|    |  
26 маусым 2019
06:50
Ораза айт мейрамы жайында
05 маусым 2019, 10:49 35


Міне, біз Қасиетті Рамазан айының соңғы оразасын ұстаудамыз. Біз мүмкіндігінше аталмыш айдың қайыр-берекесіне бөленіп, сауабына кенелуге тырысып бақтық. Көзді ашып-жұмғандай боп бір ай ораза өте шықты, енді, міне, Рамазан айымен де қимай қоштасатын кез келді. Алайда бұл Қасиетті ай Ораза айт мерекесіне ұласатыны белгілі. 

«Мейрам» деген сөз адам жанына бір тыныштық ұялататыны сөзсіз. Біз туған-туыстарымызбен, достарымызбен кездесеміз. Ораза айттың құрметіне бір-бірімізге сыйлық тарту етіп жатамыз. Міне, сол себепті де мейрам деген сөзді ести сала біздің жүректерімізді қуаныш керней жөнеледі. 

Біздің асыл дініміздің шегінен шыға сауық-сайран құруға, көңіл көтеруге жол берілмейді. Алайда Алла Тағаланы еске ала отырып шаттанудың орны бөлек. Мерекелік күндер Алла Тағаланың бізге нәсіп еткен игілігі әрі Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннеті ретінде қабылдануы тиіс. 

Ақиқатында, аталмыш мейрамның екі үлкен міндеті бар. Олар: айт намазын оқу және пітір садақа беру. 

Пітір садақа оразамен бірге Алла Тағала тарапынан ұйғарылған. Пітір садақа уәжіп болып табылады, оны айт күні беруге не болмаса мейрамның алдындағы күндері, яғни, Рамазан айында да беруге болады. 

Мейрам — бұл бір жұбаныш. Ананың аялы да жылы құшағынан суырып алынған сәбидей, мүміндер де Рамазанмен қимай хош айтысады. Алайда алдымызда күтіп тұрған ораза айт мейрамы біздің жанымызға тыныштық пен қуаныш сыйлайды. 

Мейрам — бұл бір ризашылық. Бір ай бойы Алланың кешірімін алу, Оның мейіріміне бөлену және Тозақтан құтылу мүмкіндігі үшін ризашылық таныту. Мейрам — мәңгілік өмірге дайындық. Жұмақта қызғаныштың, алдау-арбаудың, өшпенділіктің, араздықтың болмайтыны сияқты мейрам күндері де ауызбірлік, тыныштық орнайтын болады. 

Мейрам күндері — күнәлардың кешірілуінің мүмкіндігі, жүректердің мейірімділікке толатын кезі. 

Мейрам күндері біз ешкімді ренжітпеуге, біреудің көңілін қалдырмауға әрі үнемі күлімсіреп жүреміз. Ораза айт мейрамы Алла Тағала разылығына кенелуге зор мүмкіндік беретін кез. Алайда Рамазан айын лайықты өткізген жандар ғана бұл мейрамның қадір-қасиетін толыққанды түсіне алады. 

Естеріңізде болсын, жұма – бір аптаның мейрамы болса, Ораза айт пен Құрбан айт — бір жылдың мейрамы...
Все новости