|    |  
28 қаңтар 2020
02:34
Банк комиссиялары жайлы не білесіз?
14 қаңтар 2020, 16:17 96
Банк комиссиясы – банктің тұтынушыларынан көрсеткен қызметтері үшін алатын ақысы. Несиелер бойынша алынатын пайыздық мөлшерлемелерден кейінгі банктерге табыс әкелетін екінші жол — осы комиссиялардан түсетін табыс.



«Комиссия» ұғымын айыппұлдар мен өсімақылардан ажырата білу керек. Комиссия банк тарапынан көрсетілетін қызметтер үшін алынатын болса, айыппұлдар мен өсімақылар тұтынушының банк алдындағы міндеттемелерін орындамағаны үшін алынады.

Комиссияның алынуына бірнеше негіз бар. Жерде жатқан ақша жоқ. Тарифтер құрамында банкоматтың, карталарды шығару және соған байланысты көрсетілетін қызметтер ақысы бар. Шығатын шығынның ең көп бөлігін қолма-қол ақша инкассациясы құрайды. Өйткені уақыт өте келе банкоматтар істен шығып жатады, бөлшектері бұзылады. Олар да болса біршама қаражатты қажет етеді. Сәйкесінше осы тектес шығындардың өзін-өзі ақтауы керектігі заңды құбылыс.

Қандай да бір қызметті қолданғаны үшін банк комиссия мөлшерін өзі белгілейді. Яғни, комиссиялардың мөлшері мен түрлері бірдей бола бермейді. Мәселен, бір банкте көлемі жоғары болып, екіншісінде аз болуы ықтимал. Жарнамасында өзге бәсекелестерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен мөлшерді көрсеткен банктің шын мәнісінде сіз үшін шығыны көп болып шығуы мүмкін. Егер банк комиссия алынбайды десе, демек несие бойынша пайызы басқа банктерге қарағанда әлдеқайда жоғары болғаны. Яғни, комиссиялардан алынбаған ақшаны банк өзге жолмен алады. Өзіне шығын келтіретін немесе пайда әкелмейтін іспен қаржылық мекемелер айналыспайды.

Комиссияларды екі түрге бөлуге болады:

көрсетілген қызметтер үшін;
«қосымша» комиссиялар.
Бірінші түріне мынадай қызмет түрлерін айтуға болады:

Ақша аударымдары
Несие картасынан ақша шешіп алу
Банкоматтардан қолма-қол ақша алу
Банкноталар мен тиындарды қайта санату
Ақша айырбастау
Құжатнамалық операциялар (сатушылар мен сатып алушылар арасында есеп айырысу есептерін жүргізу үшін)
Факторинг

«Қосымша» комиссиялар – көрсетілетін қосымша қызметтер үшін алынады. Негізінен, бұлардың негізгі қызметтерден аса айырмашылығы жоқ. Олар:

Өтініш қарастыру
Несие беру
Қарыз алушының есебіне ақша аудару
Есепшоттан ақша беру
Жеке кеңесші қызметтері
Несие шотын ашу және жүргізу
Несиені уақытынан бұрын өтеу
Өмір мен денсаулықты сақтандыру
Несие алудан бас тарту
Қарыз жағдайы туралы ақпарат беру

Одан бөлек, «мобильді банк», «интернет-банк» деген ұғымдармен де таныс боларсыз?! Олар үшін де банк комиссия алады. Көбіне, «мобильді банк» қызметі банк картасын алған сәттен бастап қосылады. Яғни, қызметті қолданғаны үшін ай сайын ұялы телефон есебінен белгілі бір сома алынып отырады. Егер бұл қызмет түрі сізге аса қажет болмаса, бірден бас тартқаныңыз жөн. Картаны алғаннан кейін барып бұл қызметтің қосылғанын байқасаңыз, банкке барып өшіруіңізге болады. Десе де, бұл қызмет түрінің қажетті тұстары бар екенін де айта кету керек. Картаны жиі қолданатын болсаңыз, есепшотыңыздың жағдайы туралы ақпаратты уақытында алып отырасыз. Осылайша ақшаңыздың қашан келіп-кетіп жатқаны жөнінде хабардар боласыз.

Осы тұста «заңсыз» комиссиялардың болатынын да еске сала кетейік. Кейбір банктер қызмет атауын өзгертіп, түрлендіріп сізден пайда көріп жатады. Көбіне мұндай алаяқтық маркетинг стратегияларына байланысты жүзеге асып жатады. Яғни банктер тұтынушылары ұнатпайтын комиссия сөзінің тонын теріс айналдырып, өзге қызмет түрімен ауыстырады.

Қазіргі таңда заңсыз алынған комиссияларды қайтарып алуға толық құқыңыз бар. Бұл үшін бірінші кезекте банкке барып, ақшаңызды қайтару жөнінде арыз бересіз. Егер банк өтінішіңізді қараудан бас тартса, істі соттың қарауына жіберуге болады. Әйтсе де мұндай қадамдарға бармас бұрын ісіңіздің заңдық негізі жөнінде бастан-аяқ біліп алғаныңыз жөн.

Комиссия алынбайтын енді бір әдіс — «Жалақы жобасы». Осы шара аясында банктер көбіне комиссияларды азайтады немесе тіптен комиссия алынбауы мүмкін. Банк беретін картаны ашар сәтте сіздің алдыңызға бірнеше таңдау тұрады: жеке тұлға ретінде стандарт карта алу немесе өзіңіз жұмыс істейтін мекемемен келісім-шарт жасасқан банктен карта аштыру. Стандарт карталар көбіне Visa немесе MasterCard төлем жүйелерінде ашылады. Бұл екі төлем жүйесінің бір-бірінен айырмашылығы аз ғана. Visa доллармен төлем жасауға, MasterCard еуромен төлем жасауға ыңғайлы. Қазақстанда ашып, оны еліміздің шегінде қолданатын болсаңыз, сізге бұдан келер шығын болмайды. Бекітілген комиссия мөлшеріне орай ғана ақы алынып отырады.

Қазіргі таңда «Жалақы жобасы» аясында комиссиясыз ақша шешіп алу көптеген банктерде қарастырылған. Бірінші кезекте компанияңыз банкпен келісімге отырады. Одан соң, жұмысқа орналасқан әр адам сол банктен карта ашуға міндетті болады. Ай сайынғы жалақысы сол банктің шотынан аударылады. Картаны ашар сәтте белгілі бір сомада жылдық ақы төлейсіз. Ол ақының көлемі аса жоғары емес. Ал жалақыңыз түскен сәтте ешқандай комиссиясыз ақшаңызды қолыңызға аласыз. Осы тұста бұл жобаның екі тарапқа да ыңғайлы етіп ойластырылғанын айта кету керек.


Қолма-қол емес төлемдер жүргізу — сізге де, банкке де тиімді. Ақша шығару мемлекетке шығын әкелсе, қолма-қол ақша шешіп алу — сізге келетін шығын. Сол себепті, интернет арқылы сауда жасаудың алдағы уақытта трендке айналуы ғажап емес. Себебі, жоғарыда атап көрсетілген банктердің барлығында қолма-қол емес төлемдерден комиссия алынбайтындығы белгілі болды.

Дағдарыстың қатты толқыны таяп қалған сәтте үнемдеу режимін іске қосу керек. Ол үшін ақшаңыздың қайда кетіп жатқанына жауап беруден бастағайсыз. Атап өткеніміздей, қандай да бір қызмет түрін пайдаланбас бұрын байланыс орталықтарына бір хабарласып, мән-жайды сұрастырған артық етпейді.

Дереккөз: Reactor
Все новости