20 Август
21:26
Астана: 20 °C
Алматы: 17 °C
USD/KZT: 332.80
EUR/KZT: 390.57
RUB/KZT: 5.60
CNY/KZT: 49.88
Мәдениет
25 мамыр 13:59
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Жұлдыздардың соңғы қоңырауы


Отандық өнер жұлдыздарымызбен 25 мамыр қарсаңында оқушы кезін еске түсіріп, тарыдай болып кірген, таудай болып шыққан мектептеріне саяхат жасадық!


Бердібек Құлғараев: Менің мектеп бітіргеніме 6 жыл уақыт өтіп кетіпті. Сондықтан көп нәрсе есімде жоқ. Соңғы қоңырау әдеттегідей өтті. Сол уақытта сыныптастарымызбен автобус жалдап, қала аралап мектепті бітіргенімізге қуанып, бір жағынан қимай тойладық. Жылдағы дәстүрді жалғастырып, мектепте ұстаздарыма арнап ән айттым. Осы уақытқа дейін сол Ақтау қаласындағы №14 мектебімді ыстық сағынышпен еске аламын. Ұстазым Жаймағанбетова Алтынай апайыма мың алғыс айтамын. Үлкен өмірде қанат қағуға көп септігін тигізіп, анамыздай болып кеткен ұстазымды осы уақытқа дейін ауылға барғанда көріп-көрісіп тұрамыз, биылғы түлектерге тек сәттілік тілеймін!



Нұрсұлтан Құрман: Соңғы қоңырауға қарсы қатты ауырдым. Сол себепті мектепке бір ай көлемінде бармадым. Тура соңғы қоңырау күні барып, мұғалімдердің айтуы бойынша, көк туымызды алып шығып, мектептің үздік оқушыларына табыстадым. Сөйтіп соңғы қоңырауды естіп, сыныптастарымызбен қыдырып, таңды бірге қарсы алдық.



Айдана Меденова: Соңғы қоңырау, мен үшін, сабақтың аяқталуына байланысты шара емес, керісінше, сол кезде қандай ән айтатынымды ойлап алаңдайтын кезімді білдіретін. Ойлап қарасам мектепте оқыған 11 жылымды да ән айтумен өткізген екенмін. Өнер жолына деген мақсатыма шабыт берген мектебіме алғысым шексіз.



Тәуекел Мүсілім: Мен 2006 жылы Алматы қаласындағы №140 Мұқағали Мақатаев атындағы мектеп-гимназиясын аяқтадым. Мектептегі қызықты оқиғам – өзімнің сүйікті пәнім – физикаға байланысты болды. Сабақта отырмыз, мен алдыңғы партада отырдым. Бала болған соң шулаймыз, артқы партада отырған балалар шуылдасып әңгіме айтып отырғандықтан, қызықтап менде қарап отырғанмын. Бір уақыта апайымыз менің қолымнан сүйреп6 сыныптан шық деп ұрысып жатыр. “Апай менің кінәм не жәй ғана артыма қарадым ғой” деген едім, апайымыз ашу үстінде мен отырған орындықты маған қарай лақтырып жіберді. Орындықты тосып алып, орнына қойдым да, сыныптан шығып кеттім. Сабақ аяқталғанша, Қожа сияқты далада жүргенім бар.



Қайрат Әділгерей: Атырау қаласындағы Кіші Өнер Академиясын 2000 жылы бітірдім. Биыл мектеп бітіргеніме 15 жыл толды. Мектепте “Құқық”, “Қазақстан тарихы” және “Қазақ тілі” пәнін 5-ке бітірдім, қалғаны 3 болды (күліп). Соған байланысты жақын арада 15 жылдығымызды тойлау үшін  2-3 күнге Атырауға кетіп барамын.




Серік Ибрагимов: Мектепте мен 9 сыныпқа дейін ғана оқыдым. Менің сүйікті пәнім дене шынықтыру, әдебиет және музыка болды. Мектеп кезінде тентектеу болдым. Бірде барлық сыныптастарымызбен сабақтан қашып, бірге жиналып, мұрныңды 100 рет қасысаң қасқа боласың деген әзіл бар еді, сол бәріміз мұрнымызды қасып, ертесіне мұғалімнен таяқ жеп, мұрнымыз қып-қызыл болып отырғанбыз (күліп).



Әділ Ахметов: Тастақ мөлтекауданындағы №58 мектепті 2002 жылы аяқтадым. Мектептік шақтағы қызықты оқиғаларымды айтар болсам, сол кезден бастап адамдардың даусын жақсы салатынмын. Қалада әжеммен бірге тұрдық. Әжем қонаққа немесе ауылға кеткен кезінде сабаққа бармайтынбыз. Сол кезде мұғалімдеріміз үйге телефон соғып, мектепке келмегенімізді айтатын. Телефон тұтқасын өзім көтеріп әжемнің даусын салып, мұғалімді алдайтынбыз. Кейде әжемнің өзіне хабарласып, мұғалімнің даусын салып, Әділ сабақты жақсы оқып жатыр, тәрбиеңізге рахмет деп алдағанмын.




Әділ мен Дана: 
Дана: Мен Жамбыл облысы, Қаратау қаласындағы мектеп-лицейді 2002 аяқтадым. Сүйікті пәндерім ағылшын тілі және әдебиет болатын.
Әділ: Қытайдың Қарамай деген жеріндегі мектепті 1992 жылы аяқтадым. Сүйікті пәнім тарих және география болған.




Арман Бексұлтан: Ол кезде мектептер он жылдық еді. Мен 8-сыныптан кейін оқуға түсу мақсатында 1992 жылы мектепті аяқтадым. Сүйікті пәнім тарих және ән-күй сабағы болатын. Бір күні сыныптастырымызбен кеш (вечер) ұйымдастырып, біраз ақша жинап, кешке таман енді отыра бергеніміз сол еді. Директордың орынбасары кіріп келмесі барма. Өздерінше болып отырған жігіттер тым-тырақай қашып кетті, біреулері терезеден секіреміз деп шалбарларын жыртып алған.



Бауыржан Сатов: Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектепті 2006 жылы аяқтадым. Ең сүйікті пәнім ағылшын тілі. Мектеп кезінде АҚШ-тан келген қонақтарды күтіп алып, қаланың көркем жерлерін таныстыратынмын. Соның арқасында мектепке сабақты оқымай барсам да, 5 деген баға қойып беретін.



Сұңқар тобы:
Бекет Андиров: Мен мектепті 2000 жылы бітірдім. Сүйікті пәнім география және тарих. 11 сынып оқып жүрген кезде тентектікпен бір топ бала болып мектептен қуылып кете жаздағанбыз. Сол кезде жаза ретінде мектептің ауласында жиналып қалған жапырақтарды, қоқыстарды бір апта бойы тазалап шыққанбыз.
Тастан Асылбеков: Мектепті 1999 жылы аяқтадым. Сүйікті пәнім математика болған. Қысты күні ойнап келіп, түстен кейін ұйықтап қалдым. Сосын кешке ұйқыдан тұрып, таң атты деп ойлап сабаққа сөмкемді арқалап шығып кетіппін. Мектепке барсам тек қарауылшы ағай жүр екен. Солай таңертең деп ойлап, мектепке кешке барғаным бар.
Қанат Балтабаев: Мектепті 2004 жылы тәмамдадым, сүйікті пәнім математика, қазақ тілі мен орыс әдебиеті. Есімде қалғаны бір қызға ғашық болғаным соншалық, үйінің жанындағы дүкенге анам нанға жіберген кезде, сол қызды кезіктіріп қалармын деген оймен костюм-шалбар киіп баратынмын.




Art Classic тобы:
Аманқос Ұзақбайұлы: Мен орта мектепті 2005 жылы бітірдім, биыл бітіргеніме 10 жыл. Ең сүйікті пәнім – денешынықтыру, физика, математика. Себебі тереңдетілген мектепте оқығанмын. Қызықты оқиғамды есіме алсам, күніне 4 сабақ болса, соның біреуінде міндетті түрде бұрышта тұратынмын.
Мәди Жүнісов: Мен Алматы қаласындағы №36 лингивистикалық гимназияны 2008 жылы бітіріп, “Петр Ильич Чайковский” атындағы колледжіне түстім. Мектепте ең сүйіп оқығам пәнім – әдебиет. Ол кездегі ең қызықты кездер сабақтан қашу болатын. Бірдей форма сатып алып футбол ойнау, сабақтан қашып компьютер клубына баратынбыз. Одан кейін А, Ә, Б деген сыныптар болып, екіге бөлініп төбелесетінбіз.
Тахауи Рахметов: 2002 жылы орта мектепті тәмамдап, мектептегі сүйікті пәнім – cызу болды.
Хамит Отарбаев: Мен Атырау облысы, Құлсары қаласындағы №9 “Макаренко” атындағы мектепті 2004 жылы бітірдім. Ұнайтын пәндерім география мен математика болатын. География әр елдің жалауларымен мені қызықтырған. Ал математика көп ойланатын, санайтын, есептейтін болғаннан кейін ұнайтын. Құлсары қаласында тойлар жұма және сенбі күндері көп болатын. 8 сыныптан бастап тойға шықтым. Сол кезде ағай, апайларым саған ән нан бола ма деп ұрысатын. Ал қазір, Аллаға шүкір өнер, ән әлемінде нанымызды жеп жүрміз.




Талғат Келімбет, актер: ОҚО Түлкібас ауданы, Тұраркент ауылы, Абай орта мектебінен 2006 жылы түлеп ұштым. Мектеп кезіндегі ең жақсы көретін сабағым – Қазақстан тарихы. Қызықты оқиғам – 3-4 сыныптамын, анам сөмкеме нан салып жіберетін. Соны сабақ кезінде қарным қатты ашып, сабақ үстінде нан жеп жатқанда, апай мені тақтаға шақырады. Менің аузым толған нан, түйіліп, “Апай, біраздан соң шығайыншы” дегенім бар.



Дереккөзі: juldyz-alem.kz



 
нравится:    1623
Теги: Жұлдыздар әлемі,
поделиться:

Поделиться в Whatsapp

Loading...
Читайте так же:

Комментарии