|    |  
18 қыркүйек 2019
04:01
қаз
Көкжалдар өмірінің құпиясы
26 ақпан 2019, 09:51 41
Қасқырлар – тумысынан аңшы. Аш кездерінде бір жегенде 10 келі ет жей алады. Олар жеті қараңғы түнде анық көре алатын, 16 шақырым жердегі дыбысты ести алатын, 200 миллион иісті ажырата алатын қасиетке ие. 



Қасқыр еркіндікті жақсы көретін аң. Тумысынан өте төзімді келеді және өз аумағында ең қаһарлы жыртқыш саналады. Олар өзіндік құпияларымен ерекшеленеді. Еркек қасқырлардың салмағы мекен ететін жеріне байланысты 50-80 келі аралығында болады. Неғұрлым солтүстікке жақын мекендесе, соғұрлым ірі келеді. Кейбірінің салмағы 100 келіге дейін жетеді екен. 

Әдетте, отбасында 5-6 күшіктен болады. Олар кейде 10-13, тіпті, 17-ге дейін жетуі мүмкін екен. Алайда, мұндай жағдай сирек кездеседі. Ұрғашы қасқыр күшіктерін 65 күндей көтереді. Бөлтіріктері соқыр, саңырау болып туылады. Алғашқыда көздері көкшіл келеді. Есейе келе ғана сарғыш түске айналады. Екінші аптаның соңғы күндерінде дыбыс есту қабілетіне ие болса, үш аптадан кейін бірінші рет апаннан шығып, еттің дәмін көре бастайды екен. Жалпы, мамандар бөлтіріктің дамуын 5 кезеңге бөліп қарастырады: 

1) Туғаннан, көзін ашқанға дейінгі кезең; 

2) Көзін ашқаннан, ең алғашқы дыбыс естуге дейінгі кезең; 

3) Апаннан шығу және ет тағамына ауысу кезеңі; 

4) Күшіктердің ең алғашқы ұзақ экскурсиясы, аумақтарды игерушілік кезеңі; 

5) Жыныстық кәмелет кезеңі. 

Неонтальді кезеңде бөлтірік әлсіздеу келеді. Сол себепті, анасының көмегіне зәру болады. Олардың тез жетілуі үшінші аптаның басында білінеді. Бұл кезде естиді, жортады және көре алады. Тіпті, бір-бірімен ойнауды бастайды. 

Биология ғылымдарының докторы Я. К. Бадризе өзінің жиырма жылдай өмірінде қасқырлардың іс-әрекетін зерттеумен айналысты. Сенесіз бе? Бұл адам екі жыл ғұмырын қасқырлардың үйірінде өткізеді. Жүз шақты қасқырларды өз қолымен тамақтандырды және тәрбиеледі. Жабайы аңдарды бейімдеп, табиғатқа жіберуге әзірледі. Бадризенің зерттеу нәтижелері бойынша, ұрғашы қасқыр бөлтіріктерді 6 сағаттан – 68 сағатқа дейін тастап кетеді екен. Бұл бөлтіріктердің 3 тәулік бойы тамақтанбай жүре алатындығын білдірсе керек. 

Шілдеде барлық қасқырлар ұли бастайды. Ұлыған дауыстарына қарап, олардың жас ерекшелігін анықтауға болады деседі. Басқа аңдардан коммуникация мүмкіндігінің жоғарлылығымен ерекшеленеді. Олар бет әлпеті арқылы бірнеше эмоция білдіре алады. Ал, үру, ұлу, ырылдау арқылы өздерінің қайда тұрғанын немесе қай жерде жемтік барын аңғартады. Бұл туралы қасқырлардың қыр-сырын жақсы меңгерген Фарли Моуэт: «Қасқырлар өздерінің ұлуы арқылы ұзақ арақашықтықтан ақпараттарды тез жеткізеді», – дейді. Қасқырлардың отбасымен бірге ұлығаны хормен айтылған ән болмаса да, өзіндік бір үйлесімділігін табады. 

Оларды алғаш қызыл кітапқа енгізген – Германия мемлекеті. Бұл шешім 1934 жылы Фридрих Нидцше мен Освольд Шпенглердің ықпалымен қабылданған. Қызыл кітапқа енген жануарлардың ең алғашқысы осы қасқырлар болып табылады. Оларды үй күзетуге мәжбүрлеу мүмкін емес. «Қасқырдың күшігін қанша асырасаңда, орманға қарап ұлиды» – деген сөз бекер айтылмаса керек.

Дереккөз: Reactor


Жаңалықтар