20 Ноябрь
13:57
Астана: -1 °C
Алматы: -1 °C
USD/KZT: 332.21
EUR/KZT: 391.74
RUB/KZT: 5.57
CNY/KZT: 50.08
Әлем жаңалықтары
19 қыркүйек 11:18
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Зауал һәм ұсыныс
                                                              
 Алты жастағы бүлдіршін зорланған Ақтаудағы оқиға елді дүрліктірді. Ести-ести құлағы үйреніп, еті өліп кеткен елден бұрын, баланың өзі әлі есін жиған жоқ. Есін жиып, көзін ашқан күннің өзінде адам қатарына қосылуы, алдағы өмірі туралы айту қиын. Себебі бала ағзасы ем қабылдамай жатыр. Сонымен, қаншама қызғалдақ ғұмырға зорлық қылып, ата-ананы зар еңіреткен  педофил деген зауал, зардабы һәм ұсыныс жайында...
 
                                                                              Еліміздегі ахуал
Жақында Бас Прокуратура педофилдер туралы деректерді жария етті. Биылғы жылы мұндай қылмыстар Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында көп жасалыпты. Нақтырақ айтсақ, биылғы сегіз айда 232,  ал өткен жылдың сегіз айында 265 қылмыс тіркеліпті.  Қара тізімде Қарағанды көш бастап тұр. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті көктемде жариялаған мәліметте кеншілер шаһарында 35, Алматыда 21, Астанада 7 педофил бар екені көрсетілген болатын. Педофилдердің жалпы саны 1200-ден асатыны да айтылып қалған-ды.
Ал бейресми деректерде педофилдер қылмысы соңғы бес жылда бес мыңнан асты десе, екінші бір дерек 2014 жылдың өзінде ғана 3 мыңнан астам педофил қылмысы орын алғанын көрсетіп отыр. Жылдар бойынша салыстырмалы қылмыстар саны қолға түспеді.
  
                                                                               Жазалау шаралары
2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап педофилдерді піштіру туралы заң күшіне енбек. Химиялық жолмен піштіру яғни медикаментоз арқылы педофилдердің жыныстық белсенділігін бәсеңдету өткен ғасырдың 50-жылдары АҚШ-та, Ұлыбритания мен Германияда қолданыла бастады. Қазір Канада, Франция, Дания, Израиль, Швеция, Польша, Норвегияда қолданылады. Медикаментоздық профилактика қолданатын елдерде қылмыс саны 50 пайызға дейін азайғаны дәлелденген.
Дегенмен, бұл шара сот шешімі бойынша медициналық мекемеде жасалады. Және әсер ету уақыты бірнеше айға ғана жетеді. Уролог дәрігерлер бұл әдістің жүз пайыз жұмыс істемейтінін, дәрі-дәрмектің белгілі бір мерзімнен кейін күші қайтатынын, тіпті педофилдердің оның уытын қайтару үшін түрлі препарат ішіп, емделу мүмкіндігі бар екенін жоққа шығармайды. Қылмыскерлер тіпті бұдан кейін өршеленіп кетуі мүмкін.
Осы заң елімізде заңдастырылғаннан кейін Бас Прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің порталында (infopublic.pravstst.kz) «Геоақпараттық жүйелер» бөлімінде педофилдер туралы мәліметті қамтитын электронды база іске қосылды. Мұндағы мәліметтер электронды карта түрінде берілген және баршаға қолжетімді. Мұнда қылмыскерлердің аты-жөні, суреті, туған жылы, мекенжайы, соттылығы жөніндегі ақпарат көрсетілген.
АҚШ пен Ұлыбританияда осындай электронды карталардан бөлек жаза мерзімін өтеп шыққандар жақын тұратын халықты хабардар ету шарасы енгізілген. Сондай-ақ қылмыскерлердің қайда жүргенін бақылап отыру үшін электронды білезіктер кигізіледі.
Ал, мұсылман елдерінде, Оңтүстік Корея мен Қытайда өлім жазасы қолданылады.
Қазақстанда қазір қолданылып жүрген ең ауыр жаза ондаған жылға бас бостандығынан айыру ғана.  Бұдан азайып кеткен педофилдер қылмысы және жоқ. Осындайда ат құйрығына байлап жіберуден оңай әрі оларға азапты жаза болмас еді-ау дейсіз. Олардың құнын да ешкім сұрамас еді...
 
                                                                            Түйінді ұсыныс
Жазаны қанша жерден күшейткенмен педофилдерден қоғамға төнетін қауіп сейілмейді. Керісінше олар өршеленген сайын қылмыс үдей түспек. Бұл талас тудырмайтын – факт. Криминологтардың айтуынша мұндай қылмыстардың қайталануы (рецидив) 80 пайызға жетеді. Бұл дегеніңіз жазасын өтеп шыққандардың одан сайын өршеленетінін айғақтайды. Сондықтан бірқатар елдерде қолданылатын қоғамнан оқшаулау немесе «көзін құрту» шараларын қолдану қажет-ақ.
Ал енді елімізде өлім жазасына мараторий енгізілгенін ескерсек, басқа жаза жолдарын қарастыру керек. Бірақ белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы емес. Осы зауалдан зәбір көріп отырған халықтың қалтасынан төлеген салығына оларды асыраудың, мемлекет бюджетіне масыл қылудың қажеті жоқ!
Химиялық жолмен піштірудің жайын жоғарыда айттық. Хайуаннан бетер аяусыздық жасаған жауыздарды өмір бойы бас бостандығынан айырып, абақты атаулыда өндіріс орындарын ашып, тегін, арзан еңбек күші ретінде қара жұмысқа пайдаланған дұрыс. Қытайда пара алғаны үшін сотталған шенеуніктерді түрмелерде химиялық ауыр жұмыстарға жегетінін естіген едік. Пара алу бала зорлаудың қасында түк те емес қой?
Бұдан не ұтамыз? Біріншіден педофилдердің емі жоқ. Ресми мәліметтерде  осы қылмысты жасағандардың көбі психикалық ауытқуға шалдыққандар екені айтылып жүр. Демек емі жоқ педофилдердің қоғамға төндірер қаупінің алдын аламыз. Өмір бойы қоғамнан оқшауланады.  Осылайша қоғамдағы қылмыс саны азаяды. Екіншіден мемлекетке масыл болмайды. Абақтыдағы өндірісте жұмыс істеу арқылы өз-өзін асырайды, ішкен-жеген тамағын ақтайды. Ішіп-жеп аяқ босататын мал екеш малдың өзінің пайдасы, еті мен сүті бар емес пе? Үшіншіден еңбекке араласады. Дайын асқа тік қасық болып жатпайды. Абақтының өзінде еңбек ортасы, шағын қоғам құрылады. Еңбек арқылы ауытқыған психикасын емдеу басқа емнен тиімдірек болар еді. Әрі там-тұмдап болса да мемлекетке пайда түседі. Бұл там-тұмдап түскен пайда елдегі абақты атаулыны қамтамасыз етуге жаратылар еді. Осындай жүйе, осындай пайда болмаса қоғамды сорлатып, бюджетті бүйірінен сорып отырған қылмыс, қылмыскер, жазалау мекесі не үшін керек?
 
Р.S.: Бұл тәжірибе педофилдерге ғана емес, аса ауыр қылмыс жасағандарға, өмір бойы бас бостандығынан айырылғандарға да қолданылуы керек.  Сондай-ақ айықпайтын, әбден салынып кеткен маскүнемдер мен нашақорларға да осындай баламалы белгілі бір режимдегі еңбек, өндіріс ортасын құру қажет-ақ. Бұл енді жанама болса да басқа әңгіме.
 
                                                                                                                                         Ақбота КҮНТУҒАНҚЫЗЫ
нравится:    876
Теги: Қылмыс,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии