16 Август
19:07
Астана: 23 °C
Алматы: 27 °C
USD/KZT: 332.91
EUR/KZT: 391.17
RUB/KZT: 5.55
CNY/KZT: 49.84
Мәдениет
14 наурыз 15:16
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Нұрғиса Тілендиевтің Ахмет Жұбановқа жазған майдандық хаты


Бұл құнды дерек – Ұлы Отан соғысы отты жылдарының куәгері – сарғайған үшбұрышты хат көшірмесі ҚР МОМ жанындағы «Ахмет және Ғазиза Жұбановтар мұрасын зерттеу орталығы» (мемориалды музей) қорынан алынды. Музейлік тіркеу нөмірі: ЖМПМ КП 623/1.
Осынау қастерлі хат Өнер атты ұлы айдынға қос алып өзеннің тоғысып, бір арнада аққаны іспетті. Хат иелері – қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер. Қазақстанның халық артисі (1944), өнертану ғылымының докторы (1943), профессор (1948), академик. Ахмет Қуанұлы Жұбанов (1906-1968) пен қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашысы, Қазақ КСР халық артисі (1975 жыл), КСРО халық артисі (1984 жыл), Халық қаһарманы (1998 жыл) Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев (1-сәуір, 1925ж. – 15-қазан, 1998 ж.) есімдері төрткүл дүниені төрт бұрышына кеңінен мәшһүр.

Сарғайған үшбұрышты майданның хатында:

«13.10.1944 ж.

Фронттан ініңіз
Нұрғисадан Сәлем!
Көке!

Аман-есен денсаулықтың арқасында қызметіңізді істеп жүрген боларсыз. Сіздің денсаулығыңыздың жақсы болып, сіздің тәрбиелеп, оқытқан ұлдарыңыздың, қыздарыңыздың алтын саусақтарымен тартқан Домбырасының, Қобызының үндерінің, Бұлбұлдай сайрап мәртебелі болып өсуіне мен де тілектес.
Мен газеттен оқыған едім – Қуан ағай, Захара, Сабырлар Прибалтик фронтында өздерінің концертін көрсетіп қайтты деп еді, үлкен успехпен келген болар.
Біз деген кісінің қалын білмек болсаңыз өте жақсы. Жалғыз-ақ мамамнан хат алмай жүрмін.
Сізден ең болмаса жауап та алмадым» деп жазылған.
Сосын екі бүктелген осы үшбу сарғайған хаттың сол жақ ішкі үшбұрыш бетіне: «Осы хатты алысымен хат жазуыңызды сұраймын. Менен Шаргарадскийге көп-көп сәлем! Қош болыңыз! Тлендиев» деп жазылған. Бұдан кейін үшбұрыш бүктеліп, оның оң жақтағы қиығына майдан поштасының қос мөрі басылған. Сол жақтағы екінші қиығында: «Каз. ССР. Г. Алма-Ата. ул. Пушкинская, № 45. Казгосфилармония. Ахмета Жубанову. Полевая почта 49941 «ж» Тлендиеву Нургиса» деген жазу бар.
А.Жұбанов – қазақ халқының қазіргі заманғы кәсіби музыкасының негізін қалаған аға буын композиторлардың бірі. Ол халық күйлерін оркестрге лайықтап, нотаға түсірді және қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты. Олар «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Төлеген Тоқтаров», «Ария», «Вокалдық сюитасы», «Абай сюи­тасы», тағы басқалар. А.Жұбановтың қазақ музыка тарихына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.




Нұрғиса Тілендиев Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы консерваторияс­ының дирижерлік факультетін (профессор Н.П. Аносовың класы бойынша) бітірді. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында (1953-1961), қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінде (1961-1964) және тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде (1981-1998) бас дирижер қызметін атқарды. Сондай ақ 1968 жылдың «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып істеді. Қазақстанның халық артисі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО ның халық артисі. Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің Жарлығымен Н.Тілендиевке 1998 жылы «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Нұрғиса Тілендиев қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет. Сүйікті шығармаларынан «Достық жолымен» (1958), «Менің Қазақстаным» контатасын (1959), Қ.Қожамяровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсын (1961), «Ата толғауы» және оркестр үшін жазылған шығармаларын (1962), «Халық қуанышы» (1963), «Қайрат» (1964), «Жеңіс солдаты» (1975) сияқты увертюраларын атауға болады. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» сияқты күйлері мен «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім» сияқты ондаған әндері халықтық бояу нақышының қанықтығымен, өзіндік қолтаңбасының айқындығымен жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған.
Нұрғиса аға Ахмет Жұбановты: «Өнердегі ұстазым – Ахмет Жұбанов. Ахаң халық үшін туған, халықтың перзенті еді ғой» деп бағалаған.
…Үлкен өнердің сара жолына қадам бастыртқан, тағдырдың жазуындай орайлы сәтке Нұрғиса он төрт жасында кезікті. Кезігушісі – қазақ музыкасына пайғамбардай шапағаты тиген әйгілі Ахмет Жұбанов еді. Жеті қабат жер астынан жаңа ғана бұлқынып шығып, булыға ағып, енді ғана жүлге тарта бастаған кәусар бұлақтың тегеурінін жазбай танитын қарт бағбан сияқты, бала Нұрғисаның бойындағы бұла дарынды дана Ахмет те бірден таниды. Таниды да, Нұрғисаны қолынан жетектеп алып келіп, қазақ ұлт аспаптар оркестрінің домбырашылар тобына қосады. Бұл, жазмыш дегенді қойсайшы, оркестр құрамындағы өңшең дәулескер домбырашылардың ішінен домбырашылықтың дүлдүлі Қали Жантілеудің оң жағынан Нұрғисаға орын тиеді. Қалидың алдын көрген құймақұлақ Нұрғиса кешікпей-ақ, бұрын күйді қызығып тартса, енді күйді құнығып тартатын болады, бұрын күйді еліріп тартса, енді күйді елігіп тартады. Міне, осының бәрі де Нұрғиса әлеміне тапжылмас тұғыр болды, осының бәрі де Нұрғиса дарынының сарқылмас қайнар көзі еді.
Өшпес отты күндердің бұл белгісі Өнер атты ұлы айдынның түбіндегі бір інжу маржандай көрінді бізге…

Алпысбай ШЫМЫРБАЙҰЛЫ,
журналист, 
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
орталық музейінің жетекші редакторы
нравится:    1126
Теги: Театрлар, мұражайлар, көрмелер,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии