13 Декабрь
21:02
Астана: -23 °C
Алматы: -5 °C
USD/KZT: 334.85
EUR/KZT: 394.29
RUB/KZT: 5.69
CNY/KZT: 50.60
Спорт
27 қазан 15:44
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Василий Левит: «Полицей болу – бала арманым»



Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левитке лейтенант атағы берілді. Осы орайда, Ри-2016 Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерін әңгімеге тартқанымызда оның бала күнінде полиция қызметкері болуды армандағанын және математиканы тереңдетіп оқытатын мектепте білім алғанын білдік. Бұдан бөлек, оның көркем әдебиетке деген махаббаты да ерекше екен, көркем шығармалардың ішінде Данте Алигьеридің «Божественная комедия» шығармасын ерекше атап өтті.

– Василий өзіңізді лейтенант шенін алуыңызбен құттықтаймын! Рио Олиимпиадасынан кейінгі өміріңіздегі осы және өзге де өзгерістерді қалай қабылдадыңыз?!
– Олимпиада өмірімді мүлдем басқа арнаға бұрды дей алмаймын. Өмірімдегі оң өзгерістер мен жақсы жаңалықтарды жағымды қабылдап келемін. Мінекей, өздеріңіз куә болғандарыңыздай лейтенат шенін алдым, өте қуаныштымын. Иә, бүгінде бізге көп көңіл бөлінуде, елдің ықыласы мен назары ерекше. Алайда, мен мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдаймын. Ал Олимпиада ойындары кезінде жанкүйер болған жандарға ерекше алғыс айтқым келеді. Осы күндері қолдаушыларымыздан көптеген құттықтау хабарламалары келіп түсіп, жылы-жылы сөздер айтылуда. Олардың барлығына бірдей жауап бере алмайтыным үшін кешірім өтінемін, бірақ қолдаулары мен ықыластарын сезініп келемін. Барлықтарыңа мың алғыс!

– Василий, боксқа қашан және қалай келгеніңізді айтып берсеңіз? Неліктен басқа емес дәл осы спорт түріне таңдауыңыз түсті?
– Кез келген кішкентай бала сияқты мен де бала күнімде өзімді ғана емес, өзгелерді де қорғай алатын күші көп қайратты жігіт болсам деп армандадым. Оның үстіне менің боксқа қабілетім де жақсы болды, бала кезімнен сәтті қадамдар жасап жүрдім. Жалпы, мен Қостанай облысының Федоровка ауылында туып-өстім. Ауылды жер болғасын, спорттық секциялар ондай көп болған жоқ, бар-жоғы бокс пен кикбоксингтен ғана секция жұмыс істеп тұратын. Менің таңдауым кикбоксингке түсті, бірінші сыныптан бастап осы спорт түрімен айналыса бастадым. Ал 7-сыныпқа келгенде ауылдан біржолата көшіп, Қостанайға қоныс аударып, ол жақта ата-әжемнің қолында тұрдым. Қалада Асылхан Бусурманов есімді жаттықтырушының қоластында жаттықтым. Жаттығып жүріп алғаш рет бокстан және кикбоксингтен өткен турнирге де қатыстым. Аллаға шүкір, алғашқы қадамдарым сәтті болып, екеуінен де жүлделі оралдым. Бірақ, ақыр соңында боксқа бет бұруға бел байладым, себебі қайткенде де бұл олимпиадалық спорт түрі.

– Қашан алғаш рет Қазақстанның бокс құрамасына қабылдандыңыз?
– Бұл құрамаға 2009 жылы Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен соң қабылдандым. Бәрі содан басталды.

– Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына жолдама алмас бұрын Сіз ұзақ уақыт «Астана Арланс» кәсіби бокс клубының құрамында өнер көрсеттіңіз. Сізге бокстың осы деңгейіне өту оңай болды ма, әлде?…
– «Астана Арланс» кәсіби бокс клубының боксшы ретінде қалыптасуыма бергені көп болды. Боксқа белгілі бір мамандық ретінде әлдеқайда байсалды қарай бастадым. Дегенмен де, жаттығудың форматы да өзгерді, рингте бұрынғыдай 3 раунд емес, 5 раунд бокстасуға тура келді. «Астана Арланс» командасы құрамында өнер көрсету – бұл мен үшін үлкен тәжірибе, осы құрамада өнер көрсетіп жүріп Дүниежүзілік бокс сериясына қатысудың арқасында Рио Олимпиадасына жолдамаға қол жеткіздім.

– Олимпиада ойындарына дайындық барысы, жалпы жаттығу процесі қалай өтті? Қайда жаттықтыңыз және аптасына неше рет?
– Жаттығу машықтары негізінен Алматы мен Астана қалаларында өтті. Рио Олимпиадасының алдында соңғы рет Астанадағы арнайы базада жаттықтым. Аптасына 6 күн, яғни жексенбіден басқа күндері жеке бағдарлама бойынша күнделікті түске дейін және түстен кейін күніне екі рет жаттықтым. Бұл менің күш көрсеткішім мен төзімділігімді таразылап, соққыларымды салмақтауға мүмкіндік берді.

– Ағзаны қалпына келтіру үшін үнемі қоректеніп отыру қажет. Сіздің дұрыс тамақтану рационыңыз қалай және қандай азықтардан тұрды?
– Мен диета ұстадым. Тәуліктің екінші жартысы, яғни түскі 15:00-ден былай қарай құрамында көмірсу бар тағамдарды қабылдамадым. Тағам мөлшері менің салмағыма сәйкес грамдап өлшенді. Арнайы менің салмақ мөлшерім мен ағзама сәйкестендіріп жасалған тамақтану бағдарламасына сай күніне 5-6 рет азық қабылдадым.

– Рио-де-Жанейроның сіздерді қалай қарсы алғаны және қаншалықты қонақжайлылық танытқаны жөнінде айтып берсеңіз?
– Рио-де-Жанейроға арнайы қыдырып бармағасын, қаланы аралап ерсілі-қарсылы жүретін уақыт та болған жоқ. Арасында уақыт тауып, Иисус Христостың мүсінін тамашалап үлгердік. Көбіне Олимпиада ауылында болуға тура келді, өйткені, турнир ұзаққа созылғандықтан сол арадан алыстап кете алмадық. Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін екі-үш күн қалып, қаланың көрікті жерлерін көзбен көріп, естелік суретке де түстік. Қала көңілден шықты.

– Олимпиададан күміс жүлде иелену бұл екінің біріне бұйыра бермес бақ, еселі еңбектің жемісі. Дүниежүзі көз тігіп отырған Олимпиада ойындарында өзіңіздің өнер көрсеткеніңізге көңіліңіз толды ма?
– Бұған келгенде менің қағидам мынадай:төреші тартыс соңында қолыңды жоғары көтермесе, яғни сенің бір жерден ағаттық жібергенің. Олимпиада ойындарына өз басым барлық боксшылар сияқты чемпион болу үшін бардым, сол үшін күш-жігерімді салдым. Әрбір шайқасқа өзімді-өзім іштей шыңдап, жанымды қинадым. Бір Алла Олимпиаданың күміс жүлдегері болуды жазса, солай болады екен. Ал мені осы Олимпиада ойындарына жатпай-тұрмай дайындап, сенімдерін артқан жаттықтырушылар мен біздің құрамаға алғысымды білдіремін.

– Сіздің кәсіби боксқа өтетініңіз жайлы аз әңгіме айтылып жүрген жоқ. Жалпы, өзіңіз осы қадамға баруға дайынсыз ба?
– Кәсіби боксқа өту ойлағандай оңай шаруа емес, мұның оң-солын саралап, жан-жақты ойластырып барып қана бір шешімге келу керек. Бұл жөнінде әуелде отбасыммен, басшылықпен, жаттықтырушыларыммен кеңесемін, содан кейін кәсіби боксқа өту-өтпеу туралы шешім қабылдай жатармын.

