21 Август
10:38
Астана: 19 °C
Алматы: 18 °C
USD/KZT: 332.80
EUR/KZT: 390.57
RUB/KZT: 5.60
CNY/KZT: 49.88
Кербез
18 қыркүйек 17:12
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Күзгі күйзеліспен күресейік
Күз десе еске бірден сағыныш сезімі түседі. Сағыныштың мұңдысы бар, тәттісі бар. Сары жапырақтар сыйлайтын сезім кейде санамызға сіңіп, жүрек түбіне еніп кетеді.


Күрең күз келіп, күңіренген көгімен көңіл күйімізді кемітеді. Ешкім ештеңе демей-ақ, өзінен-өзі көңіліміз түсіп, небір жоқты ойлап, құлазитын сәт әркімнің басында болып тұрады.

Мұндайда адам өзін жалғыз сезінуден қашу керек. Мейлі, жаныңызда сыңарыңыз болмаса, алыста жүресе де ата-анаңыз бар шығар, бауырларыңыз, туыстарыңыз бар. Жай күнде бейқам жүргендерімен, басыңызға іс түссе, сізді қолдайтын бір адам болса да табылады.

Кітап оқыңыз. Көңіл көтеретін кітап таңдау үшін достарыңыздың кеңесіне жүгініңіз. Көңіл көтеретін кітап деген әзілге толы, ішек сілеңізді қатыратын кітап емес, жабырқаған жүзіңізге жымиыс сыйлайтын терең ойлы, тылсым сырлы кітап.


Ондай кеңес берерге жарайтын таныстарыңыз болмаса, балалар әдебиетін таңдауға болады. Мысалы, Бердібек Соқпақбаев «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді», Сайын Мұратбеков «Жабайы алма», Маркиза Базарбайқызы «Әкесін іздеген ұл» кітаптырының бірін қолға алсаңыз, мұң түгілі бүкіл дүниені ұмытып, кітап ішіне кіріп кетесіз. Түрлі тағдыр иелерінің қилы тіршілігімен танысып, бейбіт күніңізге шүкір етесіз.

Жағдайыңыз келсе, киім сатып алыңыз. Жаңа нәрсе алу да көңілге медеу болады. Өзіңізді жаңа қырыңыздан көріп, көңіліңіздің күйі көтеріліп сала берері сөзсіз.

Әуен тыңдап, қосылып ән шырқаңыз. Ырғағымен билеңіз. Ән айтқан адам артық ойлармен миы шағылмайды. Жаны тазарып, миы жаңарады. Онымен бірге, көңілі көтеріліп, өздігінен шаттанып шыға келеді.

Су сылдырын тыңдаңыз. Көшедегі арық, өзен, жағалау – не болса да мейлі. Судың сұлу сыңғыры адам жанын тыныштандырып, өзгеше көңіл күй сыйлайды. Тіпті, аквариюмдегі балықтар тамашалау да жаныңызға жайлылық жеткізеді.

Табиғат аясында таза ауамен тыныстап, тыныш көшеде серуендеңіз. Жаяу жүріп, денсаулығыңыздың да жағдайын жасайсыз. Адам аяғы аз басылатын жерге барып, күнделік жазыңыз, не кез келген қағаз алып, бар ойыңызды бүкпесіз түсіріңіз. Ішкі сезіміңізді түгел шығарыңыз.

Ақ қағаз көп адамның қолынан келе бермейтін тыныш тыңдау қабілетіне ие. Бар жазғаныңызды қабылдап алып, міз бақпай тұра береді. Не жазамын деп қам жемеңіз, қаламды қолға алсаңыз, өзі-ақ жорғалап жүре береді. Жазамын деп күтпеген нәрселеріңіз барлығы өзі жазылады. Қаласаңыз, жазып болған соң жыртып тастаңыз. Бастысы, ішіңіздегі тұншығып жатқан тұнық сырларыңызды шығарсаңыз, жеңілдеп қаласыз.

Дереккөзі: massaget.kz
нравится:    1402
Теги: Аруларға кеңес,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии