21 Август
06:57
Астана: 6 °C
Алматы: 8 °C
USD/KZT: 332.80
EUR/KZT: 390.57
RUB/KZT: 5.60
CNY/KZT: 49.88
Кербез
31 мамыр 11:18
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Қуырдақтың түрлері

Қуырдақ — малдың мойын, төстік еті мен мен өкпе-бауырын, бүйрегі мен майлы ішек-қарынын ұсақтап турап қуырып жасайтын тағам. Оны дайындау оңай әрі тез. Ұлттық асхана жайында сөз қозғалғанда, қуырдақ бір тағам ретінде жалпылай айтыла салады. Алайда бұл тағамның бірнеше түрі барын көпшілік біле бермейді. Соны ескеріп, бүгін біз сіздерге қуырдақтың түрлері жайлы айтып бермекпіз. Назар салыңыздар.

Соғым қуырдағы. Бұл қуырдақ соғым сойған малдың өз майына қуырылады. Оны дәмдендіре түсу үшін татымына қарай тұз, бұрыш, дөңгелектеп турап пияз салады.

Бал қуырдақ. Көбінесе жас малдың жұмсақ етінен даярланады. Басқа қуырдақтан мұның ерекшелігі — етті майға емес пісірілген сүттің бетінен түскен қаймаққа ғана қуырылуында. Өте жұғымды, жүрекке көп тимейтін қуырдақтық бұл түрін көбіне қарт кісілерге, сыйлы қонақтарға беретін болған.

Су қуырдақ. Еттің өзін ғана өз сөліне қуырыңқырап алып, содан соң суын молдау құйып, тұзын шығарыңқырап сорпасымен ішіп жейтін болғандықтан осылай аталған. Бұл қуырдақтың сорпасы аса нәрлі, жұғымды, дәмді болған. Сондықтан көбінесе ауырғаннан аузының дәмі кетіп қалған, енді-енді тамаққа қарай бастаған кісіге берілген. Бұл су қуырдақтың әдетте тұзының шығыңқы, ащы-тұщы дәмдеуіштерінің молдау болғаны дұрыс. 


Қара қуырдақ. Кілең өкпе мен бауырдан, жүрек пен бүйректен әзірленеді. Бауыр тез пісетін болғандықтан, кешірек салынады. Мұның қара қуырдақ деп аталатын себебі, бауырлық қара майға қуырылғанда қуырдақтың өңін қарайтып жібереді.

Кісе қуырдақ (ішек-қарын қуырдағы). Бұл қуырдақта ең негізгісі малдың қарны болған. Әсіресе сиыр малының қарнының түгін жидітіп, тазартқан соң ұсақтап турап, етпен бірге аз суға қайнатып алады да,  жүрек, бүйрек, ішек, бауырын қосып, майға қуырады.

Сырбаз қуырдақ. Сірнеге ұқсас жеңсік тағам. Қай малдың болса да жаңа сойған жас етін қазанға салып, бие сүтін құйып, тұз салып ақырын ғана қайнатқан кезде өз буымен піседі. Кей жерлерде мұны "бұқпа қуырдақ" деп атайды. Піскен кезде еті сағыздай созылып тұрады. Аталған дәмді сыйлы кісілер мен қарт адамдарға тартады.

Сүр ет қуырдағы. Қуырдақтың бұл түрі сүрленген еттен дайындалады. Мұндай еттің қышқылтым дәмі болатындықтан оны бір қайнатып, сүт пісірім уақыт салқындатып қойып, сорпасын төгіп тастайды. Осыдан соң ет жібіп жұмсарып, оңай туралады. Артынша қазанға аздап су, мөлшерлеп май құйып, түрлі басқа да дәмдермен қосып етті қуырады. 

Жоңқа қуырдақ. Жаңадан сойылған мал болмағандықтан өкпе-бауыр, ішек-қарынсыз, тек қана сұрпы еттен қуырылған қуырдақ осылай аталады. Қуырдақтың бұл түріне аздап картоп, күріш, ши кеспе салып та даярлайтын болған.

massaget.kz
нравится:    2191
Теги: Ас мәзірі,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии