|    |  
23 мамыр 2019
00:14
қаз
"Қазақстанның құрметті азаматы" ордені сатылатыны рас па?
12 ақпан 2019, 10:46 857


«Сіз марапатқа лайық тұлғасыз!»


Ақын Жүмекен Нәжімеденов «Атақ-даңқ дегеніміз — ит сияқты. Оны біреулер күшігінен асырап, тер төгіп өсіреді, енді біреулер жол ортадан сатып ала салады. Осы ит-атаққа жақсылап тамақ беріп, сылап-сыйпасаң, ол керек кезінде ырылдап сені қорғайды» депті. Неткен көреген ақын еді! Бұл мірдің оғындай сөздерден асырып бірдеңе дей қою қиын-ау.
Негізі адамның тілі ащынғанда шығатыны рас қой. Қоғамда жиі кездесетін тамыр-таныстықпен өсу, жүлде бөлісу, атақ ауысу, орынтаққа жабысу кеселі дендеп тұр. Оған енді ақшаңды төлеп марапатқа жету қосылған сыңайлы. Бұл жайлы халық арасында «еліміздегі жоғары деңгейдегі әр атақтың өз ставкасы бар. Қалтаң көтерсе, шамаңды байқа» деген кекесінге толы жел сөз бар. Негізі «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» ғой… Ал мен сөз еткелі отырған әңгіме мүлдем бөлек.
Сонымен бір емес, екі емес эл.почтама әр тараптан «Сіз марапатқа лайық тұлғасыз!» деген сарындағы хаттар легі толастамай келеді де тұрады. Басында елемейтінмін. Кейіннен көз үйреніп, ашып қарайтын жағдайға жеттім. (Сіздерге де солай шығар). «Бұл не деген батпан құйрақ, айдалада жатқан құйрық» деп ақырындап зерттей бастадым. Эл.почтама келген хаттың біреуі мынау. «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» қоғамдық мойындаудың жоғары орденіне ұсынуға арналған НАГРАДТАУ ПАРАҒЫ — НАГРАДНОЙ ЛИСТ на представление к высшему ордену общественного признания «ПОЧЕТНЫЙ ГРАЖДАНИН КАЗАХСТАНА».
Анкета парағын толтырасыз да мына ұялы телефондарға хабарласасыз. Сөйтіп түсінбеген сұрақтарыңызға нақты жауап аласыз. +7(707)855-02-42 +7(7172)50-24-08 , +7(7172)466-228



Одан кейін, «Заполненный наградной лист направляется по e-mail: kazkomitet@inbox.ru». Болды. Ол жақта арнайы комиссия құжатыңызды қарап мақұлдамақ. «Сіз қалай сенімді сөйлеп отырсыз? Сіздің құжатыңыз комиссиядан бәлкім өтпей қалар? Сосын Сіздің қоғамға қандай еңбегіңіз сіңді? Әлде тамыр-танысыңыз бар ма ол жақта?» дегелі отырғаныңызды да ішім сезеді. Сондықтан тәптіштеп жауап берейін. Менің сенімді түрде сөйлеуіме жоғарыдағы анкетамен ілесе келген мына хат дәлел. (Хат екі тілде жіберілген. Мен қазақша нұсқасын ұсынып отырмын. Айтпақшы мені қайдан танитыны жұмбақ күйінде қалып отыр. Бәлкім лауазымды тұлғаларды зерттейтін, қаржысы мол байларды реттейтін агенттіктері бар шығар).
«Қоғамдық наградалар және атақтар жөніндегі комитеті» жіберген хатта ( Исх. №0719 От 24.01.2019г.) Руководителю ТОО «Qazaqstan dauiri» Мешитбаевой С.
Құрметті (Уважаемая Сауле! Қоғамдық наградалар мен атақтар жөніндегі комитеті Сіздің басқарып отырған кәсіпорын-ның қызметін және Сіздің Қазақстан Республикасының экономикалық қуатын, гүлденуі мен игілігін нығайтуға қосқан жеке үлесіңізді жоғары бағалап отыр. Елді дамытуға қосқан Сіздің еңбегіңізді іс жүзінде елемей, бағаламау мүмкін емес. (Соншалықты не тындырып тастағаныма өзім аң-таңмын). Сіз кәсіпорынды басқарып отырсыз, (Кешіріңіз, мен газетті басқарып отырмын). Сіздің басшылығыңызбен мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қоса отырып, кәсіпқой мамандардың ынтымақты еңбек ұжымы еңбектеніп келеді.