– Токиода өтетін келесі Олимпиада ойындарына қатысу жоспарыңызда бар ма?
– Бұл жөнінде әзірге ештеңе айта алмаймын. Әлі де ойланып, мұның дұрыс-бұрысын өлшеп-екшеп жүрмін.

– Василий, лейтенант шенін иеленіп отырсыз, алған әсеріңіз қандай?
– Полиция қызметкері болу – бала күнгі арманым. Ал бүгінде полиция қатарында қызмет етпесем де, осы қызметке қандай да бір қатысымның болуы мен үшін үлкен абырой. Бүгінде мен Ұлттық ұлан құрама командасының нұсқаушысымын әрі «Динамо» денешынықтыру-спорттық қоғамының құрамына кіремін.

– Білуімше, сіз математикалық бағыттағы мектепте оқыған екенсіз. Бокс пен математика – екі түрлі бағыт. Бұл екі түрлі бағытты қалай үйлестіріп алып жүрдіңіз?
– Алтыншы сыныптап кейін дарынды балаларға арналған мектептің математикалық сыныбында оқыдым. Бұл мектепте қабылдану үшін ел қатарлы емтихан тапсырып түстім. Бірақ, өкінішке қарай, сабаққа деген құлқымнан гөрі, уақытым болған жоқ, үнемі спорттық жарыстарда жүрдім. Мұғалімдер түсінушілікпен қарайтын, көп жағдайда үйге берілген тапсырманы жарыстарда жүріп орындайтынмын. Спортқа жан-тәніммен берілгенім соншалық, жарыстарды жүріп мектептегі соңғы қоңырау, мектеп бітіру кешіне қатыспаған екенмін. Тіпті, ҰБТ тапсыру кезінде де жарыстарды жүрдім, бірақ ҰБТ тапсыру үшін таңсәріде ұшып келіп, тестілеу сұрақтарына тез арада жауап беріп, қайта кері ұшып кеткенмін. Осылайша, бұл сынақты да тапсырып шықтым.

– Бокстан қолыңыз босай қалғанда немен айналысасыз? Сүйікті ісіңіз бар болар…
– Соңғы кездері мүлдем бос уақытым жоқ. Спорттық жарыстарда жүріп қолым қалт етсе кітап оқимын. Классикалық көркем шығармаларды жақсы көремін. Бала кезімде кітапқұмарлық қасиетімді оятқан да отбасым, менің анам – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Анам кітап оқуды тапсырса, әкем қадағалап отыратын (күлді).

– Сіздің жан дүниеңізге ерекше әсер еткен, көңіл түкпіріңізде ізін қалдырған сүйікті кітабыңыз қандай?
– Бұл тізімді бастап тұрған Данте Алигьеридің «Божественная комедия» кітабы дер едім. Бұл адам баласына ой саларлық кітап.

– Василий, сіз сияқты әлем деңгейінде жетістікке жету үшін адам баласы өз бойындағы қандай қасиеттерді дамыта түсу керек?
– Өмірге адам болып келу оңай, адам болып қалу қиын дейді ғой. Менің әкем де осы сөзді санама құйып өсірді, ер-азамат деген атыма сай әрекет етуді үйретті. Яғни, әрбір ер-азаматтың әділетті, турашыл, адал, керек кезде бірбеткей болғаны дұрыс. Меніңше, бұл өте маңызды. Ал қандай да бір алға қойған мақсатқа жету үшін еңбексүйгіштікпен қатар, төзімді болу шарт.

– Василий, мазмұңды әрі қызықты әңгімеңіз үшін мың алғыс. Өзіңізге толағай табыстар мен жаңа белестер тілеймін.



Әсет СЫЗДЫҚОВ,
Жадыра МЫРЗАХМЕТОВА


mediaovd.kz
 
нравится:    901
Теги: Біздің мақтанышымыз, Главная,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии