|    |  
21 мамыр 2019
11:54
қаз
Құмды даладағы ғажайып шаһар - Дубай сапарынан естеліктер
28 наурыз 2019, 09:43 858
Алла сәтін салып, жақында бірнеше достарыммен бірге Араб Әмірліктерінің Астанасы Әбу-Даби, әлемді аузына қаратқан құм даладағы жауһар Дубай қалаларына  барып қайтқан едік. Кездейсоқ ұйымдасқан қызықты сапардың есте қаларлық ерекше сәттері көп болды. Көрген білгенімізді оқырман мен бөлісуді жөн көрдік.



Біріккен Араб Әмірлігі туралы аз сөз
 
Біріккен Араб Әмірлігінің Ресми астанасы - Абу-Даби қаласы. Ал туристік және саудалық орталығы - Дубай шаһары.
1971 жылы құрылған федеративті мемлекет Біріккен Араб Әмірліктері - жеті тәуелсіз әмірліктен тұрады. Әр әмірлік негізгі қаласының атымен аталады: Абу-Даби, Дубай, Шарджа, Аджман, Ум-аль Кувейн, Рас-Эль-Хайма және Фуджейра. Әрбір әмірліктің әміршісі - шейх, ал жалпы мемлекеттік басқару билігі жоғарғы кеңеске берілген.

БАӘ-нiң діні - Ислам. Дегенмен, басқа діндерге де рұқсат берілген. Негізгі тіл араб тілі, сонымен бірге ағылшын тілі де кең таралған. Дубай қаласында ағылшын тілі басым орында екендігі байқалады.



БАӘ нағыз құрғақ субтропикалық климатымен ерекшеленеді. Жаз мезгілі өте ыстық болады (+48°С-ге дейін). БАӘ-дe туристік маусым жазғы аптап азайған кезде қыркүйек айының соңында басталып, мамыр айының бірінші жартысына дейін созылады. Сол себепті осы мезгілдері, әсіресе жаңа жыл, ақпандағы дәстүрлі шоппинг фестиваліне қарсы бағалар жоғарылайды. Ал жазда, керісінше. Біз желтоқсанның соңына қарай Дубайға ат басын тіредік. ауа-райы 30°С айналасында бірақ ылғалды, нағыз «қоңыр салқын жанға жай» болып тұрған кез екен.

Алғашқы әсер

Бізді әуежайдан Дубай қаласында жұмыс бабымен 10 жылдан астам тұрып жатқан досымыз Есбол Жапанұлы күтіп алды. Есбол – бұл қалаға бір сумкамен ғана келіп, тіл үйреніп, ерінбей еңбек етіп үлкен жетістіктерге жеткен, бұл күнде аталмыш шаһарда өз орны бар іскер азамат. Дубайдағы үлкен компаниялардың бірінде жұмыс істейді.

Алдыңнан ауылдасың күтіп алғасын ба, бөтен қала біз үшін бірден жылы сезілді. Жанға-жайлы ауасы да бойды сергітіп, жол ұзақтығын ұмыттырып жіберді. Маған алдымен әсер еткені қаланың әсемдігі өзгеше архитектурасы. Тақыр шөл далада осындай керемет құрылыстардың  тұрғызылғандығына және олардың кейбірі жай ғана биік ғимарат емес, алуан пішінді, біреуі раушан гүл тәрізді, енді біреуі желкен, тақ тектес архитектуралық шедеврларды көріп, адам ойының, қиялының шексіздігіне, қолының мүмкіндігіне тамсана таңғаласың.



Визасыз режим орнағаннан бері  Қазақстандықтар үшін Дубайға саяхаттап барудың жолдары көп. Ақшасын төлесеңіз туристік агенттіктер қонақүй, ары-бері ұшып-келу авиабилеті күтіп алу, шығарып салу секілді барлық қызметті өздері орналастырады. Жол серігім Тынай Әбуұлы екеміз де туристік агенттік бағдарламасы арқылы аттанғанбыз. Алайда Есбол досымыз күтіп алғандығы себепті, бізге дайындаған  қонақ үй, такси қызметтерінен бас тартып Есболдың машинасына жайғастық, ендігі тізгін соның қолында.
Айтпақшы әуежайдан жеке машиналар жалға беретін орталықтар толып тұр. Маркаларына қарай бағалары әр-түрлі. Тәулігі 100 доллардан басталып 2000 долларға дейін барады. Бізбен бірге ата-анасын ертіп барған кәсіпкер досымыз Ернұр Болатұлы 150 доллар шамасында жол талғамайтын көліктің бірін тізгіндеді.  Жалпы транспорттық жайын айта кетсем, қаланы өзім аралаймын десеңіз, онда алдын ала жүру жоспарыңызды құрып, өте ыңғайлы метро арқылы немесе қолыңды көтере қалсаң, жетіп келетін арнайы таксилермен тартып отырсаңыз болады. Таксиде санағыш құралдары тұратындықтан, алыс бағыттарға шамамен қанша дирхам кететіндігін алдын ала сұрап алғаныңыз жөн. Такси бағасы жоғары, мүмкіндігінше жеке көлік жалдап алсаңыз тиімді көрінді. Ол үшін  банк картасы, паспорт және жүргізу куәлігіңіз болса жеткілікті. Айта кетерлігі ағылшын тілін жеттік білмесең, немесе тіл білетін жолдасың болмаса, ымдасып алысқа бармайтын секілдісің.

