|    |  
21 қазан 2019
02:18
қаз
Мейірімділік - адамның ең жақсы қасиеті
16 мамыр 2019, 16:59 62


Төменде адамдармен тіл табысуға көмектесетін өмірлік оқиғалар жазылған: 

1. Еден жуушының есімін біліңіз 

Сабақ беруші профессорымыз екінші курста оқып жүргенімде жазбаша тест алды. Білімге құмар жан болғандықтан, соңғысынан өзгесінің бәріне жауап бердім. Мен жауап бере алмаған сұрақта «Біздің корпустың еденін жуатын әйелдің есімі кім?» деп жазылған болатын. 
Мұны қалжың болар деп ойладым. Еден жуушы әйелді бірнеше рет көргенім рас. Ол жасы елуді алқымдаған, бойшаң, қара шашты әйел болатын. Мен тест парақшасын осы сұрақтың жауабын жазбай өткіздім. Сабақ аяқталуға жақындап қалған шақта арамыздан біреу суырылып шығып бұл сұрақтың қорытындыға қаншалықты әсер ететіндігін сұрады. 
Профессор «әрине» деп жауап берді. «Болашақта қай қызметке орналассаңдар да, ол жерде елемеуге тұрарлық адамдар болмайды. Олар әрдайым сендердің қамқорлықтарыңа зәру». 
Ұстазымның осы сабағы өміріме арқау болды. Мен кейін ол әйелдің есімі Дәмелі екенін білдім. 

2. Адамды жауын астында қалдырмаңыз 

Бірде түнгі сағат 23:30 шамасында Абай көшесінің бойында қара торы әйел жауынның астында тұрды. Көлігі бұзылып қалса да, межеленген жерге жылдам жетуі керек еді. Үсті-басы су бола тұра көліктен түсіп, такси тоқтатуға тырысып бақты. 
Арада біраз уақыт өткен соң әйелдің жанына бейтаныс жігіт келіп, такси тоқтатуға көмектесті. Әйел қатты асығып тұрғанына қарамастан, өзіне көмектескен адамның есімін сұрап, мекен-жайын жазып алды. 
Жеті күннен кейін біреу жігіттің есігін қағады. Оған әлгі әйел үлкен қораптағы теледидар жолдаған екен. Жанында хаты бар: «Сол түнде көмектескеніңіз үшін алғысым шексіз. Ол жаңбыр киімімді сулап қана қоймай, жүрегімде лаулап жанған үміт отын сөндірген еді. Кенеттен сіз келдіңіз. Сіздің арқаңызда о дүниеге аттанып бара жатқан күйеуіммен қоштасып үлгердім. Қайтарымын күтпестен көмек көрсеткеніңіз үшін рақмет. Құрметпен Нәзира ханым». 

3. Сізге қызмет көрсетіп жүрген жандарды ұмытпаңыз 

Балмұздақ пен шоколадтың бағасы біз ойлағаннан да арзан болған заманда он жасар бала дәмханаға кіреді. Даяшы қыз алдына бір стақан су әкеліп қояды. Бала: «Шоколад қанша тұрады?» - деп сұрайды. Даяшы небары 50 теңге тұратындығын айтады. Бала қалтасындағы бар тиынды шығарып, санауға кіріседі. 
«Ал ең арзан балмұздақ қанша тұрады?» - деп сұрайды. Осы уақытта көрші үстелге қонақтар келіп, даяшы шыдамсыздана бастайды. «35 теңге!» - деп ықылассыз жауап қайырады. 
Бала тиындарын қайтадан санап, ең арзан балмұздаққа тапсырыс береді. Даяшы балмұздақ пен есепшотты әкеледі. Бала балмұздағын жеп болған соң ақшасын төлеп, сыртқа шығады. 
Даяшы бала отырған үстелдің үстін сүртіп жүріп көзіне жас алады. Бала тәрелкенің астына шәйпұл ретінде 15 теңге қалдырып кеткен екен. Ол осылай жасау үшін қымбат шоколадтан бас тартқан. 

4. Жолыңыздағы кедергілерден арылыңыз 

Сонау ерте заманда патша жүргіншілер жолының нақ ортасына үлкен жұмыр тас қоюға бұйырады. Өзі жолдың жиегіне тығылып, кім алып тастайтынын бақылап тұрады. Пәуескесі бар бай көпестер тасты айналып өтеді. Кейбіреуі патшаның ақымақтығын айтып, мысқылдайды. 
Көпестерден кейін қап арқалаған шаруа адамы өтпек болады. Қабын шетке қойып, жұмыр тасты орнынан жылжытуға кіріседі. Қатты шаршап, шалдықса да, жұмыр тасты орнынан жылжытады. Қабын қайтадан арқалай берген сәтінде тастың орнында хат пен бір қап алтын жатқанын көреді. Ол хатта патшаның бір қап алтынды осы жұмыр тасты жылжытқан адамға беретіндігі жазылған екен. Есіңізде болсын! Әрбір қиындық бізге жақсаруға мүмкіндік береді. 

5. Қажет болса, сұрағанын беріңіз 

Осыдан бірнеше жыл бұрын ауруханада ерікті болып қызмет жасап жүргенімде Лаура есімді қызбен таныстым. Ол қыз жазылмайтын дертке шалдыққан. Оны 5 жастағы туған бауырының қанын құю арқылы құтқарып қалуға болатын еді. Алайда бауырының мұндайға келісуі екіталай. Дәрігер бауырына әпкесіне қан бере алатындығы туралы айтады. Бауыры ойланбастан бұл ұсынысқа келіседі. 
Бауыры қан құйылған сайын әпкесінің екі бетіне қан жүгіріп, көңіл-күйі көтеріле бастағанын байқайды. Арада біраз уақыт өткен соң бауыры дәрігерден: «Мен қазір өлемін бе?» - деп сұрайды. 
Бауыры дәрігердің сөзін қаныммен қоса жанымды да беруім керек деп түсінген екен. Сәбилердің періште екені рас. Кейде олардың ұлы ұстаздардан да артық сабақ беретін кездері болады.


Жаңалықтар