Кербез
13 мамыр 14:49
Lifehack: Аспаздық шеберлігіңізді арттырыңыз

Тамақты жылдам, әрі дәмді дайындағыңыз келе ме? Аспаздық шеберлігіңізді арттырып, жақындарыңызды тіл үйірер тәтті-дәмдімен қуантуды ойлайсыз ба? Ендеше, төмендегі кеңестерге назар аударыңыз.

1. Көкөністерді дәнінен тазарту оңай

Ол үшін балмұздаққа арналған қасықты қолданыңыз. Оның өткірлеу қырлары қияр, кәді, асқабақ және басқа да көкөністердің дәнін оңай тазартады.

2. Артық майдан арылтыңыз

Дайындаған тамағыңыз тым майлы болып кетті ме? Қорқатын ештеңесі жоқ. Мұздатқыштан мұз алып, қағаз майлықпен орап, тамақтың бетімен бір жүргізіп шығыңыз. Мұз майды өзіне тартады. Осылайша қағаз майлыққа артық майды сіңіріп аласыз.


3. Пиццаны қалай жылытамыз?

Пиццаны микротолқынды пеште жылытқанда жанына стаканмен су қойыңыз. Әйтпесе, ол тым құрғап кетеді. Ал стакандағы су осының алдын алып, пицца өз ылғалдығын сақтап қалады.

4. Тазаланған жаңғақты қалай сақтаған жөн?

Минералдар мен дәрумендерге бай жаңғақтар адам ағзасына өте керек. Сондықтан да оларды үнемі жеп тұрған жөн. Ал тазаланған жаңғақтарды бөлме температурасында сақтап қояр болсаңыз, уақыт өте оның дәмі қышқылданып кетеді. Ал мұны болдырмау үшін жаңғақтарды герметикалық ыдысқа салып, мұздатқышта сақтаңыз. Осылайша, жаңғақ дәмін ғана емес, құнарын да жоғалтпайды.


5. Иісті қалай жоғалтамыз?

Балық тазалап, сарымсақ турағанда қолда жағымсыз иістің қалатынын бәріміз білеміз. Ал одан арылу жолын ше? Ол оп-оңай. Қолыңызды ас содасымен немесе лимон шырынымен сүртіп, жылы  жуып жіберіңіз.

6. Көк-сөкті қалай сақтаймыз?

Кез келген тамақтың сәнін кіргізіп, тәбетті ашатын және ерекше дәм беретін көк-сөктің үйде әрдайым болғаны қандай жақсы! Өкінішке қарай, оларды дұрыс сақтай алмай, иісін де, дәмін де жоғалтып алып жатамыз. Мұндайда не істеу керек? Көк-сөкті мұз қатыратын ыдысқа турап салып, үстінен су немесе зәйтүн майынан аздап құйыңыз да, мұздатқышқа қойыңыз. Ал керек болғанда алып, тамаққа салсаңыз, дәмі де, иісі де сол қалпында сақталатынына көзіңізді жеткізесіз.


7. Шойын ыдысты қалай тазалайды?

Ас үйдегі «адал досыңыз» – шойын қазаныңыз немесе табаңызды ұзақ қолданғыңыз келсе, оны дұрыс тазалауды үйреніңіз. Химиялық қоспаларға жүгіргеннен бұрын шойын ыдысты қарапайым ас тұзымен жууды әдет қылыңыз. Тұз қазанды тазалап қана қоймай, сіңіп қалатын тамақтың иісінен де арылтады.

8. Ыдысты жылтыратқыңыз келсе...

Хром жалатылған (хромдалған) ыдысты алғаш алғандағы қалпында ұстағыңыз келсе, оны сірке суы қосылған сумен жуыңыз. Ал егер қарапайым ыдыс болса (электрошайнектен басқасын), онда оны бір түнге сірке суы мен судың қоспасына салып қоюға да болады.

Дереккөзі: anabol.kz

 

Комментарии




Яндекс.Метрика