Қонақ үй және ақша айырбастау

Дубай картасын қарап отырсаңыздар, ол негізінде дұрыс бағдар ұстау үшін ыңғайлы көптеген аудандарға бөлінген. Аудандардың ерекшелігіне қарай қонақ үйлердің де бағасы әртүрлі. Парсы шығанағына жақын маңай Джумейра деп аталып, ондағы қонақүйлер бағасы жағынан жоғары, ал су жағасынан алыс, қала ішіндегі қонақүйлердің бағалары арзандау болады. Сондықтан егер Дубайға нақты суға шомылып, жағажайда демалу үшін баратын болсаңыздар, Джумейра жағалауынан, ал жалпы қала аралап, қонақүйден шыға салып суға түсе қалу мақсаты болмаса, Дейра, Бар-Дубай, Дубай сити сынды аудандардағы сан түрлі қонақүйлерді қарастырсаңыздар болады. Көп жағдайда эконом вариант ретінде 2* немесе 3* қонақүйлерді қорықпай таңдауға болады. Өйткені Дубайда ондай қонақүйлердің жағдайы жақсы.



Қонақ-үйлердің көпшілігінде, сауда орталықтарында, ірі дүкендерде American Express, Master Card, Visa, Dinners Club төлем карталары қабылданады, ал банкоматтарды кез келген халық ірі қоныстанған орталықтардан таба аласыз. Шетел және ұлттық валютаны енгізуге және шығаруға шектеулер қойылмайды.

Құмды даладағы ғажайып шаһар

Құмды далаға ғажайып шаһар салған арабтардың мықтылығына қол қоймасыңа амал жоқ. Бұл тұрғыда Араб-Әмірлігі өз байлығын тимді пайдаланумен бірге шетелдік инвесторларды сәтті тарта білген. Дубайда тамсандыратын, таңғалдыратын жерлер баршылық. Әсіресе жаңа Дубай аталатын қала бөлігіндегі Дубай Марина, Пальм Джумейра аудандары, ондағы Бурдж Халифа (әлемдегі ең биік ғимарат - 828 м), желкен тәрізді әйгілі 7  Бурдж аль-Араб қонақүйі, қолдан салынған пальма аралдары, Мадинат Джумейра т.б.
Расында да арабтар әр нәрседе бірінші болуды, таңғалдыруды жақсы көреді екен. Англия, Америка сынды елдерден шақырылған ең танымал құрылыс шеберлерін шақырып, Дубайды туристер үшін одан сайын қызықты қылып жатқан реформаларды қабылдаған ел басшысы Мохаммед ибн Рашид аль-Мактумның үлесі зор.

Архитектуралық ләззаттан өзге, әлемдегі ең ірі сауда-ойын-сауық кешені (1,2 млн.м²) Дубай Моллды, сондай-ақ ең ірі жабық тау шаңғы курорты бар Эмираттар Моллын аралап шығуларыңызға болады. Бұл кешендер жай ғана сауда үшін емес, күні бойы аралап, қыдыру үшін де қызықтайтын орын. Ал кешке жақын Дубай Моллдың алдында орналасқан музыкалық фонтанды тамашалай аласыздар. Бұл фонтан әлемдегі ең үлкен әрі ең биік фонтан болып саналады. Шапшып аққан су биіктігі 150 метрге дейін көтеріледі.

Қала қызықтарынан өзге, әр қонақүйде түрлі экскурсияларды ұсынатын арнайы гидтер отырады. Сафариге, Абу-Дабиге, Жаңа Дубайды аралауға экскурсиялар алсаңыздар болады.

Араб-Әмірліктерінің Астанасы Абу-Даби

Біз Дубайға сапарымыздың алғашқы күні жағажайда жатып демалып, екінші күні Дубайдан 200 шақырым жерде орналасқан Араб-Әмірліктерінің Астанасы Абу-Даби қаласына жол тарттық. Ең әуелі әлемдегі ең сәулетті мешіттердің бірі Зайд шейх мешітіне ат басын тіредік. Ерекше үлгіде мәр-мар тастармен өрнектелген, төбесіне алтын жалатылған, мешітке ілінген аспалы шам әлемдегі ең үлкен хрусталь шырақ есептеледі екен. Ал мешітке  әлемдегі қолмен тоқылған ең үлкен кілем төселген. Жол бастаушымыз Есбол  Жапанұлының айтуыншы бұл мешітті салуға 5 миллиярд 5 миллион АҚШ доллары жұмсалыпты. Біз бұл қалада арабтардың ежелгі өміріне сыр шертетін этно ауылда болдық. Бүгінгі күн мен кешегі өмір арасы жер мен көктей. Сонымен бірге бұл қалада Әлемдегі үздік қонақүйлердің бірі «Emirates Palace» және әлемдегі ең үлкен жабық ойын-сауық кешені «Ferrari World Abu Dhabi» паркінде болдық. Парктің аумағы 96 мың шаршы метрді құрайды екен.



«Ferrari World» кешені әлемге әйгілі Ferrari маркалы автомобильдерге арналған. Бұл жерден осы жарыс автомобильдерімен таныса аласыз. Саябақтың барлық ойын-сауықтары осы брендке байланысты. Паркке кіру ересектерге - 295 дирхем, балалар үшін - 230 дирхам (25-30 мың теңге шамасы).

«Ferrari World» ойын-сауық саябағында 20-дан астам  аттракционды ойындар бар. Formula Rossa - парктегі ең танымал аттракцион, себебі бұның жылдамдығы 240 км / с жететін әлемдегі ең жылдам роллер. Намысқа тырысып бұған да отырып көрдік, көз алдыңнан бар өмірің зу етіп өте шығардай әсер қалдырады екен.

 Әлемдегі ең үлкен гүл паркі

Дубайдағы мені таңғалдырған тағы бір кереметтердің бірі қаланың ортасында орналасқан әлемдегі ең үлкен гүл паркі. Шөл далада алуан гүлдердің жұпар иісімен тыныстап, өзгеше ләззатқа батқыңыз келсе, міндетті түрде Dubai Miracle Garden саябағына ат басын тіреңіз. Мұнда әлемдегі ерекше гүлдердің жүздеген түрі бар көрінеді.



Dubai Miracle Garden 2013 жылы Валентин күні қарсаңында ашылып, Гиннестің рекордтар кітабына енген. Бақты құруға АҚШ-тың және Еуропаның үздік мамандары атсалысыпты. Гүлден жасалған гүлзарларды безендіру үшін, Әмірліктер аумағында ешқашан өсірілмеген өсімдіктер әкелген. Бұл орын жастар үшін де, үлкендер үшін де ерекше әсер сыйлайтын ғажайып бақ.
Алып теңіздегі екі қазақтың соқтығысы

Біз бұл сапарымыздың бір күнінде Дубай қаласынан 40 шақырым қашықта орналасқан Шаржа әмірлігіне бет алдық.
Шаржаны Араб Әмірліктерінің мәдени астанасы деп атауға да болады. Өйткені мұндағы бірегей мұражайлардың көптігі, галереялар мен театрлар, Еуропалық үлгідегі қала келбеті, әмірліктің абыройын аттыра түседі.



Басымыздан өткен мына бір оқиғаны оқырмандар ескере жүрсін деген ниетпен қыстыра кетейін. Біз бұл қалада теңіз жағасына барып гидроциклмен суда жүзуді жөн санадық. Төрт жігіт төрт көлікті тақымдап теңізге шықтық. Бойымыздағы табиғатымызға тән бір мінезіміз ұстады білем,  алып теңізге шыққасын, кең жайлауда жүргендей аттың басын жібердік-ау. Бірімізден біріміз озып біраз жарыстық, шетсіз-шексіз теңіз үстінде желдей есіп, емін-еркін көсілдік, неше түрлі қимылдар жасап, теңіз апшысын қуырдық. Бірде гидроциклмен ағызып келіп артқа айнала берем дегенде оң жағымда оқтай зулап келе жатқан досым Тынай Әбуұлының қайығының бүйіріне қатты ұрылдым. Ол да жанасалап өтіп кетуге үлгермей қалды. Бір қарасам Тынай кинодағыдай кеңістікке көтеріліп барып, теңізге құлады. Астындағы «тұлпары» біраз жерге барып тоқтаған екен. Құдайға шүкір, еш жері жарақаттанбапты. Суға бір сүңгіп қайта шықты да гидроцикліне жүзіп жетті. Алғашқы желөкпелігіміз аздап басылғандай болды. Екеуміздің де көліктерімізге аздап зақым келіпті. Жалға берушілер көліктерімізді бір қарап шығып, өзара күбірлесіп іштей «жымың» еткендей болды. Қанша дегенмен шетелдік туристердің қалтасын қағып үйренген қулар ғой, еселеп шығынын өтеп алды. «Бас аман болғасын болды» деп, ақшасын санап беріп, шыға бердік. «Досым шетелде жүргенде абайлап жүру керек. Алып теңізде екі қазақ соқтығысып қалыпты десе елден ұят емеспе дедім»,- дедім Тынайға.

Жасанды аралдағы су әлемі

Дубайдағы атбасын бұрмаса болмайтын демалыс орындардың бірі — «Атлантис» қонақ үйінің аумағында салынған су паркі.
Aquaventur Atlantis - Парсы шығанағындағы The Palm Jumeirah жасанды аралында орналасқан. Бұл ойын-сауық саябағы тек Біріккен Араб Әмірліктерінде ғана емес, Таяу Шығыстағы ең ірі парктердің бірі. Ол 17 гектар аумақты алып жатыр екен.
Мұнда бір күн уақытыңызды ерекше көңілді, мәнді өткізе аласыз. Өзіңді экстремалды спорт әлемінде, ерекше толқындарға, шексіз қызықты су әлеміне батырасыз. Өзен бойында рафтингті сарқырамалар, су слайдтарынан түсіп, дельфиндермен бірге жүзе аласыз. Парк ішінде балаларға арналған ойын алаңдары, дәмханалар, жағажай — бәрі бар.

Бұл аралға қаладан метро арқылы келу ыңғайлы. Паркке кіру құны ересектер үшін 275 дирхам, балаларға  225 дирхам, 2 жасқа дейінгі балалар тегін (22-28 мың теңге айналасы).

Әлемдегі ең биік ғимарат - Бурдж Халифа!

Әлемдегі «еңдерді» топтастырған Дубайдың тағы бір кереметі - әлемдегі ең биік ғимарат - Бурдж Халифа! Биіктігі 828 метр, жалпы 163 қабат. Ашылу салтанаты 2010 жылдың 4 қаңтарында өтті.



Кешенінде қонақ үй, пәтер, кеңсе және сауда орталықтары бар. Ғимараттың үш жеке кіреберісі бар: қонақ үй, пәтер және кеңселер. 43-ші және 76-шы қабаттарда гимназиялар, бассейндер, джакузи бар алаңдар бар. 122 қабатта 80 орындық «Атмосфера» мейрамханасы бар. Ол әлемдегі ең биіктікте орналасқан мейрамхана. Туристерге қаланы көрсетуге арналған 148-ші қабатта арнайы аумақ бар және 125 қабатқа шығып қаланы тамашалауға болады.

Біз мұнда қызмет көрсетуші Жамила есімді қызбен таныстық, оның айтуынша, Бурдж Халифаны күніне 3 мыңнан астам адам тамашалайды екен. Бір адамның кіру ақысы біздің ақшамен 20 мың теңгенің мөлшерінде, әрі қарай күндік табысын санай беріңіз. Осындай да есіңе Астанадағы Байтерек оралады екен, әттең біздің елде де әлемді таңғалдырып, кіруге кезек күтіп тұратын бір құрылыстың болғанын армандайсың.

Құмды даладағы серуен

Дубайдағы, сондай-ақ БАӘ-нің барлық жерлерінде «шөл далаға сапар» немесе джип сафари атты ойын-сауық түрі бар. Әрине Дубай десе бәріміздің көз алдымызға арабтың құмды тауларын әрі-бері ойқастап, бұрқыратып жүрген жол талғамайтын көліктер келетіні рас, өйткені БАӘ шөлдері әлемнің ғажайыптарының бірі болып саналады, сондықтан туристердің барлығы құмды даланың өзгеше ләззатын сезінгісі келеді.

Бағасына қарай неше түрлі турлар бар. Бізде бір күндік сапарды шөл далаға арнадық. Тапсырыс берген уақытымызда Toyota Land Cruiser 200 көлігі бізді қонақ үйден алып кетті. Ішкі жақтаулары берік, аударылған жағдайда қауіпсіздік үшін арнайы жабдықталыпты. Қаладан бір сағаттан астам уақыт жүргенде құмды тауларыға іліндік. Құмға жеткесін жүргізушіміз доңғалақтарының желін азайтып, бәрімізге  мықты отыруды, телефон, фотоаппарат секілді заттарға абай болуды ескертті. Сосын, бірге барған бірнеше көлік керуендей тізіліп, құмды қыраттаға кіріп кеттік. Өрлі-қырлы құмды жоталарда көлігінің неше түрлі «өнерін» көрсетіп жүйткіді. Бұдан да биік тауларда жүріп, шатқалдар арасында  өскендіктен бе, бізге қатты әсер ете қоймады. «Асфальт жолда келе жатқандай үнсіз отырсыңдар ғой. Қатты қорқып кетпесеңдер де кішкене әсерленіп, айғайлап отырсаңдаршы. Туристер шыңғырып, шулаған сайын, мұндаға шоферлер шабыттана айдайды», дейді Есбол. Оның сөзінен кейін бізде образға кіріп қатты әсерленген бейне байқатып отырдық.

Күн бата, шексіз аспан астында туристер үшін арнайы кешкі ас берілді. Әрі қарай театрлық қойылымдармен және музыкамен шоу-бағдарламалармен жалғасты. Жалпы бұл орын, қаланың тыныс-тіршілігінен қашып, демалыс уақытын құмның ортасында таңғажайып сезімде өткізгісі келетіндер үшін ерекше аймақтардың бірі екен.  Бір қарасаң Қазақстанда да мұндай құмды дала жетерлік. Арабтардың шөл даладағы құмды да ғажайып мекенге айналдырып ақша тауып отырғандығы адамға үлкен ой салады.
 
Мен көрген Дубай

Жалпы бұл реткі сапарымыз ерекше қызықты, көңілді болды. Менің байқағаным Дубай шопинг құмар жандар үшін де ерекше қала. Мұнда машинаның автобөлшектерінен бастап, алтын-күміс, тон-ішікке дейін бәрі бар. Сонымен бірге қала зәулім ғимараттарымен таң қалдырады. Ауасы, суы ағзаға жақсы жағады. Ал, бір өкініштісі өзіңді кейде Дубайға емес, Үндістанда жүргендей сезінесің. Әуежайдан түскеннен бастап, үндістер қаптап жүреді. Көп жерде қызмет көрсетушілердің Үндістермен Таиландтықтар екенін байқадық. Арасында өзбектер, қызғыздарды да көзің шалады. Ал, Дубай десе көз алдыңа келетін қымбат көлігіне жолбарысын салып алып жүретін арабтарды мұнда көре бермейсің. Жалпы ақ сәлдесін оранған жергілікті халық аз кездеседі екен. Деректерге жүгінсек,  Дубайда жергілікті арабтар барлық халықтың 10% ғана құрайды. Олардың өзі көбінесе Джумейра ауданындағы жабық жер үйлер резиденцияларында тұрақтайды. Ал халықтың қалған бөлігі: Үндістаннан келген арабтар, үнділер, пәкістандықтар, бангладештіктер, филиппиндіктер, т.б.

Есбол Жапанұлының айтуынша, жерлік тұрғындар тегін білім алады, тегін емделеді. Бұл олар үшін ғұмыр бойы қамтамасыз етілген. Дубайда түгелдей бір студенттер қалашығы бар. Онда Кэмбриджден бастап, көптеген АҚШ пен Англия университеттерінің филиалдары жұмыс жасайды. Балаларын шетке шығарғысы келмеген басшылар университеттер мен мықты шетел профессорлардың өзін қалаға әкелуді жөн көріпті. Ал шетелдіктер үшін, оқу мен емделудің бағасы тым жоғары екен.
Жалпы бұл естелігім, менің «ең» деген сөзді ең көп қолданған жазбам болды. Бұл арабтардың елді таңғалдыруда алдына жан салмайтын ерекшелігінің, барлық нәрсе де бірінші болуға ұмтылып тұратын белсенділіктерінің белгісі болса керек. Кешегі түйе мініп, маң-маң басқан араб даласындағы мамыражай өмір бұл күнде аспанмен таласқан ғимараттар мен еңсе тіктеп, ерекше ғажайып рекордтар мен әлемді аузына қаратып, ферраридің жылдамдығындай алға тартып барады. Міне бұл — мен көрген  Дубай.
 
Ризабек Нүсіпбекұлы


Жаңалықтар