23 Октябрь
12:05
Астана: 3 °C
Алматы: 14 °C
USD/KZT: 335.24
EUR/KZT: 395.82
RUB/KZT: 5.82
CNY/KZT: 50.65
Әлем жаңалықтары
23 маусым 09:48
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Қымыздың денсаулыққа пайдасы


Жылқы сүті, яғни қымыз жыныс гармондарына жақсы әсер ететін ферменттерінің арқасында әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды. Құрт ауруларының алдын алады, ауырған адамның қайта қалпына келуіне жақсы ықпал етеді. Ал саумал қымызды ем ретінде буын ауруларына ішсе, тіпті пайдалы екен. Салданудың да алдын алады. Жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізулі балаға да пайдасы орасан. Ашыған қымыз шөлді басып, қантамырды қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Іш қатудың алдын алады. Бүйрек пен бауырды қанықтырып, қан тамырларын тазалайды. Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың бірден-бір емі. Қымыз адамның физикалық жағдайын да күшейтумен қатар, тәбет ашып, ас қорытуды жақсартуға ықпал етеді екен. Бие сүті тек адам ағзасына ғана емес, түрлі дертке шалдыққан малдарға да пайдалы екені расталған. Мал дәрігер мамандарының айтуынша, қымызды бұзаулардың, балапандар мен тауықтардың ащы ішегінде қабыну белгілері байқалғанда, ірі қара малдың асқазаны әлсірегенде, тауық балапандарына А және В дәрумендері жетіспегенде, сауын сиырлардың іріңді желінсау (мастит) ауруына ем ретінде қолдануға болатын көрінеді.

Қымыз жыл маусымына байланысты екі, кейде үш түрге бөлінеді: жазғы қымыз, қысқы қымыз немесе күзгі қымыз деп айтылады.

Биені алғаш байлағанда ашытатын қымызды – уыз қымыз, алғаш рет құлындаған қулық биенің сүтінен ашытылатынды – қысырақ қымыз немесе ту қымыз, қымыздың үстіне саумал құйылып, келесі күні қотарылатынды – түнемел қымыз, ашып кеткен қымыздың үстіне үстемелеп саумал құйып жуасытқанды – жуас қымыз, сабадағы мол қордың үстіне күн сайын сүт құя отырып бірнеше күн жинаған қымызды – қорабалы қымыз деп атайды.

Ал дайындау мерзіміне орай: Саумал, Түнемел қымыз (бір күндік), Құнан қымыз (екі күндік), Дөнен қымыз (үш күндік), Бесті қымыз (төрт күндік) деген атауға ие.
Сондай-ақ, қазақ тарихында қымыздың қандай жағдайда ішілгені туралы да мәлімет бар. Мәселен, «Саумал» – жаңадан сауылып сабаға құйылған бие сүті, аздап пісілген, бірақ аши қоймаған түрі. Якуттар да мұндай қымызды «саамал қымыз» деп атайды. «Саумал ішсең – қымыз жоқ, бие мінсең – құлын жоқ» дегендей, саумалды кедейлер қымыз болмай қалғанда ішіпті.

Сары саумал – күзде шөп әбден пісіп-жетілгенде сауатын саумал.

Бесті қымыз деп төрт күн тұрып, әбден ашып, бабына келген қымызды атапты. «Берместің үйінде бесті қымыз да жоқ» дейтін халық мақалы осыдан қалса керек.
Қымыздың дәмін келтіріп және күшейту үшін қосылатын заттарға тоқталсақ: кепкен сүр қазы, қойдың еті, қойдың құйрығы, қалампыр, күшала, көк қылша, жылқының тобығы, қант, бал, мейіз, кептірілген өрік, құйма күміс (жамбы). Ал қымыздың ашытқысы: ұйытқы, қор, қораба, ерім, тұз сіңген жылқының жаясы, ашыған нан, ашыған бидай көже, жылқының жақ сүйегі, жылқының ортан жілігінің басы.

Қымыздың құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп болғандықтан, төрт түліктің ішінде биенің сүті ғана сүттің ерекше түрі альбуминдік қасиетке ие екен. Демек, бие сүті ананың сүтімен пара-пар деген сөз. Бие сүтінде кездесетін ақуыздар, майлар, көмірсутегілері басқа сүтке қарағанда ерекше. Бұл – бие сүтіндегі ғылыми дәлелденген қасиеттердің бір парасы ғана. Ал оның зерттелмеген, ашылмаған тұстары тіпті көп.


– Мен қымыз төңірегінде көптеген еңбектер жаздым. Тіпті докторлық диссертациям да қымыз бен шұбатқа арналған. Негізі, сүт екі топқа бөлінеді. Бірі – казеиндік сүт болса, екіншісі, альбуминді сүттер тобы. Мәселен, қойдың, ешкінің, сиырдың, түйенің сүттері казеиндік сүттер тобына кіретін болса, альбуминді топқа ананың сүті мен биенің сүті ғана кіреді. Демек, бие сүті – ананың сүтімен пара-пар деген сөз. Альбуминді сүттердің казеиндік сүттерге қарағанда, құрамы айрықша болады. Мұның асқазанға күш түсірмей, ас қорыту жүйесіне пайдасы өте зор. Құрт ауруына бірден-бір ем. Сонымен қатар өкпе ауруларын емдеуде, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ететіні, қандағы қызыл қан түйіршіктерімен (эритроцит) гемоглобин синтезіне әсер ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған. Бие сүтінде кездесетін ақуыздар, майлар, көмірсутегілері басқа сүттерге қарағанда ерекше болып келеді. Бұл бие сүтіндегі ғылыми дәлелденген қасиеттердің бір парасы ғана. Ал оның зерттелмеген, ашылмаған тұстары өте көп. Сондықтан қымызды зерттейтін арнайы ғылыми-зерттеу орталығын ашуымыз керек. Қазір Германия бұл төңіректе көптеген жұмыстар жасап жатыр», - дейді медицина ғылымының докторы, профессор Абай ЖАНҒАБЫЛОВ. 

 
нравится:    4023
Теги: Денсаулық, Главная,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии