|    |  
26 наурыз 2019
23:18
Сіз неге үндемейсіз? Психологтан 5 жауап
20 желтоқсан 2018, 09:40 5


Әңгіме арасында ыңғайсыз үнсіздікке қалатын кездеріміз болады. Мысалы, достарыңызбен демалысқа барғанда, жаңадан қосылған қыз-жігіттердің арасынан біреуді ұнаттыңыз делік. Ұнатқан қызыңызға/жігітке не айтарыңызды білмей, қысылып жүресіз. 

Сол сияқты өмірде әртүрлі жағдай болып тұрады. Үнсіздіктің орын алуы себебі неде? Және ол біздің ішкі жан дүниеміз бен қоғаммен қарым-қатынасымызға қалай әсер етеді? 

Неге адамдар үндемейді? Бұл сұрақтың жауабы 5 қағидаға негізделген: 

Адам не айтарын білмейді 

Сіздің сұрағыңызды түсінбесе не қалай дұрыс жауап беру керектігін білмесе, ол үнсіз қалады. Қай-қайдағыны айтып, адастырғанша үнсіз қалуды жөн көреді. 

Жағдайды қалай түзеу керектігін білмейді 

Белгілі бір жағдайдың шешімін таба алмай, тығырықтан шығудың амалын білмегендіктен туындайтын үнсіздік. Әдетте қате шешім айтудан, қате нұсқа ұсынудан жүрексінетін адамдар осындай жағдайға тап болады. Батылырақ болыңыз. 

Оны тыңдамайды 

Ортаға пікір салып, өз үлесін қосқысы келген уақытта оны тыңдамай, елемей жататын адамдар болады. Мұндай жағдайда ол қапаланып, көңілі қалып, ендігәрі сөйлемейтіндей болады. Бұл да мінездің бір қыры. 

Шаршады 

Адамдардың үндемеуінің тағы бір себебі – шаршауында. Ауыр күннен кейін кез келген адам эмоционалдық тұрғыда өзін өте шаршаңқы сезінеді. Тіпті ең жақын адамымен де сөйлей алмайтын, тілдесе алмайтын жағдайда болады. Осындай кезде адамды жайына қалдырып, демалуға мүмкіндік беру керек. Ал "сен мені сүйесің бе?", "бүгін күнің қалай өтті?", "кешкі асқа барамыз деп уәде етіп едің ғой" деген сөздермен мазасын алмаңыз. 

Сөзді қажет етпейтін кездер болады 

Жақындарыңа қолдау көрсетіп, моральдық көмек беруге кейде сөздің қажеті болмайды. Себебі біраз жағдайдың алдын алып үлгермегендіктен, оны шешу де әзірше қиын болғандықтан, үнсіз қолдап, көмектесе білуіңіз керек. 

Әр адам жеке тұлға. Үнсіздік қандай адамдарға тән? Тұйықтау, сабырлы, байсалды, салмақты, қаталдау мінезді адамдарға тән. Бірақ осы аталған 5 мінез қыры 5 түрлі адамға тән болары анық. 

Бірі тым ұялшақ болса, бірі өз пікірін айтуға жүрексінетін болады. Ондай адамдармен тілдесу амалын тауып, артық сұрақ қоймау керек. 

Өз пікірі, ойымен бөлісу – психологиялық денсаулықтың негізі екенін ұмытпағайсыз. Ешкім сіздің ойыңызды "оқи" алмайды, сондықтан оны айта біліңіз. Сонда ғана қоғаммен қарым-қатынасыңыз жақсара түседі. 
Все новости