|    |  
22 ақпан 2020
05:02
Танымал тележүргізуші тоқалдар мәселесін талқыға салды
21 қыркүйек 2017, 16:37 95
Белгілі тележурналист Жанат Бақыт қазір қоғамда кең талқыланып жүрген тоқалдар мәселесіне тоқталды. Журнлист жан-жақты ойын желідегі парақшасына жазған. Журналистің бұл жазбасы желіде қызу дау тудырып жатыр. Көпшіліктің кең талқысына түскен көлемді жазбаны қаз-қалпында назарларыңызға ұсынамыз.


 
"Екі әйелі бар екен!" "Тоқалымен тұрады!" "Жап-жас, уыздай 18-дегі қыз алып алыпты!" Осындай тіркесті естігенде кез келген еркегің қу түлкідей жылмың ете қалады. "Мәләдесс, әй, жігіт!" дейді. Бірақ еркегіңнің де, әйеліңнің де "Ойбу, бірінші әйелі қалай екен? Қандай күйде екен?" деп жанашырлық білдірмейді, сұрамайды да. Сұрағанды кездестірмедім. Былайша айтқанда бірінші қатынның не ойлайтыны бәрібір.
 
Маска киіп қайтеміз, қазір сәл ақшасы бар кез келгенінің екінші қатыны бар. Министр болғандары үшіншісі мен төртіншісін алып отыр. Мә, керек болса. Айналамда ондайлар толып жүр, туысымда да, танысымда да. Сонда біреуінің бірінші қатынның не ойлап, қандай сезімде жүргенін сұрағанын көрмеппін. Тоқал алу - бұл бір заңды дүние сияқты боп кетті. "Әйелдің қақысы жоқ, еркектің xақысы бар, ата-бабамыз солай еткен!" деп саусақтарын шошайтады! Әрине алған, ол кезде де бәйбіше бейшараның не ойлап, қандай күйде жүргенін түсінген адам бар дейсің бе? Қай заманда да бәрібір.
 
Білесіз бе, адамның ойы ол сиқырлы таяқ сияқты. Сенің ойың - Көшбасшы, соның бағыт-бағдар беруімен өмірдегі жолың, тәнің, жаның, денсаулығың, бәрі-бәрі жұмыс жасайды. Кек, реніш, наз - ол денсаулықтың бірінші жауы.
Күйеуің екінші қатын алды делік, өмірдегі барың, нарың, тірегің, арқа сүйерің басқа әйел алды. Бар жылуын соған сыйлап, әдемі сөздерді соған арнайды, соның қасына мұнтаздай таза боп жатады, шетелге барады, қымбат дүниенің бәрін соған әпереді. Ал сен-балаларының ғана емес, оның АНАСЫНА айналғандайсың. Сенімен тек отбасының қаржылық жағдайы, құрылысы, балалардың киім-жарағы туралы ғана сөйлеседі. Бітті. Басқа әңгіме жоқ. Гүлді суарсаң жайнайды, суармаса өліп қалады ғой, солай солып қалдың аяқ асты. Қиын ба? Қиын. Но солай болды. Өмір сені сынап тұр. Қайтесің? 
 
"Әдемілен, тоқалды жең, күйеуіңді қайта қарат" деген қырт-сырт ақылдар бар емес пе, оны істесең де дым шықпайды. Сұлу боп жүрсең, әрі кетсе қасыңа бір жатар, ертесі бәрібір кетеді со қатынға. Сендегі іште домалақ боп қатып қалған кек асқынады, ол өсе бастайды. Бүкіл он екі мүшеңе тарайды. Ол өшпенділікке ұласады. А білесіз бе, ол бір күні рак сияқты ауру боп тесіп шығады. Қартайып кетесің. Семіріп кетесің.
 
Буын-буын, бүкіл денеңе ана реніш, өкпе, өшпенділік жаулап, сені қозғалтпай, ақыры құлатып тынады. Оны жеңу үшін өмірі ішпеген арақ ішесің. Домалап «позор» боп жатасың кафеде. Өзіңді бір «тряпка» сезіне бастайсың. Сол жақсы ма? Францияға барып домала, Стамбулға барып домала, сенің миыңда, ішіңде реніш, кек тұрған соң, қайда барсаң да жазылмайды ол. Бұның бәрі-тығырықтан шығар жол емес.
 
Роддомда танысқан бір келіншек бар еді, кейін жақсы араласып кеттік. Соның папасының екі әйелі бар еді. "Екінші әйелімен тұрады, балалары да бар. Мамам біздікінде тұрады" деп әңгімелейтін. Мамасы момын кісі екені көрініп тұр, роддомға келгенде байқағам. Бірақ көзі мұңды, бүкшиіңкіретін жүретін. Ал әкесі өмірі бастық болған, өр, ешкімді бетіне қаратпайтын кісі екені жүрісінен-ақ көрініп тұрды. Жас қатын алған соң ба, жас көрінді. "Анам сондай инабатты, баяғының адамы ғой. Не болса да ішінде. Әкем жас әйеліне коттедж салып беріп, соған кеткенде де қарғанбады, бір жаман сөз айтпады" дейтін. Жақында көрдім. Анасы рактан көз жұмыпты... Және жаман ауру асқазанға барып түскен. Меніңше білдірмегенмен, ол кісі іштей қатты қиналып жүрді. Енді оңай ма, туған байын басқа қатынның астына салып беру?
 
Менің ойымша ондай жағдайдан негізі шығар жол, ең дұрыс шешім-қиын болса да, кешіру. Жәй сөзбен емес, себебі сенің кешіріп-кешірмегенің жұртқа бес тиын. Оңашада отырып, бүкіл он екі мүшеңмен сезіне, Құдайға жалбарына өзіңді, және ана екеуін кешіру. Алла Тағаладан оларды кешіріп, мүлде ұмытып, өзіңді жақсы көруге күш сұрау. Сонда ғана жүректі арам шөптей жаулап алған өшпенділік, кек, жеккөрушілік сезімнен босатасың. Әйелдегі кек білесіз бе қандай болады, қызғаныштың қызыл иті қапқанда, бір құрбым мылтық әкеп күйеуі мен тоқалын ата жаздаған. Ол сол кезде өз-өзін жеп қойғаны сонша, денсаулықты айтпағанда, бастан кете жаздады. Өз-өзінен күбірлеп отыратын... Өткенді өкірсең де, қазір тырнағыңды қысқашпен қайырып жұлсаң да қайтармайсың. Өтті, бітті. Есесіне өткен күнге деген көзқарасты бүгін өзгертуге болады. Күйеу кетсе кетсін. Алла Тағала сені біреуге ренжіп, сосын ауырып, өміріңді мусор қылсын деп жаратпады ғой?»-дейді Жанат ханым.
 
 Дереккөз: Reactor
Все новости