|    |  
15 желтоқсан 2018
18:47
қаз
Лечо салатының ТОП-5 рецепті
24 тамыз, 16:27 1002
Лечо құрамына міндетті түрде тәтті бұрыш қосылады 



Болгар бұрышынан әзірленетін лечо салаты – қыс мезгілінде дастарханның сәнін келтіретін дәмді тағамдардың бірі. Үйде қолдан жасалған лечоны сорпаға қосуға, сондай-ақ картоп, күріш немесе макарондармен бірге ұсынуға болады.
 
Қызанақ және сарымсақ қосылған лечо



Құрамы:
- 3 кг қызанақ
- 10 дана қызыл болгар бұрышы
- 1 стақан қант
- 1,2 ас қасық тұз
- 7-8 түйір сарымсақ
- 1 шай қасық ұнтақталған бұрыштар қоспасы

Дайындау әдісі:
  1. Қызанақ пен бұрышты жақсылап жуып, қызанақты жеміссабағынан, бұрышты тұқымдарынан тазартамыз. Сарымсақты тазалап аршып, ұсақтап тураймыз.
  2. Қызанақтың жарты бөлігін ұсақтап тураймыз. Бұрышты өз қалауымызша кесеміз.
  3. Дайын болған ингредиенттерді кастрюльге салып, 10 минут қайнатамыз. Содан кейін қызанақтың қалған бөлігін ірі етіп турап қосамыз.
  4. Тұз, қант және ұнтақталған бұрыш қосып, тағы 30 минут қайнатамыз.
  5. Дайын болған лечоны ыстық күйінде алдын ала бумен зарарсыздандырылған банкаларға бөліп құйып, қақпағын жауып, бекітеміз. Банкаларды толықтай суығанша төмен қарай аударып қоямыз. Ингредиенттердің көрсетілген мөлшерінен 3,5 литр лечо дайындауға болады.

Дәмдеуіштер қосылған лечо



Құрамы:
- 3 кг қызанақ
- 1,5 стақан қант
- 1 стақан өсімдік майы
- 8-10 түйір қара бұршақ
- 2 ас қасық тұз
- 3 лавр жапырағы
- 2 ас қасық 9% сірке суы
- 3 кг тәтті бұрыш

Дайындау әдісі:
  1. Қызанақты жуып, ет турағыштан өткіземіз.
  2. Қант, өсімдік майын, қара бұрыш, тұз, лавр жапырағын және сірке суын қосып араластырамыз. Қайнағаннан кейін тағы 30 минут отта ұстап, содан кейін алдын ала кесіп қойған бұрышты қосамыз. Тағы 5-10 минут қайнатамыз.
  3. Банкалар мен қақпақтарды бумен зарарсыздандырамыз.
  4. Дайын болған лечоны банкаларға бөліп құйып, қақпағын бекітеміз, банкаларды төмен аударып, толығымен суығанша орап қоямыз.
Кеңес: Лечоны тоңазытқышқа салмай-ақ қыс бойы сақтауға болады. Лечо келесі тәулікте-ақ пайдалануға дайын болады.
 
Сәбіз қосылған лечо



Құрамы:
- 2 кг қызанақ
- 1 кг болгар бұрышы
- 1 кг сәбіз
- 5 ас қасық өсімдік майы
- 1 ас қасық сірке суы эссенциясы
- 5 ас қасық қант
- 1 ас қасық тұз
- 1 стақан су

Дайындау әдісі:
  1. Банкалар мен металл қақпақтарды бумен зарарсыздандырамыз.
  2. Қызанақты жуып, жеміссабағынан тазартамыз, бөліктеп кесіп, ет турағыштан өткіземіз. 
  3. Тұз, қант және өсімдік майын қосып араластырамыз. Әлсіз жалынға қойып, қайнағанға дейін күтеміз. Содан кейін оттың қызуын барынша төмендетіп, 40 минут қайнатамыз.
  4. Сәбіз бен болгар бұрышын жуып тазалаймыз. Сәбіздің қабығын аршимыз, болгар бұрышын тұқымдары мен жеміссабағынан тазартамыз. Сәбізді ұзын тіліктерге бөліп тураймыз, ал бұрышты жеуге ыңғайлы болатындай ірі етіп тураймыз.
  5. Көкөністерді қайнаған томат шырынына қосып араластырып, қайнағанға дейін отта ұстап, сосын тағы 20 минут қайнатамыз. Содан кейін лечоға сірке суы эссенциясын қосып, жақсылап араластырамыз.
  6. Дайын болған лечоны алдын ала зарарсыздандырылған банкаларға бөліп құйып, бірден қақпақтарын жауып бекітеміз. Банкаларды аударып, толығымен суығанға дейін үстін орап жауып қоямыз. Лечоны бөлме температурасында сақтауға да болады, бірақ оған күн сәулесі тікелей түспеуі тиіс.

Болгарша лечо



Құрамы:
- 1 кг тәтті бұрыш
- 1 кг томат пюресі
- 2 ас қасық қант
- 1 ас қасық тұз

Дайындау әдісі:
  1. Түрлі-түсті бұрышты жуып, тұқымдары мен жеміссабақтарынан тазартамыз. Тігінен жалпақ тіліктерге бөліп немесе төрт бұрыштап тураймыз.
  2. Жаңа піскен қызанақтан жасалған пюрені (ет турағыштан өткізген немесе блендермен ұсақталған) 2-3 рет қайнатып аламыз.
  3. Тұз, қант, кесілген бұрышты қосып, 20-30 минут араластыра отырып қайнатамыз.
  4. Дайын болған лечоны зарарсыздандырылған банкаларға құйып, қақпақтарын бекітеміз.


Ащы лечо



Құрамы:
- 3 кг қызанақ
- 3 кг болгар бұрышы
- 1-2 дана ащы қызыл бұрыш
- 4 ас қасық ірі тұз
- 1,5 стақан қант
- 60-80 мл 6% алма сірке суы
- 2 лавр жапырағы 
- 6-8 дана бұршақты бұрыш
- 200 мл өсімдік майы

Дайындау әдісі:
  1. Қызанақты жуып, тазартып, ет турағыштан өткіземіз. Содан кейін баяу жалында 15 минут қайнатамыз.
  2. Тұз, қант, өсімдік майын және кесілген бұрышты қосып араластырамыз. Баяу жалында 20 минут қайнатамыз.
  3. Осыдан кейін бұршақты бұрышты, лавр жапырағын, сірке суын қосып, тағы 5 минуттай қайнатамыз.
  4. Дайын болған лечоны алдын ала зарарсыздандырылған банкаларға құйып, қақпақтарын бекітеміз. Банкаларды аударып, толығымен суығанша орап жауып қоямыз. 

Дереккөзі: www.segodnya.ua


Жаңалықтар