|    |  
21 тамыз 2019
06:10
қаз
Ұйқыдан ерте тұрудың пайдасы жайлы не білесіз?
22 шілде 2019, 15:36 183


Ұйқыдан ерте тұрудың пайдасы көп. Ерте тұру – күні бойы сергек жүрудің бір жолы да. Егер таңертең ерте оянатын жандардың қатарында болсаңыз, біз айтқалы отырған жайттар сізге таңсық болмауы тиіс. 

Ерте тұрсаңыз алға қойған жоспарларыңызға айтарлықтай ерте белсене кірісесіз. Уақытыңыз да жеткілікті болады. Таңмен таласа тұрып, тамаша көңіл-күйдің бесігінде тербелесіз. Мысалы, «ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық», – деген қазақтың аталы сөзі де ерте тұру мәселесіне салмақпен қарауға шақырады. Ерте тұру дағдысына басқа халықтар да біржақты қарамайды. Ирандықтар: «ерте тұрған адамның мақсаты да ерте тұрады» - дейді. Қытайлықтар болса: «ұйықтап жатқан адамның бақыты да бірге ұйықтап жатады» деген мәні терең даналықтар айтқан. Олай болса ерте тұрудың тағы да пайдалы тұстары туралы айта кетейік. 

Ерте оянудың денсаулыққа пайдасы 

1. Таңғы жаттығу жасауға уақыт табылады. 

2. Физикалық тұрғыдан өзіңді белсенді сезінесің. Күні бойы сергек жүруіңнің кепілі. 

3. Ұйқысыздық сізді мазаламайды. 

4. Ерте ояну – жас көрінудің бір құпиясы да. Сондай-ақ ерте тұрсаңыз көзіңіз іспей, көрікті көрінесіз. 

5. Таңертең ерте ояну үшін, ерте ұйықтау да керек. Яғни, ерте оянсаңыз кешкісін ерте ұйықтайсыз. Бастысы түнімен тамақтанбайсыз. Ал түнде тамақтанбай ұйықтау – арықтаудың бір жолы да. 

Ерте оянудың нәтижесінде... 

1. Сіз ұйқыға көп уақытыңызды ұрлатпайсыз. 

2. Бір күнге атқаратын істеріңізді толықтай орындап шығуға уақыт табылады. 

3. Ерте тұруға өз ағзаңызды да үйретесіз. Нәтижесінде оятқышсыз-ақ бір уақытта ояна беретін боласыз. Өз кезегінде жұмысқа көп кешікпейсіз. 

4. Таңертең жұмыс жасау – түнде жұмыс жасағаннан әлдеқайда нәтижелі болады. 

5. Барлық жаңалықтарды бірінші болып көріп, бірінші болып оқисыз. 

Ерте оянудың қарым-қатынас үшін пайдасы 

1. Сіз ерте оянсаңыз, үйдегілер де жұмыстан кешікпейтін болады. 

2. Таңертең отбасымен шайға отырып, басыңыздағы бақытты сезінесіз. 

3. Сізге қарап үйдегі басқа жандар да бой түзейтін болады. 

4. Жұмысқа кешікпейтін, тиянақты, жауапты тұлға ретінде басшыңыз бен достарыңыз алдындағы беделіңіз биік болады. 

5. Ерте оянсаңыз ата-анаңыз да шат-шадыман болады. 

Ерте оянудың тәртіп пен жұмыс үшін пайдасы 

1. Ерте оянсаңыз – балаларыңызды мектепке кешіктірмей апарып, жұмысқа да үлгересіз. 

2. Таңертең бір күндік жоспарларыңызды ойға алып, пысықтап аласыз. 

3. Кітап немесе күнделік жазуға уақыт табасыз. 

4. Ерте оянып, жұмысыңызға алып кетуге тамақ әзірлеп те үлгересіз. 

5. Ерте оянсаңыз жұмысыңыз да өрге басады. Тапсырмаларды уақытымен орындап жүретін боласыз. 

Ерте оянудың рахатын сезіну 

1. Үйдегі жандар ұйықтап жатқанда тыныштықта тынығып, ой қорытасыз. 

2. Сіздің күніңіз керемет көңіл-күймен басталады. 

3. Таңғы салқын ауамен тыныстап, құстардың әнін тыңдайсыз. Арайын шашқан күннің шапағына бөленесіз. 

4. Ерте ояну – өзіңді бағалаудың бір жолы да. Сол арқылы өзіңізді жақсы көре түсетін боласыз. 

5. Ерте ояну – тынығу. Таңғы салқында көшеде серуендеп, жаныңызға жайлылық сыйлайсыз. 

Ерте тұрудың аз да болса пайдасы туралы айта кеттік. Ал мұны ерте тұрып сезіну – сіздің құзырыңызда. Бастысы – күн тәртібіңізді ерте оянудан бастауды жоспарласаңыз болғаны.


Жаңалықтар