Сіздің мінсіз беделіңізді, айрықша кәсіби жетістіктеріңізді және экономиканы дамытуға қосқан жеке үлестеріңізді, өз саласындағы нағыз кәсіпқой маман, талапты ұйымдастырушы (қалай-қалай көсіледі) әрі басшы ретіндегі Сіздің сөзсіз абыройыңызды ескере отырып, «Қоғамдық наградалар мен атақтар жөніндегі комитетінің» сараптау кеңе-сі Сіздің кандидатураңызды «ҚАЗАҚСТАН-НЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» жоғары қоғамдық мойындау Орденімен наградтауға ұсынуға шешім қабылдады… (Мен әлі құжа-тымды да жіберген жоқпын, бұлар маған шешім шығарып қойғанға ұқсайды. О, тоба!). «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» Орденінің Иегерлерін құрметтеуге арналған салтанатты іс-шаралық рәсім 2019 жылғы 07 Шілде күні Астана қаласында өтеді. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Сізден, осы хатқа қоса берілген наградтау парағымен өзіңіз жеке оқып-танысып, наградтау салтанатына өзіңіздің қатысатыныңызды құптауыңызды өтінемін. Құрметпен, Сараптау-тіріктеу комитетінің төрағасы / С Уважением, Председатель экспертно-отборочного комитета Сальников Р.В.

Бұл ұзын сонар хаттың ішінен «ойып» алғандарым осы ғана. Тізе берсем — менен көреген, менен сұңғыла, менен данышпан адам жоқ секілді. Жасамаған ісім қалмапты-ау. Кәдімгідей сөздеріне семіріп қалдым. «Жақсы сөз жарым ырыс» қой, несін жасырайын бір желпініп, жасарып қалдым… Сонымен талаптарын орындасам «Қазақстанның құрметті азаматы» атануға шақ тұрмын. Құттықтай берсеңіздер болады! Мені қалап, еңбегімді елеп жатса бұдан артық бақыт бар ма? Шүкір…

Бұл атақ үшін 1 750 000 төлейсіз. Масқара!

Ойбай, кешіріңіздер, ұмытып барады екенмін ғой, бұл атаққа қаражат керек. Тегіннің әкесі өлгелі қашан? Атақ керек пе, төлеуім керек оған. Өте қомақты. Екінің бірінің қалтасы көтермейді. Удай.
«Ақпараттық-имидждік сүйемелдеудің құны (тікелей қатысуы — 1 750 000 теңге, сырттай қатысуы — 1 250 000 теңге).
Стоимость информационно-имиджевого сопровождения (Очное участие — 1 750 000 тенге, заочное участие — 1 250 000 тенге). Және ескеруі бар. Внимание!
Настоящий наградной лист является официальным документом, на основании которого, ТОО «Общественная награда» обязуется незамедлительно приступить к персонализации наградной атрибутики для заявленной в наградном листе организации, а организация подписавшая наградной лист обязуется заключить с ТОО «Общественная награда» договор на информационно-имиджевое сопровождение и оплатить его стоимость».
Бұл шара 2016 жылдың 17 желтоқсанынан бері жүргізіліп келеді екен. Бағасы да жыл сайын өсіп отырғанға ұқсайды… Бұл атақты алғандардың осалы жоқ. Кілең ығай мен сығай. Бай мен бағылан. «Алғашқы қарлығаштар» арасынан белгілі жазушы Сәбит Досанов ағамызды көзіміз шалып қалды. Қалталы кісі ғой. Ендеше, неге алмасқа? Алсын!
2017 жылғы жампоздар арасында Мәсімов Қажымқан Қасымович қасқайып тұр. Ұмытып қалсаңыз есіңізге түсірейін, бұрынғы Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың әкесі.
Бір қызығы 2018 жылы алғашқы өткен марапаттауда Қажымқан Мәсімов атағын қорғап қалғанға ұқсайды. Тағы да мықтылардың алдына шығыпты. Ақша шіркін не істетпейді. Бәлкім ол кісі ақша төлемеген болар. Ол жағын білмедім. Бірақ сол қаржыны кембағал жандар мен шын мұқтаж адамдарға берсе сауабы еселене түсер ме еді деген ой мазалайды кейде…
Осы жылы «Қазақстанның құрметті азаматы» атағына президент болуға талаптанып көрген эколог Мэлс Хамзаұлы Елеусізов те қол жеткізіпті. Айтпақшы 2018 жылы әншілер де ақшаларын қайда жұмсарын білмесе керек, «Қазақстанның құрметті азаматы» болуға бар күштерін салыпты. 22 желтоқсан күні «Жігіттер» тобы, «Қап-қарашка» Нұржан, Индира Расылханқызы, Абай Бегей т.б бірнешеуі салтанатты жағдайда медаль таққандардың сапында жүр. Бұларға өкпе артуға болмас тегінде. «Арбаның алдыңғы доңғалағы қайда жүреді, соңғысы соған ереді» демекші, осы атақтың алғашқы жүлдегерлері қатарында Роза Рымбаева апалары көш бастап тұрса не дейсің….

Бәрі-бәрі сатылады. Бірақ...
Иә, бізде сатылмаған не қалды өзі? Ғылыми атақтар дәрежесіне қарай бағаланады деп естиміз. Кей жоғары оқу орындарында дипломдық жұмыстар, керек десеңіз дипломдар сатылады екен. Аудан әкімі орынтағының өз бағасы бар көрінеді. Санамалай берсек, бәрі сатулы. Мектеп директоры болу да ақшаға барып тірелгесін, қазағым тірлігін қайдан оңалсын! Мектеп директоры демекші, Аятжан Ахметжанұлы баламның жанайқайы да менің мақалама тұздық болуға жарап тұр.
«Ғасыр ұстазы 13 мың,
Алаш ұстазы 10 мың,
Ұлт ұстазы 5 мың теңге.
Ұлағатты ұстаз атану бұдан сәл қымбаттау, оның құны 20 мың теңге.
Ұстаздан ұят кетсе, ұлт та ар болмайды. Иә, өз басым Ғасыр ұстазы, Ұлт ұстазы, Алаш ұстазы, Ұлы дала ұстазы деген медальдарды сату немесе сатып алу түгілі сыйлыққа берсе, тағуға намыстанар едім. Ұлт ұстазы деген атты тек Ахметке қолданып жүрміз, ал олар істеген тірліктің жүзден бірін тындырмай сол деңгейдегі атақты медаль етіп сатып алып тағу — ұятсыздықтың шыңы.
Бүгінде мұғалімдер арасында медаль сатып алып тағу — мода. Тіпті әлеуметтік желіде әлдебір жеке кәсіпкердің қолынан сатып алған медалін осындай марапат бұйырды деп жазып отырғанда бетімнен отым шығады, себебі, ұстазы атақ қуса, ұстазы жалғандыққа барса, ұлттың ертеңі не болмақ?
Жоғарыдағы атағы ала таудай, алты атанға жүк болар медальдарды алып жүргендер қатарында оқуды сырттай бітіріп, мектепте қалт-құлт етіп сабақ беріп жүрген, жұмыс өтілі екі жылға жетпейтін шикі өкпе әріптестеріміз де бар. Құдай-ау, не атаққұмарлық?
Кеудесіне бір медаль тақпай кеткен Алаштықтардың қазақ білімінің іргетасын қалағанда артымыздан осындай ұрпақ жалғайды деп ойласа, 37-де атылмай тұрып жүректері тоқтап қалар ма еді, кім білсін!» — деп жазыпты ол фб-дағы парақшасына.
Көпшіліктің есінде бар ма, жоқ па, білмеймін, сонау Тәуелсіздіктің алғашқы 1995-96 жылдары шенеуніктер арасында ғылыми атаққа құмартқандар саны қатты белең алғаны бар.
Әкімқаралар мен министрлер ішінде əртүрлі мамандықтары музаканттар, сантехниктер т.б. – экономика, философия ғылымына кандидат, докторы болып шыға келді. Тіпті профессорлар “жауыннан кейінгі саңрауқұлақтай” қаптады. Әрине елең-алаң шақты пайдаланып қолы жеткендер қонышынан басып жатқан кезең еді ғой ол. Атақ-абыройдың ақшаға сатып алынып жатқаны белгілі..! Бұл туралы Елбасына жеткен болуы керек, барлық шенді-шекпендіге қатты ескерту жасап, мынаны айтып еді: «Мемлекетке қызмет жасаймын дегендерің қалыңдар. Ал ғылымға барып, доктор атанғысы келетіндер болса, жолдарың ашық барыңдар. Ешкім ұстамайды», — деп дандайсып кеткендерді сабасына түсіріп еді-ау… Егер бүгінгі қып-қызыл ақшаға атақ үлестіру жұмысының қарқын алғанын Президент естісе, қандай күйге түсетінін көзге елестету қиын.

ТҮЙІН СӨЗ:
Бұл не, мазақ па? Әлде шынымен-ақ біздің елімізде сатылмаған ештеңе қалмады ма? Ел Үкіметінен “жау жоқ деме, жар астында” деген бабалар тәмсілін естен шығармауды өтінемін. Біздің арамызда күліп кіріп, күңіреніп шығатындар көп. Олардың көксегені билік тетіктеріне қол салу… Ар жағы белгілі… Сондықтан ақша қуған бұл тәрізді фирмалардың тек байларды ғана торуылдап, соларды ғана әспеттеуі — қарапайым халықтың ашу-ызасын туғызып, сүттей ұйып отырған ынтымағымызға сызат түсіре ме деп те қорқамын. Бажайлап қарағанға “ҚР құрметті азаматы” ордені үлкен атақ. Бірақ оны басқарып отырғандар мен сараптау-тіркеу комитетінің төрағасы Сальников Р.В. секілді басшылардың мемлекеттік маңызы бар атақтарға қол салуы қай жағынан алғанда да қауіпті. Күні ертең қытай компанияларының да мырзалары жақсы қырынан көрініп еліміздің “құрметті азаматы” атанбасына кім кепіл? Тағы бір қаупім: «Қазақстанның құрметті азаматы» атағын миллионнан аса қаржыға сатып алудың артында не тұр? Меніңше ақшасын қайда шашарын білмей жүргендерге «көктен іздегендері жерден табылып» тұрған жоқ па?! «Атың шықпаса жер өрте» демекші, қалтасы қалың, көңілі — атаққа жарым, ойлайтыны — тек қара басының қамы жандарға бұл бәлкім үлкен жетістік болар. Әйтсе де о заманда, бұ заман, ел-жұрты беретін, мемлекеті бағалайтын атақты баз біреулер шүлен таратқандай үлестіріп жатса қалай үнсіз қаласың? Олар өздерін Жеке Шаруашылық Серіктестігі (ЖШС) атайды екен. Демек, жеке кәсіп иелері. Дөкей фирма қожайындары. Жасап жатқандары — мемлекеттік деңгейдегі ірі шаруа! Әйтсе де алалау басым. Мемлекет өз халқын тапқа бөліп, лауазымына қарап қадірлемейді. Олай болса бұлар мемлекеттің атына кір келтіріп жатыр. Себебі марапаттап жатқандары кілең — алпауыттар, қалталы кәсіпкерлер, бизнес тарландары. Алтынмен аптап, күміспен күптеп беріп жатқан орден, медальдардың артында кім тұрғаны белгісіз? Бұл — заңдық тұрғыда шешілетін мәселе. Кімдердің бизнесі қарқын алуда, оны билік бақылауда ұстауы тиіс. Әйтпесе, «Үй ішінен үй тігіп», жоғары марапатқа жеткізу жолын — ақшаға тіреп қою қаншалықты заңға сай?! Жалпы мұны ұйымдастырушылардың көксегені не? «Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайды» дегендей, бұл атаққа нағыз лайық адамдар қарапайым еңбек адамдарының арасында жоқ дегенге кім сенер? Бірақ қалтасында оны сатып алатын теңгесі болмағасын, ол байғұстарды кім елеп жатыр. «Бай байға, сай сайға құяды» деген осы-ау.
Негізі бұл атақты халық берсе, оны мемлекет қолдаса қандай ғанибет! Жалпы жоғары мемлекеттік награданың да, Елбасының қолы қойылған алғыс хаттың да өз биігі, ерекше қасиеті, жүрекке жылы тиетін құрметі болушы еді. Бұлар болса, «ақшаңды әкел де, марапатқа ие бол» деген ұранға басып жатқандай..! Естір құлаққа түрпідей тиетіні осы. Еңбек бағалануы керек, бірақ мұндай жолмен емес… Мұның артында небір қаржылық қитұрқылар жатпасына кім кепіл?! Жең ұшынан жалғасқан… (айтуға аузым бармайды бұл туралы нақты фактім болмағандықтан). Ұзын сөздің қысқасы, бұл атақты тек байлар ғана иеленетіні белгілі болды. Ол байлардың ішінде халықтың малы мен қазынасын жеген, парақорлығымен танымал ұрылардың жүрмесіне кім сенімді? Өйткені ақша жүрген жерде бәрі мүмкін. Бүйтіп, миллионды шашып атақ алғанша, ол қаржыны еліңнің бір қажетіне жұмсағаның қайырлы іс емес пе? Омырауыңда миллионға сатып алған орден жарқырағанша, жұпыны киіміңнің ішіндегі ар-иманың тасығаны қандай берекелі болмақ! «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген осы-ау, ағайын!

Жоғарыдағы атаққа: «масайрап» отырғанда «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресін» дегендей, мені тағы да бір марапатқа ұсынған бір хабар томп етіп түсе қалды. Ол анау-мынау емес, «Еуразиялық Одақ мемлекеттерінің құрметті азаматы» деген ат үркетін атақ. Таңғалдым. «Бақ көтеремін десе қиын екен!.. Осылай аспаннан марапаттар жауып жатыр…»

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Дереккөзі: elana.kz
Фото: 365info.kz




 


Жаңалықтар