24 Сентябрь
09:11
Астана: 1 °C
Алматы: 9 °C
USD/KZT: 340.11
EUR/KZT: 407.93
RUB/KZT: 5.91
CNY/KZT: 51.61
Әлем жаңалықтары
27 мамыр 14:44
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Құдайы ас беру, жерлеу рәсімдерін бір жүйеге келтіретін «Жаназа» кітабы шығады


Құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Алматы қаласында өтіп жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесінде «Жаназа» кітабын талқылау барысында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы осылай деді. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.
ҚМДБ төрағасының айтуынша, кейбір адамдар дұрыс түсінбеу салдарынан әрі тұрмыстық жағдайын ескерместен кісі қазасынан кейін аста-төк құдайы ас береді.
Отырыста теолог ғалымдар да қарызға батып, той жасағандай барын төгіп, дастарқанды тәтті тағамдарға, шырын сусындарына толтырып жіберетіндер туралы ойларын ортаға салды.
«Тойдың жөні бөлек. Ал құдайы ас берудің өзіндік әдебі, тәртібі бар емес пе? Шектен тыс шығынға батып, ысырап етуге болмайды. Мұны дініміз де құптамайды. Біз еліміз бойынша баршаға тиімді болатын құдайы астың ортақ мәзірін әзірлеп, көпшілік қауымға ұсындық. Бұл бастамамызға ел ағалары, ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мешіт жамағаты үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, Павлодар облысындағы орталық мешіттің асханасында осы ас мәзірі бойынша құдайы ас беріліп келеді. Жергілікті жамағат игі бастама үшін алғысын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізуде. Қолға алған жұмысымыз өзге де облыстарда жүзеге асады деген ойдамыз», - деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Исеновтың айтуынша, мешітке жергілікті халық арасынан: «Несие алып, Құдайы ас берсем бола ма?» - деп сұрап келетіндер де бар екен. «Бұл - дінімізде құпталмайтын амал. Ал біз ұсынған жаңа ас мәзірі асқа кететін шығынды екі есеге азайтады», - дейді Н.Исенов.
Кеңесте талқыланып жатқан «Жаназа»" кітабында: «Қайтыс болған кісінің атынан ас беру - мұсылман шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Дінімізде міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісі атынан үлкен мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Садақалар, Құдайы астар берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс», - делінген.
Айта кетейік, елімізде құдайы ас, садақа беру, мазар салу, жерлеу, т.б. рәсімдерді бір ізге, бірыңғай жүйеге келтіру мақсатында әзірленіп жатқан «Жаназа» кітабы Ғұламалар кеңесінің атсалысуымен жуырда жарыққа шықпақ.

 
нравится:    861
Теги: Қоғам, Главная,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии