|    |  
20 тамыз 2019
12:26
Қарақат Әбілдина: Біз «ұят болады» деп өскенбіз, ал қазіргі жастар оны керек қылмайды
08 тамыз 2019, 17:38 156
Қарақат Әбілдина желідегі парақшасында қазіргі жастардың «ұят» деген ұғымды қатты ұстанбайтынын айтып, өз ойымен бөлісті. Әншінің айтуынша, өз буыны «ұят болады» дегенді естіп және соны ұстанып өскен. Ал қазіргі жастар бірінші кезекте өздерін ойлайды және елден ұят болады дегенді керек қылмайды екен.



 «Біз ‘ұят болады’ қағидасымен тәрбилеген ұрпақпыз. ‘Ел-жұрт не дейді?!’ психологиясы қанымызға әбден сіңген. Жасыратыны жоқ, үлкендер көп тыйым салды, шектеу қойды. ‘Бүйтпе-сүйтпе’ деп отырсаң опақ, тұрсаң сопақ қылатын кездер де көп еді. Әрине, соның арқасында адам болып қалыптастық, елдің батасын алдық, жаман болған жоқпыз. Десе де, сол ‘ұят боладының’ әсерімен көп нәрседен қағылғанымыз да рас. Өзгеге жағу үшін өз басымызға зиян келтірген кезіміз де аз емес.

Ал бүгінгі жастар өздерін бірінші орынға қоятынын, ‘ел не дейдіге’ аса мән бермейтінін көп байқаймыз. Олар жеке басына қажетсіз дүниеге уақыт кетірмейді, бөтен біреудің көңіліне қарап әуре болмайды. Алдымен өзін ойлайды. Қазір мен осы бағыт дұрыс па деп те ойлаймын... Себебі, қанша дегенмен, әр адам ең алдымен өзін ойлауы керек, өз хақысын беру керек... Әрине, бұл шектен тыс еркін болу дегенді білдірмейді.... Екі ұстанымда да балансты сақтау керек, шектен шықпау керек. Елмен, ұлтпен, үлкендермен санаспаған ақылсыз жастардың да әрекетіне куәміз, ол бөлек әңгіме. Айтқым келгені, әр адам кез келген шешім қабылдауда, кез келген әрекет, қадамға барарда, ел-жұрттың, айналадағы жандардың сөзінен қорқып амал етпеуі керек... Ең бастысы, өз жүрек қалауы, денсаулығы, болашағы, өз жеке мақсаты, өз таңдауы алдыңғы орынға шығуы тиіс.... Ал Сіз қалай ойлайсыз? Неден ұялу керек, не нәрсе ұят емес? Өзгенің пікірі адам өмірінде қаншалықты маңызды?»-дейді әнші.
 
Бұған желі қолданушылары түрлі пікір білдіріп жатыр. Басым бөлігі жастарда тәрбие жоқ екенін айтып, әншіні қолдаған.
 
Дереккөз: Reactor
Все новости