|    |  
17 ақпан 2020
08:19
Жасыңызға сәйкес тамақтаныңыз
22 қаңтар 2020, 15:48 67


Адам қай жаста болмасын дұрыс тамақтана білуі – мықты денсаулық кепілі. Дәрігерлер де әр жаста дұрыс тамақтанудың өз тәртібі мен әдебі бар екенін айтады. Әсіресе, қартайғанда тоя тамақтану, ащы, тәтті тағамдарды көп пайдалану, қара шай, қою кофе, спиртті ішімдіктерді ішу өте зиян. Ал керісінше, жасыңызға сәйкес дұрыс демалып, тамақтанып, күтіне білсеңіз және өзгелерге жақсылық жасап, өкпе, ренішсіз тату-тәтті өмір сүрсеңіз, ол сізді жасарта түседі. Адамдардың ерте қартаюы немесе егде тартқан кезінде өзін жас, сергек сезінуі өмір салтына тығыз байланысты. Мамандардың ақыл-кеңесіне назар аударайық.

20-30 жастан кейін

Бұл адам өміріндегі ең белсенді кезең. Биік мақсат-мүддеге жету үшін адамзат тыным таппайды. Олардың қалай тамақтану, не ішіп-жеу туралы ойланып-толғануына уақыты бола бермейді. Жүріп келе жатып тамақтану, жартылай фабрикаттарды тұтыну осы кезде көп кездеседі. Алайда дәл осы жас аралығында әрбір адам дұрыс тамақтану тәртібіне аса көңіл бөлгені жөн. Үйде әзірленген тағамды тұтынса тіпті жақсы және де күн сайын көкөністер, жеміс-жидектер жеп, майлы тағамдардан бас тарту қажет. Бұл жаста жүрек дертіне шалдығу қаупі күшті болатындықтан, майлы тағамдар өте зиян.

40 жастан кейін

Дәл осы жастан бастап адам ағзасында қартаю процесі жүреді. Алғашқы ақ шаш және бетке әжім түседі. Сыртқы келбетте осындай өзгерістер болып жатқанында, ішкі ағза да қартаюға бейімделеді. Зат алмасу процесі баяулап, май қабаттары өседі және бұлшықет жұмысында өзгерістер пайда болып, денеге артық салмақ қосылады. Салмақ артуы байқалысымен-ақ, тамақтану тәртібін өзгертіп, реттеу аса маңызды. Осы кезде пайдасы аз азық-түліктер мен калориясы жоғары тағамдарды тұтынуды азайтыңыз. Керісінше, құрамы дәруменге бай жеміс-жидектерді, көкөністерді, теңіз өнімдерін көбірек тұтыныңыз. Осы тәріздес тағамдар арқылы ағзаны қажетті минералдармен, дәрумендермен қамтамасыз ете аласыз. Ең басты ескерте кететін жайт, 40 жастан асқан соң спирттік ішімдіктерден бас тартып, темекі шегуді доғарыңыз. Міндетті түрде спортпен шұғылдануды бастаңыз.

50 жастан кейін

Кез келген дені сау адам осы жасында артық салмақ қосуға бейім. Артық салмақ кесірінен диабет, жүрек, қан-тамыр және қатерлі ісік ауруларының пайда болу қаупі күшті. Ал одан құтылудың ең тиімді жолы – дұрыс тамақтану. Олай болса, толыққанды майлы және қышқыл тағамдардың әсері жүрек пен қан жолдарына зардап келтіретінін ешқашан естен шығармаған жөн. Ет, шұжық, сүт-айраннан жасалған өнімдер және түрлі тәтті пісірмелерді мөлшермен ғана тұтынған абзал. Оларды мүлдем аузыңызға алмаңыз демейміз, тек шектен тыс асыра пайдаланбаңыз. Яғни, бұл тағамдарды біртіндеп шектеп, ем-дәмге ауысқан өте пайдалы. Ет жегенде майы аз түрлерін таңдаңыз және жұмыртқа жеуді барынша азайтыңыз. 50 жастан асқан соң балық жеген дұрыс. Балықты аптасына екі рет тұтыныңыз. Осы жастағы әйелдер қауымында климакс басталатыны, сүйектеріндегі талшықтар әлсірейтіні белгілі. Сүйекті нығайту үшін құрамы кальцийге бай сүт, йогурт, ірімшік, сүзбе, қызылша және жаңғақты ас мәзірінде көбірек тұтынған абзал. 50 жастан асқан соң таза ауада көп серуендеп, теңіз өнімдерін тиісінше көбірек тұтынған жөн.

60-70 жастан кейін

Осы жасқа дейін дұрыс тамақтанып келген адамның қарттық туралы ойлануына ерте. Алпыс жасында көп адамдар өте белсенді және еңбекқор, күш-қуаты мықты болып келеді. Көп ашуланбау, жүйкесін сақтау, салауатты өмір салтын ұстану көп көмектеседі. Бұл жаста да адамдар дене шынықтырудан, спорттан және күш түсірмес қол еңбегінен қашпауға тиісті. Табиғатта жиі серуендеп, балық аулап, суда жүзген көп пайдалы. Алпыстан асқан соң Д дәрумені, кальций, фолий қышқылы азаяды, содан остеопороз, атероклероз дертіне шалдығу қаупі күшейеді. Ми жұмыс істемесе тоза бастайды және ол барлық ағзаға кері әсерін тигізеді. Сол себепті жазу, ойлау, оқу тәрізді жұмыстардан бас тартпаңыз. Бұл кезде жемістер мен көкөністерді көбірек жеп, шөлдемесе де су ішіп, ағзаны қажетті сұйықтықпен (кемінде 1 литр) қамтамасыз етіп отырған жөн. Ең бастысы адам «алпыстан астым, қартайдым» деп ойламауы, қарттықты мойындамауы тиіс. Бұл жастан асқан соң үй ішінің тірлігін біржолата балаларына тапсырып, жақсы дем алып, мәдени, көңілді тынығуды және жылына бір рет демалыс орталықтарына барып денсаулығын тексертіп, қажетті емдерді қабылдап отырған жөн.

Сөз соңында айтарымыз, қай жаста болмасын өзіңізді бағалап, денсаулығыңызға көп көңіл бөліңіз. Бұл өмір адам баласына екі рет берілмейді, соны естен шығармаңыз.
Все новости