|    |  
23 наурыз 2019
09:39
Шаш типін қалай анықтау керек?
04 қаңтар 2019, 11:17 6


Шашқа тиісті күтім жасау үшін оның типін біліп алу маңызды. Шаш құрылымына зиян келтіріп алмас үшін сусабын мен маскаларды шаштың типіне байланысты таңдау қажет.

Шашыңыздың типін білу үшін оны біраз уақыт бақылауда ұстасаңыз жеткілікті, ал егер қандай тип екенін білу қиындық тудырса, мақаланың соңғы жағындағы кестеден нақтылай аласыз.

Шаштың қалыпты, құрғақ, майлы және аралас (түбі майлы, ұшы құрғақ) типтері болады. Сонымен қатар шашты жұқа және қалың, әлсіреген және сау деп бөледі. Алайда шаш типі денсаулыққа, климат, күтімге байланысты өзгеруі мүмкін.

Әр типтің өзінің кемшіліктері мен артықшылықтары бар. Мысалы, майлы шаш жылтырап, сау көрінеді (біршама уақыт) және қартаюға төтеп бере алатын қасиеті бар. Шаштың майлылығы бас терісінің майлылық деңгейіне және май бездерінің белсенділігіне, сонымен қатар тамақтану құрамына байланысты – тәттілер құрамындағы көмірсулар, сонымен қатар майлы, қуырылған, ащы тағамдар мен фастфуд тері мен шаштың майлануына зор әсер етеді.

Құрғақ шаш жиі жууды талап етпейді, өйткені ұзақ уақыт майланбайды және кірленгені біліне бермейді. Құрғақ шаштың кемшілігі, көмескі және жансыз көрінеді, ұштары ұштанады, қатты шатасады және жұлынады. Құрғақ ұсақ қайызғақтар пайда болуы мүмкін. Көбіне құрғақ шаш дұрыс күтім көрмегеннен немесе шаш бояу, химиялық бұйралау, түзеткішпен түзеу, фенмен кептіру сияқты процедураларды жиі жасаудан құрғайды. Табиғатынан құрғақ шаш өте сирек.

Аралас тип көбіне ұзын шашқа тән. Ұзын шаштың түбі майланып, ал ұшына май жетпей жатады, сондықтан олар құрғап, ұштанады.

Әлсіреген шаш – ұстағанға бұдыр, борпақ, серпінділігі мен жылтырынан айырылған болады.

Төменде ұсынылып отырған кесте арқылы шашыңыздың типін біле аласыз, бірақ тек егер шашыңыз сау, зақымданбаған және әлсіремеген болса. Өйткені шашқа зақым келтіретін түрлі факторлар мен косметикалық процедуралар шаш құрамының қатты өзгеруіне әкеледі. Ал, мысалы, жұқа шаш құрғақ болсын, майлы болсын көп түседі және ұштанады, ал қалың шашқа – кейде ештеңе әсер етпейді.

Шаштың типін анықтайтын кесте:

Үйде жасалатын негізгі күтім:

Қалыпты шаш үшін. Қалыпты шашқа арналған сусабынды аптасына 2-3 рет пайдаланыңыз немесе көбіне қажеттілік үшін бальзам немесе маскалар жағып тұрыңыз. Қаласаңыз – қалыпты шашқа арналған шашта ұзақ сақталатын күтім құралдарын пайдаланыңыз. Шаштараздық процедураларға тыйым салынбаған.

Майлы шаш үшін. Шашыңызды күнделікті немесе екі күнде бір рет жұмсақ сусабынмен жуыңыз. Аптасына бір рет шашты түбінен тазалауға арналған сусабынмен жуыңыз. Кейде майлы шашқа арналған маскаларды пайдалансаңыз болады, бірақ шамадан тыс пайдалануға және силикондардан абай болуға шақырамыз. Қалауыңыз бойынша шаштың ұшына арналған құралдарды пайдалануға болады. Тағам құрамындағы көмірсуларды, майлы, қуырылған тәтті, ащы, тұздалып кептірілген тағамдарды азайтыңыз. Таза суды жиі ішіңіз.

Құрғақ шаш үшін. Құрғақ шашқа өте құнтты күтім қажет. 5-6 күнде бір рет басыңызды құрамында силиконы жоқ, құрғақ шашқа арналған ылғалдандыратын сусабынмен жуыңыз. Мұндай шашты бояп немесе химиялық бұйралау жасатпаған жөн. Егер шашыңыз бояғаннан, түзеткеннен, химиялық бұйралаудан құрғап кетсе құрамында силиконы бар күтім құралдарын пайдалануға болады. Шашты жиі ылғалдандырып отыру үшін ұзақ сақталатын ылғалдандырғыш құралдарды жиі пайдаланыңыз. 1-2 айда бір рет ұшын қиып тұрыңыз.

Аралас типтегі шаш үшін. Шашыңызды аптасына 2-3 рет аралас немесе қалыпты шашқа арналған сусабындармен жуыңыз, бальзамдар мен маскалар пайдаланыңыз. Егер шашыңыз боялмаған, түссіздендірілмеген, бұйраланбаған болса силиконы бар құрылғыларды пайдаланбауға тырысыңыз. Шаштың ұшына ұзақ сақталатын ылғалдандырғыш құралдарды жаққан дұрыс. Шаштың ұшын жиі қиып тұрыңыз.
Все новости