|    |  
12 желтоқсан 2018
23:53
"Жаман боладының" мәні
16 қараша, 14:55 68


Қазақы наным-түсінік оның тұрмыс-тіршілігі мен өмір-салтымен етене байланысып жатыр. Бүгін назарларыңызға ата-аналарымыз бен ауылдың үлкен ақсақалдары үнемі айта беретін «Жаман болады» жайлы ұсынбақпыз. «Жаман боладының» астарында не жатқанын білгіңіз келсе, назар аударыңыз. 

* Белді таянбайды. Себебі жақын адамы қайтыс болғанда жоқтау айтып жылаған әйел ғана белін таянады. 

* Жер таянып отырмайды. Жақынынан айрылған адам ғана жер таянады. 

* Бетті басуға болмайды. Қайғы-қасіреттен қажыған адам ғана бетін басады. 

* Қолды тарақтауға, артқа қусырып жүруге болмайды. Бұл- қолы байланған тұтқынды еске салатын жаман ырым. 

* Белді босқа буынбайды. Өмірінде перзент көрмеген адам ғана белін босқа буынады. 

* Тізені, табанды тартуға болмайды. Ауруға шалдыққанда ғана тізе мен табанды тартады. 

* Жақты таянбайды. Қайғы-қасіреттен әбден жалыққан адам ғана жағын таянып демеу етеді. 

* Тізені құшақтамайды. Бұл- «ұрпақсыз қалдым», «қу тіземнен басқа құшақтар қалмады» деген жаман ырымды білдіреді. 

* Жуған қолды сілкісе, ырыс-несібе кетеді. 

* Адамға қаратып қолды шошайту әдепсіздік болады. 

* Саусақты, қолды орынсыз ауызға салуға болмайды. Бұл да әдепсіздік белгісі. 

* Екі қолды төбеге қойып отыруға болмайды. Басына қайғы-қасірет түскен адам ғана екі қолын төбесіне қойып отырады. 

* Аяқ-қолды жіппен байлауға болмайды. Себебі бұл қол-аяғы байланған тұтқынды еске салады. 

* Басты шайқауға, тісті қайрай беруге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана осылай істейді. 

* Таңдай қағуға болмайды. Үй ішінде таңдай қаға беру-жаманшылық (өлім-жітім) шақыру белгісі. 

* Біреуге қарап ерін шығаруға, үлкен адам алдында аяқты созып отыруға, адамға қарап түшкіруге, үлкен кісінің жолын кесіп өтуге болмайды. Бұл қылықтардың бәрі әдепсіздік болып саналады. 

* Кісіге қарап бейберекет күлуге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана бейберекет күле береді. 

* Адамға қарап керілмейді, бұл да әдепсіздік болып саналады. 

* Жатқан кісінің үстінен аттамайды. 

* Ішекті тартуға болмайды. Жаманшылық шақыру белгісі болып саналады. 

* Тырнақты тістесе, ырыс-несібе кетеді. 

* Тырнақ пен бастың шашын бейсенбі мен жұмадан басқа күнде алады. 

* Сейсенбі күні үлкен жұмысқа кіріспейді. Жаңа мекенге көшпейді, жолға шықпайды, тіпті малды да санамайды. Түнгі қонаққа мал сойылмайды. Қазақ халқында сәрсенбі сәтті күн есептеледі. Сондықтан барлық істі сәрсенбі күні бастайды. 

* Түнде айнаға қарамайды. Адам түнде айнаға қараса, қатты шошынуы мүмкін. 

* Итті, мысықты тебуге болмайды. Өйткені әрбір жан-жануардың киесі болады. 

* Ер адам төрге қарап жүрелеп отырмайды. Өйткені ол қырық адамның жолын бөгейді. Егер әйел жүрелеп отырса, онда қырық адамның жолын оңғарады. 

* Ауылға атпен шауып келуге, жүгіріп үйге кіруге болмайды. Бұл адам шығынының жаман хабары деген жаман ырымға саналады. Егер сүйінші хабар болса, шауып келуге болады, бірақ «сүйінші!» деп айғайлап келу керек. 

* Қайғылы, қазалы хабарды естірткенде немесе жаназаға шақырғанда атпен шауып келіп, шеткі үйге ғана хабарлайды. Ол үйдің иесі басқаларға хабарлауға тиіс. 

* Кісі ақысын жеуге болмайды. Кісі ақысын жеген адам о дүниеге барғанда тозаққа барады. 

* Жақын адамға мысық берсе, аралары суып кетеді. 

* Құлаған үйдің, мал қораның ішінде адам дәретке отырмайды, киесі ұрады. 

* Тырнақ пен шашты баспайды, отқа тастамайды, оларды адам баспайтын жерге көмеді. 

* Кірдің суын басуға болмайды. Жаманшылық кірдің суымен кетеді. Оны басу сол жаманшылықты үйге әкелумен бірдей. 

* Басты маңдайдан бастап жуады. Өйткені жақсылықтың бәрі адам маңдайына жазылады. 

* Бейіт тұсынан шауып өтуге, бейітке қарап қолды шошайтуға, оған қарап түзге отыруға болмайды. Бұл - қайғы-қасірет шақыратын жаман ырым. 

* Таяққа сүйенуге болмайды. Өйткені жақыны қайтыс болған ер адам ғана таяққа сүйенген. 

* Дәретханаға кіргенде сөйлеуге, күлуге болмайды. Дәретханаға сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу керек. Бойымдағы ауыртпалық дәретханада қалсын деп, сол аяқпен, жақсылықтың бәрі алдымнан шықсын деп оң аяқпен шығу керек. 

* Түнде суға бармайды. Барған күндеде «Су иесі Сүлеймен, су алуға рұқсат бер» деп суға үш рет кесек лақтырып барып алған жөн.

Дереккөзі: "ПТ" топтамасынан 
Все новости