|    |  
21 қараша 2019
05:52
Бүгін белгілі сазгер Кеңес Дүйсекеевтің туған күні
10 ақпан 2017, 10:55 114



Белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ДҮЙСЕКЕЕВ Кеңес Дүйсекеұлы 1946 жылы 10 ақпанда Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келді.
Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын профессор А. В. Бычковтың композиция класы бойынша бітірген.
 
Еңбек жолы
1974-1976 жылдары - «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері және музыкалық жетекшісі.
1976-1979 жылдары - «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірестігінің музыкалық жетекшісі.
1975-1984 жылдары - Қазақ теледидары музыкалық редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарған. Осы жылдар аралығында Дүйсекеевтің жетекшілігімен «Тамаша», «Халық - талант қайнары», «Шабыт», «Жастарға арналған музыкалық кештер», «Музыка әлемінде», т.б. теледидарлық бағдарламалар шығарылды.
1984-1997 жылдары - Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті эстрадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды.
1997 жылдан «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің көркемдік жетекшісі.
 
Шығармашылығы
 
Кеңес ДҮЙСЕКЕЕВ – “Толғау” симфониясының (1984), “Жалаңтөс батыр” симфония поэма-картинасының (1996), “О, дүние” кантатасының (1997), “Жыл мезгілдері” романстар циклінің (1991), “Мәди”, “Аққу Жібек” мюзиклінің, “Алдар көсе” опереттасының, симфония-концерттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық оркестрге шығармалар, соната, рапсодия, вариациялар және 200-ден астам әндердің авторы.
 
Кеңес Дүйсекеевтің музыкасында қазақтың ұлттық дәстүрі қазіргі замандық музыка тілімен үндесіп, жаңа сипатқа ие болады. Композитор қолтаңбасының айрықша қасиеттері көңілге қонымдылығында, музыка тілінің мәнерлілігінде. Оның шығармашылығының бұл ерекшеліктері мына дүниелерінде анық белгі береді: Камералық оркестрге арналған «Жайлаудағы таң», «Көшу», хор капелласына арналған «О, туған жер».
 
Дүйсекеев ән жанрында да өз бағын сынап, халық жүрегінен жол тапты. Оның әндерін жас та, кәрі де ықыласпен тыңдайды. Дүйсекеев әндерін Р. Рымбаева, Н. Есқалиева, М. Жүнісова, А. Мейірбеков, Н. Өнербаев, М. Дәулетбақова т.б. әншілер орындап жүр.
 
Оның «Сәлем саған, туған ел» әні эстрада жұлдыздары КСРО және Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен Қазақстанның еңбегі сіңірген әртісі Нағима Есқалиеваның репертуарынан белді орын алған.
 
Марапаттары
·         1994 жылы "Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері" құрметті атағымен марапатталды.
·         2005 жылы "Құрмет" орденімен марапатталды.
·         2014 жылы "Парасат" ордені берілген.
·         Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры.
·         2016 жылғы ҚР тұңғыш президенті - Елбасының мәдениет саласы бойынша мемлекеттік степендия иегері.
 
Отбасы
Жұбайы - Дүйсекеева Баян Кеңесқызы (1947 ж.т.), республикалық медициналық училищесі педагогы. Ұлы - Дүйсекеев Нұркен Кеңесұлы (1976 ж.т.). Немерелері - Дүйсекеев Дәурен Нұркенұлы (2001 ж.т.), Дүйсекеев Дінмұхамед Нұркенұлы (2008 ж.т.).
 
Reactor.inform.kz ұжымы қазақтың біртуар перзентін бүгінгі туған күнімен құттықтай отырып, сазгердің отбасына амандық, шығармашылығына толағай табыстар тілейді!!!













 
Все новости