21 Сентябрь
02:03
Астана: 17 °C
Алматы: 12 °C
USD/KZT: 341.61
EUR/KZT: 410.27
RUB/KZT: 5.90
CNY/KZT: 51.98
Спорт
10 қыркүйек 10:11
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Жас Қажымұқанның суреті табылды
Қажымұқан атамыздың жас кезінде түскен суреті табылды. Фотосурет Санкт-Петербург Орталық мем­лекеттік кинофотоқұжаттар архивде сақталыпты.Мұнда 1850-2010 жыл аралығында түсірілген барлығы 568 956 фотоқұжат бар. Фотосуреттердің көпшілігін Л.О.Бернштейн, К.К.Булла, М.М.Гершман, П.С.Жу­ков, С.Л.Левицкий, С.А.Магазинер, Н.А.Науменков, П.А.Оцуп, В.П.Самойлов, Д.М.Трахтенберг, Б.В.Уткин, Я.В.Штейнберг, Н.П.Янов секілді майталман фотографтар түсірген. 

 

Қажымұқанның суретін атақ­ты фотограф Карл Булла түсіріп­ті. Карл Булла – «ресейлік фото­ре­портаждың атасы» ретінде та­рихта қалған адам. Көбіне бал кештерін, шерулерді, мемлекет қайраткерлерінің ресми кезде­су­лерін, ғимараттардың ашылу сал­танаттарын, спорттық жарыс­тар­ды, белгілі адамдардың мерейтой­лары мен жерлеу рәсімдерін түсірген. Одан бөлек талай тарихи тұлғаның портретін де суретке тартты. Соның ішінде атақты суретші Илья Репиннің, орыс ақыны Корней Чуковскийдің, сұңғыла жазушы Лев Толстойдың суреттерін тарихта қалдырды. Толстойды суретке түсіру үшін Карл Булла 1908 жылы Ясная Полянаға барған. Жазушының 80 жылдың мерейтойы үстінен үл­кен фоторепортаж жасаған. Толстой дүниеден өткен кезде де жазушының жерлеу рәсімінен фо­торепортаж ұсынған. Ол су­рет­тер 1910 жылы «Огонек» жур­налында жарияланған.
Ал Қажымұқанның суретін 1912 жылы түсіріпті. Осы жылы Петерборда классикалық күрес­тен (бүгінгі грек-рим күресі) ха­лықаралық чемпионат өткен. Чем­пионатқа әлемнің сол кездегі ең мықтылары қатысқан. Міне, сол чемпионатты Карл Булла бас­тан-аяқ суретке тартқан. Ол аздай балуандарды өзінің Петербор­дағы фотоательесіне шақырып, жеке-жеке суретке түсірген. Бұл суреттер кезінде «Русские бо­га­тыри» деген атпен фоторепортаж болып жарияланған екен. Олар­дың қатарында И.В.Лебедев (дядя Ваня), И.Поддубный, Н.Вах­ту­ров, Г.Лурих, Петкович, Т.Жак­сон, К.Пошпешил, Б.Гакенш­мидт, Хассел, Ригер, C.Елисеев, Бо­риченко, А.Аберт, Юстус, Пос­так секілді алыптар бар. Қа­жы­мұқанның суреті мұнда Муха­нура деген лақап атымен сақтал­ған. «Ямагата Муханура» деген лақап атты Қажымұқанға Иван Лебедев қойған болатын. Сон­дық­тан біздің балуан бірқатар жа­рыстарға Муханура атымен қатысқан.
«Русские богатыри» фоторе­портажында Муханура мен чех балуаны К.Пошпешилдің күрес әдістерін көрсетіп түскен бірнеше суреті бар екен. Бірінде Пош­пе­шил Муханураны көтеріп алса, тағы бірінде Муханура Поспе­шилдің белінен қысып тұр. Енді бір суретте Поспешил Муха­ну­раны жамбасқа лақтырғалы тұр, тағы бірінде Муханура Пос­пе­шил­дің мойнынан қылғынды­-рып алған. Суреттердің барлығын да Санкт-Петербор Орталық мем­лекеттік кинофотоқұжаттар архивінен табуға болады. Айт­пақ­шы, Қажымұқан Петерборда өт­кен осы жарыста «күрес ережесін бұзды» деген желеумен алаңнан шеттетілген екен. Содан болар, Қа­жекеңнің бұл жарысқа қатыс­қаны жайлы айтыла бермейді.
Жас Қажымұқанның суреті бізге тағы бір нәрсені дәлелдеп бер­ді. Біздің зерттеушілер ба­луанның туған жылын 1871 жыл деп жазып келеді. Ал Сәбит Мұ­қанов Қажекеңмен кездескенде (1925 жылы) оның қырықты ал­қымдап қалғанын жазған. Демек, 1925 жылы қырыққа келген бол­са, балуан шамамен 1885 жыл­да­ры туған болып шығады. Мына сурет соның дәлелі болғалы тұр. Бұл суреттің 1912 жылы түсіріл­ге­ні тарихи факт. Байқасаңыздар, бұл жерде Қажымұқанның жасы әлі отызға да толмаған. Демек, Қажекеңнің 1883 жылы туғаны жай­лы дерек шындыққа жана­са­ды. Қажымұқантанушы Қалиак­пар Әміржанов та балуанның 1883 жылы туғанын айтады. «Әр жерде Қажымұқанның туған жылы әртүрлі көрсетіледі. Соны бір ізге түсіру керек. Қажекеңнің 1883 жылы дүниеге келгені рас. Өйт­кені балуан 1913 жылы «Айқап» журналына сұхбат бер­ген. Сол сұхбатында өзінің отыз-ға толғанын айтқан. Сондықтан біз­дің осыған тоқталғанымыз дұ­рыс» дейді Қалиакпар Әмір­жа­нов. Қажымұқантанушы Ғазиз­бек Тәшімбай да осыны рас­тай­ды. «Біз Қажымұқанды осы уақыт­қа дейін 1871 жылы туған деп келдік. Тіпті Қазақ КСР эн­циклопедиясында да солай жа­зыл­ған. Кейін анықталғанындай, көзі тірі куәлардың растағанын­дай ол кісі 1883 жылы туған. Бас­қасын былай қойғанда, ең басты дерек – атақты Мұхамеджан Се­ра­лин Троицкіде шығарып тұрған «Айқап» журналы. Осы журнал­дың 1913 жылғы 1 желтоқсандағы 21-санында сол кездегі есімі елге танылған балуандар жайлы кө­лемді мақала жарияланған. Ав­торы – Жиһанша Сейдалин. Ол Мұқан жайында: «Аты – Қа­жымұқан Мұңайтпасұлы. Жасы 30-да, мойнында 12 медалі бар» деп жазған. Ендеше 1913 жылы жасы 30-дағы адам өмірге 1883 жылы келмей ме?» деп жазады Ға­зизбек Тәшімбай.
Қажекеңнің «қажы» атануы жайлы да әркім әрқилы жазып жүр. Еркін Қыдырдың «Отырар» кітабында: «1911 жылы Ыстамбұл­­да тү­ріктің атақты балуаны Нұр­ла­ның жауырынын жерге ти­гіз­гені үшін қажы атағы беріліп, Қажы­мұқан атанады» деп жа­зыл­ған. Мектептегі оқулықтарда да әлі күн­ге шейін Қажымұқанның қа­жы атануын осы секілді қате бе-ріп жүр. «Мықты балуандарға «қажы» атағын берген» деген мә­лімет кім жазса да өтірік нәрсе. Ешбір күрес тарихында балуанға «қажы» атағын беретін салт жоқ. Қажы деп Қағбаны тауап еткен мұсылмандарды ғана атайды. Сон­­­дықтан Қажекеңнің де қа­­жылығы осы Қағбаға зиярат ету­ден басталған.
Қалиакпар Әміржанов ба­луан­ның қажылығы туралы бы­лай дейді. «Әлімқұл Бүркіт­баев­тың 1978 жылы «Жалын» бас­пасынан шыққан деректі хикая­сында Мұқаңның Меккеге ба­рып, қажы атағына ие болғанын нанымды дәлелдейді. Ыстамбұлда түріктің Нұрла атты балуанын жең­ген соң Шәкір паша (генерал) мен имам Баюр Мұқаңды құт­тық­тап, Шәкір паша: «Жарайсың! Менің саған берейін деп тұрған сыйлығым мына имам тапсы­ра­йын деп тұрған сыйлықпен са­лыстырғанда түк емес. Жақында әлемнің барлық мұсылмандары Құрбан айт мейрамын тойлайды. Біз Меккеге қажылыққа барғалы жа­тырмыз. Ол жерге ең күшті ба­лу­ан­­дар жиналады, сен сонда өзің­­нің күшің мен өнеріңді көр­сете аласың. Қаржы туралы қам жеме, ол біздің мойынымызда» дейді. Сөйтіп, үш аптаға созылған ке­руен Орталық Таврдан, Тигр өзені­нің бойымен Бағдатқа, одан әрі Үлкен Нефуз шөлімен Мек­кеге жетеді. Меккеде дұға оқы­лады, Мұқаң зәмзәм құдығынан су ішеді, Арафат тауының етегінде үш күн шатырдың ішінде түнейді, Мин аңғарында шайтанды бей­нелейтін тұлғаларға тас лақты­ра­ды, Мәдинеге барып бір мешіттің есігінің артында Мұхаммед (с.ғ.с) пай­ғамбардың табыты қойылған есік­ке сәлем беріп, Меккеге, көп ұзамай Ыстамбұлға қайтады. Содан былай Мұқан деген есімі жайына қалып, Қажымұқан деген атаққа ие болады».
Осы жерде сәл шегініс жаса­сақ. Қажымұқанның Түркияда өткен жарысқа қатысқаны рас. Ол кезде труппаның жетекшісі Георг Лурих болған. Қажекең жа­рысқа өзінің «Муханура» деген лақап атымен қатыспақ болған. Алайда, Лурих түріктердің мысын басу үшін Қажымұқанға «Қара Мұстафа» деген жаңа есім берген. Себебі, түріктерде бұрын Қара Ахмет деген мықты балуан бол­ған. Қара Мұстафа Қара Ахметтің ерлігін қайталайтынына күмәнсіз сенді. Солай болды да, жеме-жем­ге келгенде Қажымұқан тү­ріктің Нурулла (Нұрла) есімді балуанымен күрескен. Нурулла­ның салмағы – 155 келі, ал Қа­жымұқанның салмағы – 100 келі­нің айналасында. Оның үстіне Ну­рулла «майлап күресудің» май­тал­маны екен. Соған қарамастан, 20-минутта біздің балуан қарсы­ласын жер жастандырған.
Ыстамбұлдың сол кездегі әкімі, генерал Шәкір паша қазақ ба­луаны­ның өнерін жоғары баға­лап, мұсылман екенін біліп, қа­жы­­лық сапарын өтеуге шақырған. Біздің басылымдар Қажымұқан­ның қажылығы жайлы айтқанда осы деректі алға тартады. Ал түрік басылымдары Нурулла Хасанның 1900 жылы Парижде өткен жа­рыстан алтын белдікті ұтып алға­ны, 1902 жылы Лондонда жеңіске жеткені жайлы көп жазыпты. Сол жылы дүниеден өтіпті. Алайда, Қажымұқанмен күрескені жайлы ешқандай дерек жоқ.
Ал ақын Ақылбек Шаяхмет «Қа­зақтың Қажымұқаны» мақа­ласында Қажымұқанның қажы­лығы жайлы мүлде басқаша дерек келтіреді. «Қостанай жерінде, қалың қыпшақ елінде Қараба­-лық өңірінде Смайыл Жаман­ша­лов деген болыс болған. Атақты ад­во­кат Плеваконың өзімен та­мыр, дос болған Смайыл болыс – Ро­ма­новтардың 300 жыл­дық тойына қатысқан санаулы бай­лардың бірі. Смайыл болыс та Меккеге қажылыққа барып кел­ген. Сол кез­дері Мұқан балуан ір­гедегі Троицк қаласына келіп, балуан­дар күресіне қатысып жү­реді екен. Смайыл болыс балуан­ды үйіне ертіп әкеліп, қонақ қы­лып, өзінің туған шешесін Мұқан ба­луанға қосып, қажылыққа жі­бер­ген. Бұл сапардың алдында екеуін некелеп, имандылық жолы­на ат­тандырған. Олар аман-есен ауыл­дарына оралғаннан кейін біреуі Қажы ана, екіншісі Қа­жымұқан атанған» дейді. Кім­дікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Бірақ қалай десе де Қажымұқанның қа­жылық па­рызын өтегені анық нәрсе. Кеңес заманында бұл жай­лы ашық айты­ла бермеді. Әлгін­дегідей «қажы» атағын мықты балуан­дарға берген дегендей әң­гімелер содан туындаған. Ол кез­де қажы­ларды кеңес өкіметіне қар­сы адам­дар деп түсінді. Бәл-кім, Қа­жекеңнің өзі де қажылы­ғын жа­сыру үшін осындай тә­сіл­мен тү­сін­діруге мәжбүр болған шығар? Бірақ қазір басқа заман емес пе? Сондықтан Қажымұ­қан­ның қа­лай қажы атанғаны жайлы дұ­ры­сын жазуымыз керек.
Айтпақшы, осы қажылық са­парында Қажекең Жиддада өткен жарысқа қатысқан. Африка, Азия елдерінің 25 балуаны бақ сынаған жарыста жеңімпаз атанып, алтын медаль мен 5 мың реал қаржылай сыйлық олжалаған. Медалінде «Азия мен Африканың чемпионы, Хижраның 1286 жылы» деп жа­зылыпты. Меккеге барып «қажы» атанғаннан кейін, есімінің алды­на қажы сөзін қосып барлық жа­рыстарға Қажымұқан деген атпен қатысқан. 1915 жылы жарыққа шық­қан балуандарға арналған «Геркулес» журналының №15 са­нында Қажымұқанның Қазанда өткен жарыстан олжалы оралғаны туралы айтылған. Сонда біздің балуанды «любимец мусульман­ской публики» жазады. Қажекең­нің мұсылман жұртының мақта­нышына айналғанын осыдан-ақ бағамдауға болады.

Мақала авторы: Серікбол ХАСАН

Дереккөзі: aikyn.kz
нравится:    2263
Теги: Біздің мақтанышымыз, Главная,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии