17 Август
14:01
Астана: 20 °C
Алматы: 24 °C
USD/KZT: 332.70
EUR/KZT: 389.99
RUB/KZT: 5.59
CNY/KZT: 49.72
Мәдениет
7 маусым 10:30
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Салықтан қашқан жұлдыздар әр тиын үшін жауап беретін кезең келе жатқанын ұмытып жүр



Қазіргі уақытта  салық төлеушілер мен бизнес өкілдеріне жасалып жатқан жеңілдіктер мен кепілдіктер түрі сан алуан. Бизнесті жүргізуге және салық төлеушілерге ыңғайлы болу үшін үстіміздегі жылдың бірінші қаңтарынан бастап  Салық кодексіне де бірқатар оңтайлы өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, мүлікті жариялауға байланысты  заңға да айтулы өзгерістер енгізіліп, оның мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылды.

Қазіргі уақытта  салық төлеушілер мен бизнес өкілдеріне жасалып жатқан жеңілдіктер мен кепілдіктер түрі сан алуан. Бизнесті жүргізуге және салық төлеушілерге ыңғайлы болу үшін үстіміздегі жылдың бірінші қаңтарынан бастап  Салық кодексіне де бірқатар оңтайлы өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, мүлікті жариялауға байланысты  заңға да айтулы өзгерістер енгізіліп, оның мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылды. Сол өзгерістердің нәтижесінде қаншама  субьектілер төленбеген салық жауапкершілігінен босатылып, жылжымайтын мүліктерін  заңдастыратын құқыққа  ие болды. Яғни, мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұндай жеңілдіктер өткенге кешірім жасау арқылы болашаққа сеніммен қадам басуға зор мүмкіндіктер беріп отырғаны ақиқат. Соған қарамастан, салық төлеуден және мүлкін жария етуден жалтарып, көлеңкелі бизнестің ықпалынан шыға алмай жүрген субьектілер әлі де аз емес. Бұл мәселе әсіресе көңіл көтеретін әншіл, тойшыл және ойыншыл  қауымның ішінде кең өріс алып отыр. Олар – мәдениет пен шоу бизнес өкілдері  және асабалар.

Мысалы, өткен жылы Алматы қалалық мәдениет басқармасының берген мәліметтері бойынша, кәсіпкерлікті мәдениет және шоу бизнес саласы бойынша жүргізетін салық төлеушілердің атқаратын қызметіне талдау жасалған болатын. Солардың ішінде 163 салық төлеушінің  41-і ғана жеке кәсіпкер ретінде  тіркелгендігі анықталды. Осылайша, салық төлеуші ретінде тіркелмегендердің саны 122 болып отыр. Бұл цифрларды толық мәлімет деп те айтуға болмайды. Сонымен қатар жуырда «Forbes.kz» журналында  шоу бизнес саласында аты шыққан жұлдыздарымыздың рейтингі жарияланды. Соның нәтижесінде есімдері елге танымал қаншама адамдарымыздың өзі көлемді табыс иелері бола тұрып, салық органында тіркелмеген және мемлекетке бір тиын да салық төлемегендері анықталып отыр. Сөйтіп, қымбат үйлер мен қымбат көліктерді, қымбат киімдерді пайдаланып, қымбат клиптер түсіріп  жүрген белгілі өнер тарландарының мемлекет мүддесінен тыс қалып жүргендері өкінішті. Біз бұл жерде мемлекет мүддесі деп олар төлемеген қаншама миллиондаған салықты және жарияланбаған жылжымайтын мүліктерді айтып отырмыз. Сондықтан да қазіргі уақытта мәдениет және шоу бизнес өкілдерін салық органында тіркеу және салықты мәжбүрлі түрде декларациялау  мәселелері қатаң қолға алынып жатыр. Бұған қоса продюсерлік қызмет, дыбыс жазу, клиптер түсіру сияқты қызмет саласы да салықтық бақылауға алына бастады. Мысалы, аталмыш журналдың мәліметі бойынша, белгілі әнші Бүркіттің 2015 жылғы табысы (доллардың ескі бағамымен алғанда) 1 миллион АҚШ долларын құраған. Алайда ол жеке кәсіпкер ретінде салық органында тіркелмеген және өзі жасап жүрген шоу бизнесі бойынша мемлекетке бір тиын да салық төлемеген. Бұған қоса белгілі әншілер  Асхат Тарғын (табысы 172,8 миллион теңге), Алишер Каримов (135 миллион теңге), Дильназ Ахмадиева (108 миллион теңге), Бақтияр Мамедов (90 миллион теңге), Әли Оқапов (54 миллион теңге), Жанар Дұғалова (45 миллион теңге). Осы аттары аталған өнер жұлдыздары да соншалықты қомақты табыс тапқандарына қарамастан, салық төлеуден бойларын аулақ салған. Ал енді салық төлеуші жеке кәсіпкер ретінде тіркелген өнер жұлдыздары да бар. Олар – Луиза Каринбаева мен Мақпал Исабекова. Алайда, салық органында салық төлеуші ретінде тіркелгенімен, олар да салық төлеуден жалтарған.

Көп адамдар өзінің салық төлеуден жалтарып жүрген әрекетінің көлеңкелі экономикаға жататынына жеткілікті мән бере бермейді. Ал енді кез-келген заңсыз жасалған әрекеттің сұрауы да, жауапкершілігі де болатынын ұмытпаған жөн. Ондай сұраудың болатын уақыты алыс емес. Турасын айтқанда, үстіміздегі жылдың 31 желтоқсанында мүлікті жариялау туралы  Заң өзінің қолданылу мерзімін тоқтатады. Содан кейін  жұмсалған (кіріс пен шығыс) әр тиынға жауап беретін уақыт 2017 жылдан басталады.  Себебі, 2017 жылдан бастап кезең-кезеңімен жалпылама декларация тапсыру қолға алынады. Сондықтан да Елбасымыз өзінің республика халқына жасаған кезекті Жолдауында және НұрОтан халықтық демократиялық партиясының сьезінде: «Мүлікті жариялау – соңғы мүмкіндік, бұдан кейін ешқандай жеңілдік болмайды. Бұл жалпылама декларациялау алдындағы соңғы акт.» деп ескертуі бекер емес. Сонымен қатар Елбасымыз 2017 жылдан бастап халықаралық Страсбург конвенциясының шеңберінде шетелдегі және офшорлық аймақтарда орналасқан барлық жылжымайтын мүлік пен қаржыға тиісті тексерулер басталатынын да шегелеп айтты.

Бұл мақалада біз салықтан және өз мүлкін жариялаудан бой тасалап жүрген мәдениет өкілдері мен әртістерді және асабаларды бекерден-бекер тілге тиек етіп отырған жоқпыз. Себебі, кейбір әншілер даңғарадай үйде тұрады, қымбат көлік мінеді және жиі-жиі шетел асып жүреді. Алайда, тапқан табысының заңдылығын дәлелдей алатын ешбір құжаты жоқ, салық органында тіркелмеген және салық төлемеген. Қайсібірі филармонияда, театрда, «Қазақконцертте» немесе басқа бір мекемеде қызмет істейтін болып тіркелген. Тіпті, кейбіреуі ешбір жерде тіркелмеген. Айлық жалақылары да төмен. Ал кейбіреуінде тапқан ақшасын дәлелдейтін ешбір құжаттары да жоқ, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы қорына бір тиын түспеген. Ал тұрған үйі мен мінген көлігінің құны болса миллион долларға жуық немесе одан да асып кетеді.

Біз бұл жерде біреудің қалтасындағы ақшаны санау емес, ертеңгі күнгі жауапкершілік мәселесін айтпақпыз. Осы орайда өнер жұлдыздары  жалпылама декларация басталған кезде заң алдында не деп жауап береді? Міне, мәселе сонда. Заң алдында бәрі бірдей. Осы уақытқа дейін сұрауы болмаған нәрсенің сұралатын мерзімі алыс емес. Себебі, қазіргі уақытта осы мәселелерге байланысты біраз нормативті-құқықтық актілерге тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп жатыр. Сол өзгерістің бірі ретінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 275 бабына (Салық салу обьектілерін және салықтық есептілікке жататын өзге де мүлікті жасыру) енгізілген өзгерістерді атап өтуге болады. Бұл бапта жасырылған мүлік әшкере болған жағдайда салынатын айыппұл көлемі 250-ден 500 айлық есептік көрсеткішті (530 мыңнан 1 миллион 60 мыңға дейін) құрайды. Ал енді проблема қылмыстық жауапкершілік мәселесіне келіп тірелетін болса, ондай жағдайда субьектінің тартар жазасы (мүлікті тәркілеу мен бас бостандығынан айыру) бұдан да ауыр болатыны сөзсіз.

Осы орайда, «аталмыш тығырықтан шығатын жол бар ма?» деген заңды сұрақ туады.  Әрине, бар. Себебі, қателеспейтін пенде жоқ. Атап айтсақ, бір аптада оннан аса тойға барып, ән айтып, қыруар ақша тауып жүрген әншілер бар. Бір аптада екі-үш той басқарып жүрген танымал асабалар да жоқ емес. Бұған қоса бишілер қауымын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Басқа жеке тұлғаларды да ұмытпаған жөн. Табысты жақсы тапса да, олардың көпшілігі салық органына бір тиын да табыс салығын төлеп жүрген жоқ. Себебі, олар өзінің қызметі үшін төленетін ақшаны конвертпен алады.  Сондықтан да салық төлемеген субьект өзінің табысының заңдылығын да дәлелдей алмайтыны түсінікті.  Сондықтан да осы олқылықтардың орнын толтыру үшін  Мүлікті жариялау туралы Заң талаптары шеңберінде бәрін заңдастырған және салық төлеуші ретінде мемлекеттік кіріс органында тіркелген абзал. Осы орайда,  жылжымалы мүлік пен қаржыны заңдастыру кезінде субьект барлық  жауапкершіліктен (қылмыстық, әкімшілік, салықтық және тәртіптік) босатылатынын ескерте кеткен жөн шығар. Яғни, мүлікті жария етуші субьектінің өткендегі кемшіліктері мен салықтан жасырған әрекеттеріне ешқандай сұрау болмайды. Және де Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 48 бабының талаптары бойынша жария етілген мүлік тәркілеуге де жатпайды.

Атап айтсақ, белгілі бір өнер саласындағы субьект ай сайын той-томалақтардан қыруар ақша табу арқылы бірнеше үй сатып алды делік. Сонымен қатар  қолма-қол айналымында да қыруар ақшасы болсын. Алайда, жылжымайтын мүліктері  басқа біреулердің атына ресімделген болуы мүмкін. Әрине, бұдан қорқатын ештеңе жоқ. Енді аталмыш заң шеңберінде сол жылжымайтын мүліктерді өз атына сенімді түрде аударып алуға болады. Ол үшін мемлекетке он пайыздық алым төленбейді. Ал қолындағы ақшаны екінші дәрежедегі банкке немесе Ұлттық пошта операторындағы есепшотқа салу арқылы жария еткен жағдайда да ешқандай алым алынбайды. Яғни, ешқандай артық шығынға батпайды және ешбір жауапкершілікке тартылмайды. Осы орайда, он пайыздық алым тек шетелдегі жылжымайтын мүлікті (оның ішінде басқа біреудің атына ресімделген), сонымен қатар қолдағы ақшаны банкке салмай-ақ, декларативті түрде жария еткен жағдайда ғана алынатынын еске салып өткен жөн шығар.

Жалпы, мүлікті жария ету туралы заң талаптары бойынша ақшаны да, жылжымайтын мүлікті де жария етуге ешқандай шектеу жоқ. Тек жылжымайтын мүлікті заңдастырған кезде 2014 жылдың бірінші қыркүйегіне дейін алынған жылжымайтын мүлік қана жария етуге жатады. Мысалы, белгілі бір әншінің ай сайынғы табысы 100 мың доллардан асып кеткен  болса да,  үстіміздегі жылдың аяғына дейін  мемлекеттік кіріс органына барып заңдастыра беруіне шек қойылмайды. Бұл талап басқа  саладағы субьектілерге де қатысты. Сонымен қатар салықтық рақымшылық жасалып, ешбір салық салынбайды. Сондықтан да бұндай мүмкіндікті тиімді пайдалана білген жөн. Себебі, мүлікті жариялаудың уақыты үстіміздегі жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Ал құжаттарды тапсыру мүлікті жариялау мерзімінің аяқталуына бес күн қалғанда тоқтатылады. Құрамында гуманистік нормалар кеңінен енгізілген бұндай заң болашақтың еншісінде тағы да қабылдана ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.


Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі
нравится:    1409
Теги: Жұлдыздар әлемі,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии