шағылысады.


Теңіз деңгейінен 3,000 м биіктікте орналасқан қол жеткізбес ұңғымаларда тастарға ойылып түсірілген көптеген бейнелерден тұратын «сурет галереясын» табуға болады. Оларда үй және жабайы жануарлар, ежелгі адамдардың аң аулауы бейнеленген.
Ақсу-Жабағылының сазды топырағында палеонтологтар тасқа айналған өсімдіктердің, жәндіктердің, балықтардың және кесірткелердің іздерін тапқан.
Бұл деректер энциклопедиялық анықтамалардан алынды. Дегенмен, қорық тарихын, сол жердің бүге-шігесін білетін, туған табиғатқа жаны ашитын адамдардың айтуынша, Ақсу-Жабағылының кереметі мұнымен түгелденбейді. 
Ақсу-Жабағылы қорығының тұңғыш директоры Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі, табиғаттың шынайы жанашыры, аса білікті де білімді маман, ізгі ниетті ғалым Борис Петрович Тризна деген кісі еді. Алғашқыда 30545 гектар болған қорық аумағы осы Тризнаның табандылы­ғы және тағы да Тұрар Рысқұловтың қамқорлығы арқасында 1935-1937 жылдары 69826 гектар­ға дейін ұлғайтылды. Бал татыған Балдыберек және Балабалдыберек өзендерінің бойындағы, Майдантал тау қыраттарының беткейлеріндегі, Жабағылы өзенінің оң жақ қапталдарындағы аршалы алқаптардың бәрі дерлік сол кездерде қосылған. Өкінішке қарай, ерен энтузиаст, бұрынды-соңды замандардағы басшылар­дың ішіндегі ең мықтысы, аса абзалы болған Борис Петрович Тризнаның талқаны отыз жетінші жылы таусылды», - деп жазады белгілі жазушы Мархабат Байғұт.
1988 жылы Алматыдағы "Қайнар" баспасынан шыққан "Ақсу-Жабағылы" атты альбом-кітаптың авторлары айтқан­дай-ақ, төрткүл дүниеге түгел тараған қызғалдақ пен сарғалдақтың отаны - осы Ақсу-Жабағылы. Алқызылдың алты түрі де алғаш осында пайда болғаны дәлелденген. Төртеуінен жүздеген сұрыптар өсірілген. Ақсу-Жабағылыдан апарылып, аудандастырылған Алқызыл аруыңыз - Грейг қызғалдағы 1877 жылы Голландияда жоғары бағаланып, дипломмен марапат­талған. Содан бері біздің қызғалдағымыздан 200-ден астам түр тараған. АҚШ-тан, Жапониядан, Канададан, Германиядан, Италиядан, Австрия мен Швейцариядан, жаңағы Голландияңыздың өзінен арнайы келетіндер өркениетті мемлекеттерде өсіп жатқан қызғалдақтар мен сарғалдақтардың төркін төрі көркем­ниетті қазақ топырағы екеніне көз жеткізіп кетіп жатыр.


Ақсу-Жабағылы флорасының ерекшеліктерін белгілі ботаник ғалым Н.Х.Кармышева ханым кезінде кереметтей келістіре мәністеп, мазмұндап кеткен. Әрі ғылыми қызметкер, әрі директор болған. Жиырма жыл бойы. 1939-1959 жылдары. Ғылым үшін үлкен жаңалық ретінде танылған, тек Ақсу-Жабағылыда ғана өсетін өзгеше өсімдіктер түрін ашқан. Айналайын аршаңызды айрықшалап сипаттаған. Ақсу-Жабағы­лының аршасы Тәңіртаудың төңірегінде, Алатау мен Қаратаудың түйісер тұстарында аршаның алты түрі болған екен. Кейінгі үш жүз жылдың ішінде оның үш түрі мұқым-мүлде жойылып кеткен. Бүгінде қара арша, балғын арша және сауыр арша дейтін түрлері қалған. Аршаны алаш баласы, қазақ жұрты әулие ағаш санаған. Беталбаты балта шаппаған. Тек бесікке ғана, қобызға ғана, онда да абайлап қана, Табиғат-анамыздың таңдау-талғауымен ғана, меңзеуімен ғана мәністеп қиған. Он тоғызыншы ғасырдың басынан бастап аршаға алапат қырғын келген. Қарашекпенділер өздерінің таусылмас қара орманындай, қарағайындай қараған. Отындыққа қырыққан. Үй-жайларына, шошқа қораларына дейін пайдаланған. Кендер мен кеніштер ашылса-дағы, аршаға сор боп жабысқан. Темір жолдың табанына тепкілеп тұрып төсеген. Солдаттарының гимнастеркаларын аршадан алынатын бояумен бояған... Жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарында отындыққа кесілген арша арбаға, тракторға, мәшинеге тиеліп әкетіліп жатқан. Қаратаудың Құлантау, Жылан­дытау, Пістелітау, Бозторғай мен Боралдай жағы, Машат шатқалы мен Арыс арналары аршадан осылайша айырылып қалған. Ақсу-Жабағылы қорығының мұражайында төрт жүз жылға жуық уақыт жасаған аршаның кесіндісі сақтаулы тұр. Алты жүз, жеті жүз жыл жасаған аршалар аз емес. Мыңдаған жылдардан бері маңғаздана мұнартып көрінер керемет аршалар алыстан менмұн­далайды.
Ал жабайы алмалары - айрықша әлем. Оларды Сиверс алмасы деп атайды. Ғылым жүзінде. Ал, шынтуайтында - Ақсудың алмалары. Ақсу өзенінің арналарын қуалай өседі. Ақсу каньонында деген дұрыс шығар. Каньонның ұзындығы 18 шақырым, тереңдігі 500-600 метр, ені жарты километрге жетеді. Америкадағы атақты Колорадо тауларының шатқалынан кейінгі екінші орында. Ақсудың жабайы алмалары түрлі-түрлі. Түстері ақсары, сарғыш, қызғылт сары, қызыл, т.б. Дәмі де тәтті, қышқылтым. Қарашаның соңында сау етіп төгіліп, қуыс-қуысқа жасырынып, жапырақ жамылып жатқан жабайы алманы желтоқсанның соңында қалың қардан аршып алып, қарш-қарш шайнаған қандай! Өгем өзеніндегідей, Сайрамсу мен Қасқасудағыдай қазақы қайың қасқайып тұрыпты. Аққайың емес, қызыл­қайың емес, жіңішкелеу қоңырқай қайың емес, күреңдеу реңді қазақы қайың. Бұтаның бірқаншасы, тобылғы мен ұшқаттың бірталайы, сары және қызыл доланалар, ақтал, таутал, сәмбітал, өрімтал, қаратал, ақтерек пен көктерек... Айтпақшы, Ақсу-Жабағылы - нәуірзек тор­ғайдың атамекені. Өзге өңірлерде азайып кеткен көкшілтім, көрікті құс, нәзіктік пен имандылықтың бірегей белгі­сіндей сезілер сезімтал құс - нәуірзекті сағынсаңыз, Кіші Қайыңдыға, Үлкен Қайыңдыға шығасыз, Балдыберектің бастауларына барасыз. Қанаттылар фаунасын зерттеген А.Ф.Ков­шарь "Талас Алатауының құстары" атты кітап шығарған. Сол кітапта осы қорықты мекендейтін 240-қа жуық құс сипатталған. Сарышымшық пен сайрауық, Шерағаң шығармаларында шырыл қағатын зарғалдақ. Ұлардың жөні бір басқа. Кекілік. Әлемдік деңгейдегі, кешегі кеңестік және қазекемнің Қызыл кітаптарына кірген алуан-алуан қанатты­ларды, сүтқоректілерді, өсімдіктерді санап келтірмектің өзі көп көлемді алып кетер. Ғалымдар мыңға жуық қоңыз түрін, үш жүзден астам көбелек санап, саралаған.


Мұнда аю, түркістан сілеусіні, Аюлар тұқымдасы, қар барысы, Тянь-Шань арқары, үнді жайрасы сияқты Қызыл кітапқа енген аңдар түрлері бар.
Он жылдан астам уақыттан бері Ақсу-Жабағылыны Айтбек Меңлібеков басқарып келеді. «Табиғат қорғаудың үздігі» белгісімен, «Құрмет» орденімен марапат­талған. "Бүкіл әлем таңырқайтын табиғат­тың тамаша түкпірі ғой бұл, - дейді дирек­тор. - Бірақ, материалдық жағдай онша жақ­сы емес. Ең ақыры өрт сөндіру мәши­несі жоқ. Өзге қорықтарда мәшине емес, өрттен қорғау бөлімдері, тұтас техника бар».
Бүгінде қорықта 70-тей адам қызмет етеді. Қорықшылар, ғылыми қызметкерлер, экскурсия жүргізушілер. Директордың айтуынша, жылына 700-900 адам келіп, қорықты тамашалайды екен. 600-дей шетелдіктер де бар. Оларға Жетімсай, Байбарақ, Кіші -Қайыңды аңғары мен асуы Қызөлгенкөл - Қаскабұлақ, теңіз деңгейінен 1890 - 2940 метр биіктіктегі Үлкен-Қайыңды аңғары -Үлкен-Қайыңды асуы, Ақсу құз шатқалы - Ақсу өзені көпірі , Таяксалды, Көксай аңғарылар, Көксай көлі сияқты жолбағыттармен саяхаттар ұйымдастырылады.


Ақсу-Жабағылы үшін үлкен қиындық алда секілді. Сындарлы сынақ күтіп тұрғандай. Қас қылғандай-ақ, Иірсу биігінен кере­меттей кен орны табылыпты деседі. Алтын-күміс, тағы басқа түсті металдардың қабаттары қат-қат деседі. Қайта-қайта қаралып, газеттерде жазылып жүргендей, Иірсудан кеніш ашып, кен ақтарып, қазба байлыққа қарық болмаққа құлшыныс күшейе түсуде. Дүниежүзіне белгілі дүрри гауһарыңыз - Ақсу-Жабағы­лы қорығының тағдырына дүниеауи есеп-қисаптың, тек байымақ пайдакүнемдік пен тойымсыз табыскерліктің тұрғысынан қарау қалай болмақшы?!
Айбек Нарынбайұлымен тілдескенімізде, білгеніміз, қорықта шағын ғана қонақүй  бар, мұражай жұмыс істеп тұр. Әрине, шағын ұжым қолдан келгенше, қорықтың күтімі, қорғалуы жолында күндіз-түні еңбек етіп жатыр. Қорықтың бас кеңсесі, мұражай, тағы басқа ғимараттар ЮНЕСКО қамқорлығы ая­сын­да бөлінген қомақты қаржының арқасында күрделі жөндеуден өткізілген. Дегенмен,қысқа жіп күрмеуге келмей қалатын жағдайлар бар.


Қазақстандағы тұңғыш, орасан зор алқапты алып жатқан қорықтың маңызын арттырып, одан үкімет тарапынан, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқасында, алпауыт кәсіпорындардың демушілігімен қамқорлықты күшейте түскен абзал. Ол үшін қорыққа баратын жолды, оның айналасының инфрақұрылымын жақсарта түсу қажет. Айталық, қорыққа саяхаттап келетін шетелдіктер санын арттыра түсу үшін көлемді қаражат керек. Бурабайдағы сияқты мұнда да халықаралық деңгейде форумдар, симпозиумдар және басқа да кең ауқымды басқосулар ұйымдастырса, қорықтың атақ-даңқы бұрынғыдан да алысқа жайылар еді деп ойлаймыз.
Қорықтың арнайы www.aksu-jabagly.kz сайты да бар екен. бірақ, оған  онша көңіліміз толмады. Ақпараттар жұтаң. Келушілердің екі-үш жазбасын ғана көрдік. Сайтты үнемі жаңғырта отырып, сол арқылы және басқа да ақпарат құралдары арқылы насихаттап отыру қажет-ақ. Қазіргі кезде жұртшылық көбірек пайдаланатын әлеуметтік желілер, баспасөз құралдары арқылы әлсін-әлі еске салып отырса, танымалдығы да, жұртшылықтың қызығушылығы да арта түсер еді. Қорықтың орталығы Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданындағы Жабағылы кентінде орналасқан. Пойызбен Түлкібасқа дейін жетуге болады (18 шақырым), автобус қатынасы бар. Дегенмен қорықтың әлеуетін жақсартып, көлік қатынасын да реттеуге болады. Бұл үшін жергілікті әкімдіктердің,үкіметтің, туристік өкілетті органдардың қолдау-көмегі қажет-ақ. Мұндай шаралар еліміздің туристік әлеуетін арттыруға қызмет етері сөзсіз.





Дереккөзі: Қазақпарат
 
нравится:    2170
Теги: Менің Қазақстаным,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии