|    |  
24 наурыз 2019
11:52
​Түрмеде туған туындылар
28 қаңтар 2019, 09:47 3


Ой еркіндігі мен сөз еркіндігі берілген заманда өмір сүру қаламгерлердің өмірін жеңілдететін сияқты. «Айтарын ашып айтқан абайламай, Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай» деген жыр жолдары осындайда айтылса керек.
Сөз – қару! Оны оңды-солды қолдануға болмайды. Жақыныңды жаралап алуың да ықтимал. Қай кезеңде де, қай елде де, хан демей, қара демей ойыңдағысын ашып айтатындар болған, әлі де бар. Олар – қалам ұстағандар. Қаламның киесі болады. Тек ақиқатты жазу – қаламгердің міндеті. Ақиқаттың ақ жолында басын тауға да, тасқа да соққандар біздің әдеби тарихымызда да көптеп кездеседі. Ол жайлы алдағы уақытта зерделейміз. Ал бүгін әлем әдебиетінен тар қапаста жатса да оқырманына арнап, өшпес мұра қалдырған жазушылардың бір парасын ұсынып отырмыз.

ДОН КИХОТ

Мигель де Сервантес Испанияда салық комитетіне мемлекеттік қызметкер болып орналасады. Жазушы 1594 жылы жиналған салықты өзінің орынбасарына сеніп тапсырады. Көп ұзамай тақырға отырғызған көмекшісінің кесірінен екеуін де «қазына қаражатына қол салды» деп айыптайды. Үлкен-үлкен 130 кемені сатып алатындай ақша жоғалғаны дәлелденген. Сөйтіп, испан әдебиетінің генийін 3 айға түрмеге жабады. Алғашында аз мерзім берілгенімен, 1602 жылы мемлекет «Салық ісі» заңнамасына өзгертулер енгізуіне байланысты, Сервантес ақшаны оңды-солды шашқан деп айыпталып, жазықсыздан-жазықсыз біраз жылын қапаста өткізеді. Ол түрмеде әйгілі «Дон Кихотын» жазуды бастайды және бұл шығарма араға екі жыл салып, 1604 жылы жарық көрген. Автор туындысына арқау болған басты кейіпкер Дон Кихот бейнесін түрмеден өзге жерде елестете алмағанын мойындайды. Яғни, қараңғыдағы түрлі дыбыстар мен қапастан қашып шыға алмау қоғамынан безген Дон Кихот образын айқындауға септігін тигізсе керек. Бір жамандықтың артында бір жақсылық тұрады. Сервантестің түрмеде жатып, бірер жыл жазған туындысы сан ғасыр өтсе де ұмытыла қоймас. Себебі, Дон Кихоттар әлі де бар!

«ӨЛІ ҮЙДЕН ХАТ»

1849 жылдың сәуірінде Федор Достоевский М.Петрашевтің құпия ұйымының құрамында болғаны үшін айыпталады. Ұйымның мақсаты – түрлі көтерілістер мен төңкеріс жасау. 8 айға созылған тексеріс аяқталғанша Достоевскийді жасырын үйде қамап ұстайды. Сол жылдың қарашасында жазушымен бірге қамауға алынғандардың бастарына қап кигізіп, қабырғаға жақындатып, теріс қаратып қояды. Бәрін атпақ болған жазалаушыларға соңғы сәтте хабар келеді. Неліктен екені беймәлім, I Николай патша жазаланушыларды жер аударуға бұйырады. Сөйтіп, жазушы оқтан аман қалып, 1854 жылы бас бостандығын алады. Федор Достоевскийдің өмірбаянынан байқауымша, ол түрмеде күнделік жазған және сол қойындәптері «Өлі үйден хат» туындысына арқау болған екен.

ДОРИАН ГРЕЙДІҢ ПОРТРЕТІ

Оскар Уайльдты 1895 жылдың мамырында айыпты деп танып, «Дориан Грейдің портреті» атты ерекше иірімдері бар туындысы үшін екі жылға қатаң жазаға кеседі. Уайльдпен жолыққан қаламгер досының естелігінде: «Оның қолы қара күс және үсті-басы адам көргісіз, кір-қожалақ еді. Оны осылай қорлауға бола ма?!» – деп жазған. Жазушы түрмеде әр сәтін босқа өткізбей, 1896 жылы өз елінің жастарына арнап хат жазып, жастарды білімге құштар болуға үндейді. Темір тордан шыққан соң Оскар Уайльдтың «Рединг түрмесіндегі баллада» деп аталатын туындысы жарық көреді. Онда жазушының түрмедегі өмірі басқа адамның атынан суреттеледі.

О’ГЕНРИ

О’Генри жазушылық жолға түспес бұрын банкте кассир болған. Оның шын аты − Уильям Портер. 1895 жылы О’Генриге «1150 долларды жымқырған» деп жала жабады. Бірақ, оның айыпты, айыпты емес екенін ешкім дәлелдей алмады. Өзінің еш кінәсі жоқ екенін білетін О’Генри психологиялық қысымға шыдай алмады. Жазушы Гондурасқа, сосын Мексикаға бас сауғалайды. 1898 жылы ұсталған Генри «Колумбус» түрмесінде үш жылдай өмірін өткізеді. Сол аралықта Портер 14 көлемді әңгіме жазады. Алайда, туындыларын өз атымен жариялау мүмкін болмағандықтан, бүркеншік ат ойлап тауып, солай жарық көреді. Бүгінде О’Генри есімі әлем әдебиеті жауһарларының қатарында.

«АЛДЫҢҒЫ ШЕПТЕГІ»

Александр Солженицын әскерде жүріп досымен хат алмасып отырған. Хаттарының мазмұны мемлекетке қарсы деп танылып, 1945 жылдың ақпанынан бастап төрт айдай қатаң тергеуде болған жазушы ақыры 8 жылға бас бостандығынан айырылады. «Алдыңғы шепте» атты әңгімесін сол аралықта жазады. Александр Солженицынды «Жаңа Иерусалим» атты азаптау лагерінде ұстап, 1945 жылы Мәскеуге жер аударады. Сезімтал Солженицынның әйгілі туындыларының барлығы дерлік түрмеде жазылған деген дерек көп.

Дереккөзі: "ПТ" топтамасы 
Все новости