13 Декабрь
05:21
Астана: -27 °C
Алматы: -6 °C
USD/KZT: 334.85
EUR/KZT: 394.29
RUB/KZT: 5.69
CNY/KZT: 50.60
Кербез
5 мамыр 17:50
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Құлаққа тағатын әшекейлер
Сырға - қыз-келіншектердің сүйіп тағатын әсемдік бұйымдарының бірі, сыртқы келбетінің ажырамас бөлігі. Ол қыздардың әсем келбетінің қалыптасуына және оның табиғи толысып, жетілуіне ықпал етеді. Сырға тіпті зиратта, құлпытастарда бейнеленіп, қайтыс болған адам туралы мәлімет беріп тұрады. 


Алтын мен күмістен сәуле шашып, дірілді қозғалысымен қыздың келбетін аша түсетін сырғалар әртүрлі етіп жасалады. Қазақ зергерлері жасайтын ай сырға, тас көзді сырға, күмбез сырға, салпыншақ сырға, сабақты сырға, шашақты сырға, т.б. әр өңірде алуан түрлі аталатын сырға түрлері өте көп. 

Жалпақ сырғалар ай түрінде, кейде жұлдыз, гүл жапырақшасы, доғал, дөңгелек, жүрек, үшбұрыш, әйел сұлбасы түрінде ұзынша етіп жасалады. Көлемді сырғалар әдетте дөңгелек, шар, тамшы, цилиндр, конус, биконус, қоңырау пішіндес болады. Асыл тастардан көз салып, көгілдір ақықпен көмкерілген сырға өте әдемі болып, көз тартады. Қатар-қатар салпыншақтан тұратын ауыр сырғалар да болады. Қазық сырға деп аталатын тік өзекке күмістен, ақықтан, маржаннан жасалған домалақ шар немесе басқа бейнедегі тастар тізілген сырға түрін бөліп атауға болады. Мұндай сырға түрлері кезінде қыпшақтар мекендеген, сондай-ақ М.Т. Крамаровский деректеріне қарағанда, одан да бұрынғы Алтын Орда кезеңіне жататын аумақтарда кездеседі. Кейде сырға сәнділігін арттыра түсу үшін екі қабатты салпыншақ түрінде жасалады. Бұл жағдайда сырғаның атауы өзгеріп, оларды сабақты сырға, салпыншақ сырға, шашақты сырға деп атайды. 

Құлаққа сырға тағып жатқан кезде: "Құлағың ауырмасын, жаманшылық естіме, бетің ажарлы болсын" деген тілек айтылады. Қалыңдық санатына қосылған қыздардың сырғасындағы күн, жұлдыз, ай пішінінде, сондай-ақ дән, жапырақ, бидай түрінде ілінген салпыншақтар астарында ұрпақтың өсіп-өнуінің сыры жатыр. Мұнымен қатар сырға құлақ арқылы жаман күштің бойға енуіне жол бермейді деген наным қалыптасқан. Мұндай ұғым басқа халықтарда да бар. Сондықтан әйел адам сырғаны тек пішінін өзгерте отырып үнемі тағып жүреді. Оның құрылымы бастапқыда күрделі болса, кейіннен қарапайым пішінге көшеді. Карутц айтқандай: "Ұзақ уақыт бала көтере алмай, кеш босанған әйелдер баласының құлағын әдеттегіден ертерек, үш жасында тескен, бұл баланың өмірін ұзартуға ықпал етеді деп сенген". 

Қыз бала үшін міндетті саналатын құлақ тесу дәстүрі сүндетке отырғызумен бірдей. Сондықтан ел аузында құлақ тесу - қыздың сүндеті деп айтылады. Ұзақ күттірген ұл дүниеге келгенде, оның да құлағын тесіп, сырға салатын болған. Бұл бір жағынан тіл-көзден қорғау үшін жасалса, екінші жағынан жын-шайтанды шатастыру мақсатын көздеген. Мұндай ғұрып тувалықтарда болған, ал өзбектер мұндай жағдайда көп балалы жеті әйелдің әшекей сынықтарынан балқытып сырға жасаған. Қазақтарда ұл бала мұндай сырғасын бес жасқа дейін, ал өзбектер үйленгенге дейін таққан. 

Халық арасында кеңінен таралған мынадай ырым болған: "Егер жүкті әйел немесе оның жақындары түсінде сырға көрсе, міндетті түрде қыз туады". Қалық сенімі бойынша, сырға құлақты жағымсыз әсерден ғана емес, өсек-аяңнан, әдепсіз сөзден, т.б. қорғайды. Осыған байланысты әйелдердің құпия әңгімесіне қатысуға мәжбүр болған жасөспірімдерге әдетте "Құлағыңа алтын сырға" дейтін дәстүр қалыптасқан. Осы сөзден кейін олар өздеріне қажет емес мәліметті қабылдамайды деп есептелген. 

Сырға қызға құда түсу кезінде тарту етілетін міндетті бағалы сыйлық болып табылады. Бұл салт қазірге дейін Қазақстанның оңтүстігінде қатаң сақталған. Салыстыра кетер қызық жайт: Саян-Алтай халқында қалыңдықты сырғалық, сырғалы деп атайды. Қалмақтарда қыздар бір құлағына, келіншектер екі құлағына сырға тағатын болған. 

Қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінде қыздың уақытша сырғаға айналып кетуінің жиі кездесуі - бұл бұйымның әйел затының белгісі ретінде маңызын айқындай түседі. Қазақ дастандарында бұл әшекей түрі кейіпкердің сұлулығын бейнелеу тұрғысынан сипатталады. 

Егде тарта бастаған әйелдер қорғау-жебеу мазмұнындағы сырға тағуға ойысады. Сырғаның бір сыңары жоғалса, екінші сыңарын тапсырыспен жасатуға болмайды деген наным бар, өйтсе, оның екінші жартысы, яғни әйелі қайтыс болуы мүмкін. Мұндай наным өзбек дәстүрінде де бар. Тағы бір қызықты жайт, қайтыс болған әйелдің барлық әшекейін шешіп алып, бұрымын тарқатады, тек сырғасын қалдырады, әйтпесе құлаққа жылан кіреді деген ұғым бар. Егер сырғаны шешіп алу қажет болса, міндетті түрде құлақ ұшын жыру керек. Олай етпесе, Таулы Алтай қазақтарының пікірінше, жылан құлаққа жұмыртқалайды. 

Дереккөзі: Қазақтың зергерлік өнері. - Алматы: "Алматыкітап баспасы", 2011. - 384 бет, суретті.
нравится:    4707
Теги: Сән әлемі,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии