|    |  
11 желтоқсан 2018
23:12
қаз
Мұздықтар еріп су тапшы болып барады
29 қыркүйек, 09:34 1475
Біріккен Ұлттар Ұйымы осы жылдың 30 қарашасы мен 11 желтоқсаны аралығында Парижде климаттың өзгеруіне байланысты конференция өткізеді. Халықаралық қауымдастыққа мүше елдер 1 қазанға дейін ауаны ластайтын қалдықтар көлемін азайтуға қатысты ұсыныстарын беруі керек. Айта кетейік, су тапшылығының зардабын тартып отырған Перу былтыр осы жиынға мұрындық болған еді.



Перудің Анд тауларындағы Кельккайя – жер бетіндегі ең үлкен тропикалық мұзарт. Бірақ соңғы 30 жылда мұндағы мұздықтардың бестен бірі еріп кетті. Мұздардың еруі ел экономикасына үлкен ауыртпалық артып отыр. Себебі мұздықтар Перудегі су қорының бірден бір қайнар көзі болып табылады. Су тапшы болғаннан кейін, ауылшаруашылығына жарамды алқаптар мен мал жайылымдары құрғап барады. Бұдан басқа, осы елдегі электр энергияның 40 пайызы судан өндіріледі. Мануэль Пулгар Видал, Перудің Қоршаған ортаны қорғау министрі: - Перу климат өзгерісінің зардабын тартуда. Біз су электр энергиясына қатты тәуелдіміз. Ал қазір су қоры азайып жатыр. Бұл тапшылық болашақта үлкен қиындықтар әкелуі мүмкін. Әлемдегі тропикалық мұздықтардың 71 пайызы осында орналасқан. Бұл мұзарттардан алынатын су қоры қазір 30 пайызға кеміді. 1978 жылдары Анд тауларындағы мұздықтардың еру жылдамдығы 6 пайызды құраған. Ал қазір бұл көрсеткіш 10 есе өсті. Фредди Сааведра, Су электр станциясының аға инженері: - Құрғақшылық кезінде біз суды жер астынан және Анд тауындағы мұздықтардың табиғи еруінің нәтижесінде жиналған су қорларынан аламыз. Енді мұздықтардың кемуінен су да тапшы. Лима – әлем бойынша шөлде орналасқан Каирден кейінгі екінші астаналық шаһар.

Мұнда 10 миллион адам тұрады. Орталық қала атанғанымен, жергілікті жұрттың басым бөлігі – тақыр кедей. Көбінің баспанасы – жатақ пен лашық. Оның барлығы заңсыз салынуы себепті электр желісі мен су құбыры тартылмаған. Су тапшылығы онсызда жадау тіршілік кешіп жатқан халыққа «жұдырық» болып тиюде. Джианина Семинарио, Лима тұрғыны: - Бұл – осында келетін жалғыз көлік. Кейде олар мүлде келмей қояды. Содан 20 күнге дейін сусыз отырамыз. Фелипе Такуири Паромино, Лима тұрғыны: - Бұл елде өмір сүру қиын. Осы жерге тіршілікке сай бейімделіп, күн өткіземіз. Әйтпесе көп суды қайдан табамыз? Су – адамзаттың басты тіршілік көзі.
Елдегі ауыртпалық бұл ғана емес. Климаттың өзгеруінен өсімдіктер мен жануарлар әлемі де зардап шегуде. Бұл туралы қоршаған ортаның құбылу тарихын зерттеуші ғалымдар ашына әңгімелейді. Лонни Томпсон, палеоклиматолог: - Адам баласы болашақ тағдырына әсер ететін жайларды дер кезінде ескере бермейді. Мына мұздықтарға келер болсақ, олардың саясатпен еш шаруасы жоқ, бірақ физикалық және химиялық өзгерістер ешқайда құрып кетпейді.

Тек өкініштісі, болары болып, бояуы сіңген уақытта, еш қайран қыла алмай, сан соғып қалуымыз әбден мүмкін. 2009 жылы Дүниежүзілік банк ғаламдық климат өзгерісіне байланысты адамзатты алаңдатарлық мәліметтер жариялады. Ұйым өкілдерінің есебінше, 20 жылдан кейін Анд тауларындағы тропикалық мұздықтар біржола жойылады деген қауіп бар. Ал мұның соңы аймақтағы су, азық-түлік және энергия тапшылығын одан әрі ұлғайтады.

Дереккөзі: 24.kz
Теги: Қоғам


Жаңалықтар